12.06.2022
  110


Автор: Қайырды Назырбаев

БІЗДІҢ ҮЙ БҰҚТЫРМАНЫҢ ЖАҒАСЫНДА

Ауыл отыр өзеннің сағасында,
Біздің үй Бұқтырманың жағасында.
Балалық, балғын шағым өткен менің,
Алтайдың бауырында, тап осында.
Бұлқынып, буырқанып жатса да ағып,
Қуанам қармағымды қапса балық.
Шіркін-ай, жазды күні жағалауда,
Рахат! Қыздырынып жатса барып.
Тау суы бірде тасып, бір тұнады,
Дөңбекшіп, жарды теуіп, құлшынады.
Ғажап қой толқындардың көбік шашып,
Тастан-тасқа соғылып ыршығаны.
Көктемде, жаздадағы, қара күзде,
Су бойы сан өзгеріп, болады өзге.
Жағада суға түсіп, шабақ аулап,
Жатушы ек күні бойы бала кезде.
Достарым – Сәбетханым, Әуелбегім,
Сендерге кішкентайдан тәуелді едім.
От жағып, балық қақтап, көкке шығып,
Ойынды қыздыратын және өздерің.
Сол күндер өтіп кетті-ау жылғаланып,
Суындай Бұқтырманың тулап ағып.
Кешқұрым жағадағы жар үстінде,
Өткенді еске ап, отырмыз сырға қанып.
Қайран бала достар-ай аңқылдаған,
Ағарып сақал-шашы қалтылдаған.
Бірді айтып, бірге кетіп отыратын,
Үшеуміз үш шал боппыз қауқылдаған...
...Ол кезді іздегенмен табасың ба?
Біздің үй Бұқтырманың жағасында.
Балалық, балғын шағым өткен менің,
Алтайдың бауырында, тап осында.





Пікір жазу