ДОСТЫ САҒЫНУ немесе ЖАЛҒЫЗДЫҚ
(Тұрлығазы Сабырбайұлының рухына)
Астананың ақ түтек боранында,
Молдалар ақ кебінге орады да,
Жерледік сені апарып, жатырсың сен
Астрахан зираты – жоғарыда.
Қара жерде жалыны сөнген денең,
Тұрмын қарап, кете алмай көмген жерден.
Үн жоқ, түн жоқ, тым-тырыс қала бердің,
Апырмай, осы екен ғой өлген деген.
Томпайған топырағыңа қарай-қарай,
Қалың жұрт қайтып жатыр қарайламай.
Кешегі бірге жүрген шағымызды,
Тұреке-ау, ұмытамын, қалай-қалай.
Дос болып, бірге өткізген күнді санап,
Қия алмай, қабіріңе тұрмын қарап.
Қасымда біразырақ жүре тұрмай,
Тұреке-ау, неге асықтың таппай тағат.
Мезгілсіз, уақыт жетпей батар ма күн,
Фәниеде таусылды ма татар дәмің?
«Ойда жоқ, ойламаған іс болды-ау» деп,
Келді әне сені жоқтап қатарларың.
Көз сүзіп, қарауға да жетпес төзім,
Қабірде қала бердің жалғыз өзің.
«Қимас дос, топырағың торқа болсын»,
Дедім мен, жасқа толып екі көзім.
Тілегім Періштенің қанатында:
«Жай тапсын жаның пейіш жаннатында».
Мен үшін мынау дүние бос қалғандай,
Білмеймін, нанбайсың ба, нанасың ба?
Сыпырып сырдың терең бар қабатын,
Жан едің сеніп шерді тарқататын.
Ақ көңіл, аяулы дос, жоқсың енді,
«Кел, кел!» деп жайраң қағып қарсы алатын.
Төрт айлық құрмет тұтып жасыңды үлкен,
«Көке!» деп еркелеуші ем бұрын көрсем.
Құрдасың, сенісетін «дос таба алмай»,
Жалғыз өзім отырмын түсіп еңсем.
Шіркін, көңіл құлазып егіледі,
Қиын екен қатардың кемігені.
Шау тартқанда жалғыздық азап екен,
Басына түспегендер не біледі.
Алтайды талай бірге аралап ек,
Шау тартып, шалдыққанға қарамап ек.
Қалды артта жүрген ізің, шыққан тауың,
Көккөл мен Мұзтауды да жағалап ек.
Соны ойлап көңілді мұң торлай қалды,
Өмір ме, өмірің де оңбай қалды.
Қайда енді, дос боп өткен он төрт жылың,
Бәрі де бір күнгідей болмай қалды.
Әркімнен өмір өстіп өтпей ме екен,
Аққан судай білінбей кетпей ме екен?!
Әйелің, бала-шаға, туыс-туған,
Бірі де бір өзіңе жетпейді екен.
Өскен гүл, көктеген шөп солмағандай,
Білмеймін, құда-жегжат – ол да қандай?
Әрбірі өз бетімен жүріп жатыр,
Өмірде ештеңе де болмағандай.
Сұм ажал кезікті деп қайдан ғана,
Амалсыз долбарлайсың ойдан ғана.
Көтерді ауырлығын бұл қазаның,
Дәурені, Сабира мен Айжан ғана.
Көрдік қой көп туыстың келгенін де,
Достардың уақытын бөлгенін де.
Шіркін-ай, қайта тұрып кетпеген соң,
Келдің не, келмедің не?!
Далбаса, барлық тірлік бос екен ғой,
Өмірдің қатал заңы осы екен ғой.
Қапыда өткен жанның бәрі аяулы,
Шынында, ең қымбаты дос екен ғой.
Уақыт жазбас жара жоқ деуші еді,
Әр дерттің өз шипасы көп деуші еді.
Өмірден өткен жандар, кеткен жандар,
Жүрекке жара салмай кетпеуші еді.
Бардым іздеп «Елордаң» жабық тұрды,
Қайрекең жоқтығыңды анық білді.
Екеуміз отырған жер, кабинеттер,
Өзіңсіз мені ғана танып тұрды.
Тіл жоқ қой, таныса да, сөйлемеді,
«Босама, қой, Қайреке, қой» демеді.
Көзіме келіп қалған ащы жасым,
Еріксіз тітіркентті бой, денені.
Ішімнен бар дұғамды айтып-айтып,
Сол жерден, қимасам да шықтым тайқып.
Екеуіміз жүретұғын жол шетімен,
Үй жаққа бара жаттым жалғыз қайтып...