12.06.2022
  302


Автор: Қайырды Назырбаев

САҒЫНЫШ ХАТЫ

(Жауынгер толғанысы)
Қолыңды қыстым, жан сәулем, есен-саусың ба?
Елестеп кетті-ау әдемі нәзік даусың да.
Өзіңе арнап өлеңмен өріп жібердім,
Жан-жүрек жырын, сағыныш сырын ал, тыңда.
Сәлемімді алып бұл хатым барар алдыңа,
Күттің бе ұзақ, төзімің әбден талды ма?
Еріксіз бір сәт мұңды бір күйге шырмалып,
Сағыныш сазы бойыңды билеп алды ма?
Қайтейін, қалқам, қайғырып ұзақ күрсінбе,
Тыйылған шығар баяғы шексіз күлкің де.
Мен кеткен жаққа жаутаңдай қарап жүрсің бе?
Арманым менің келеді ғой деп бір күнде.
Көңіліңді тербеп жүз қуаныш, жүз үміт,
Біздің үй жаққа қарадың ба екен сүзіліп.
Көргенде сол бір біз кеген көше бойларын,
Мөп-мөлдір жастар түсті ме көзден үзіліп.
Өзенге барып, толқынның бәрін шулатып,
Әлдеқандай сыр шерттің бе тіл қатып.
Жаудырап көзің қолыңды көкке жайдың ба,
Қонар ма деп, қона алмай кеткен бір бақыт.
Сағыныш, мұңға амалсыз енді төздің бе,
Екеуіміз жүрген жерлерді ұзақ кездің бе?
Алыстап кеткен, алысқа кеткен күндердің,
Қинала жүріп, қадірін, жаным, сездің бе?
Сейілдеп жалғыз біз кезген жаққа бардың ба?
Түн бойы жүріп, талығып-шаршап, талдың ба?
Болмаса өзің бәрін де қойып, сәулешім,
Қас қарая-ақ амалсыз ұйықтап қалдың ба?
Жібектей шашың мойныңа менше оралып,
Салды ма еске күндерді қалған жоғалып.
Кім білсін, жаным, жадыңда әлі жүр ме екен,
Сүйісіп тұрып, айтысқан сөздер қол алып.
Кешірші күнім, көп айтып кетсем ұсақты,
Ұмыттың ба екен жалындай ыстық құшақты.
Албырттықпен аңғармай қалған екенбіз,
Сұрапыл сезім екеуімізді де тұсапты.
Шағылып айға жарқ етті ме екен ақ маңдай,
Наздандың ба екен, жанымда өзім жатқандай.
Сонау бір түнді, япырау, қалай ұмытам,
Болмап па едік бақытты мәңгі тапқандай.
Армандап едік өмірден бірге өтуді,
Қол ұстасып, дүниені кезіп кетуді.
Мәңгілік, бәлкім, армандап қана өтерміз,
Осылай, жаным, бір-бірімізге жетуді.
Үзіліп тұрып, үніміз бітіп тіл қаттық,
Жүректің сырын жүрекке шексіз тыңдаттық.
Аз бақыт неткен тәтті еді сонша, жаным-ау,
Күнменен шығып, күнменен бірге бір баттық.
Өмірдің асу, белдерінен өте алмай,
Болмаса мүлде күдерді үзіп кете алмай.
«Бақыт» дейтін керемет шыңның басына,
Шыныменен кетеміз бе жете алмай.
Қол ұстасып бір жүрген шақтар далада,
Бұл күннен ұзап алыста қалып бара ма?
Жастықтай жайсаң, бақытты күндер, шат күндер,
Жүректе мәңгі арман боп қана қала ма?!
Көңілің жүдеп қалды ма қазір күз – бейне,
Күні-түн жылап жүрегің мені іздей ме?
Кеш сайын шығып аспанға қарап жүрсің бе,
Баяғыша жұлдыздар көкте жүзбей ме?
Көздерің толы қуаныш па екен, мұң ба екен,
Көңілің толы мен білмей кеткен сыр ма екен.
Аспанның төсін жалықпай кезіп түн бойы,
Сонау бір жұлдыз екеуімізді іздеп жүр ме екен.
Жұлдыздар көктен құлаған кезде ағылып,
Қайтушы ек үйге ақ таңның нұрын жамылып.
О, шіркін, со бір шілденің қысқа түндерін,
Отырмын енді, отырмын бүгін сағынып.
Ауасын таңның кеудені кере сіміріп,
Жарысып ойнап кетуші ек бір кез жүгіріп.
Шалғында қос із қалатын еді жосылып,
Ойнаған болып құлайтын едік сүрініп.
Сан рет аунап, шалғынның төсін жапырып,
Толқынша тулап, сезімнің көлін сапырып.
Ауыл жаққа оралып келе жатар ек,
Таң атып әбден жатқанда тауық шақырып.
Ол шақтар қазір алыстап кетті-ау қиялдай,
Жабысып тұрып сүйісуші едік ұялмай.
Ұят пен намыс – бәрін де мүлдем ұмытып,
Бір-бірімізді тұратын едік қия алмай.
Күндағы онда кешігіп барып бататын,
Таңдағы онда асығып ерте ататын.
Кездерің қайда, мұңайып, шаршап келгенде,
Басыңды қойып тіземе менің жататын.
Қалтырап бойым, тоңсамдағы сыз өтіп,
Ұйқыңды сенің отырушы едім күзетіп.
Денеммен жауып, жаңбырдың суын тигізбей,
Шашыңнан сипап қоятын едім түзетіп.
Жүзетін ай да кей күні көкте шалқалап,
Көп жүруші едік арманның жүгін арқалап.
Дүниенің сонда шегі жоқ болып кететін,
Шақырып жолдар тұратын еді-ау сан тарап.
Ақтарып түгел жүректің сырын айтушы ек,
Жалықпай жүріп «Тұмаға» барып қайтушы ек.
Япырау, сонша уақыт та қатал екен-ау,
Сол күндер өтпей тұра тұрса қайтуші ед.
Сылдырлап келіп, бұлақ боп бір сыр басталып,
Жатушы едік жағада жарды жастанып.
Жақпады ма екен біздің сол жүріс оларға,
Толқындар үркіп қашатын кейін жасқанып.
Жататын ағып өзен де түкті сезбейтін,
«Жағам кең менің, келіңдер, қыдыр, кел» дейтін.
Қанша рет барсақ – сонша рет жаның егіліп,
Көз жасың сенің жаңбыр боп жауып селдейтін.
Кездерім қайда алдыңда күліп тұратын,
Жан сырыңды көздеріңнен ұғатын.
Өзіңді қалай деуді де білмей кеттім ғой,
Болдың ғой жұлдыз тек кеш сайын шығатын.
Жаттым ғой талай кеудеңе басты қойып мен,
Бал ерніңнен сүйсем де қанша тойып па ем.
Осынау жастық – бақытты өмір ішінде,
Бір сәт те болса осындай күйде болып па ең?
Көңіліңдағы бәріне әбден тойды ма,
Жанарың от боп жануды мүлдем қойды ма.
Біле алмай қойдым, өзіңді не күй толқытқан,
Жастықтың аусар алданыш еткен ойны ма?
Не деді саған өмірдің ұзақ кешуі,
Елтті ме сені кеш соққан самал есуі.
Жалықпай жүріп ешқайдан іздеп таппаған,
Мен болдым ба екен Арман мен Бақыт есімі.
Зар еңіреп жыласаңдағы жата қап,
Келмеген ешбір шақырсаң атын атап-ақ.
Мен болдым ба екен, сен аңсаған жар қойны,
Мен болдым ба екен, көңілді, мұңды махаббат.
Бұлақ боп тасып, арнасына сыймаған,
Мен болдым-ау, күлкіңді гүл ғып жинаған.
Мен болдым-ау, бақытқа шексіз бөлеген,
Мен болдым-ау, жаныңды сонша қинаған.
Бақыт па, сор ма өзіңді жанға қимай қап,
Жүрегіңнен өшірген бәрін шимайлап.
Болдың-ау, сен де жан түсінбес періште,
Болдым-ау, жаным, болдым-ау, мен де бір бейбақ.
Көрінбей саған жұлдыздай батып жоғалмай,
Болмаса мәңгі жаныңда жарың бола алмай.
Сағым боп қалқып алдыңда тұрып алдым-ау,
Жаныңды қинап, жанымды қинап, ой, Алла-ай!
Зымырап күні барады өтіп жазымның,
Бәрін де бүгін сағындым салған әніңнің.
Сыйлаған өзің суретіңді құшақтап,
Тым болмаса түсіме кір деп жалындым.
Бақытқа толы күндерді артқа қалдырып,
Мен кеттім алыс жүрегіңді отша жандырып.
Шығарап салдың, оң сапар тілеп сен маған,
– Аман жүр, – дедің, – жаратқан ием жар қылып.
Айналып кеттім, бақытты, сорлы маңдайым,
Ауыр ғой саған, сол күнді еске салмайын.
Екеуімізге ортақ сол күннен қалған белгі жоқ,
Менде бар осы, жырымды саған арнайын.
Амалсыз кеттім көзіңді жасқа толтырып,
Қалдың-ау сен де көңіліңде мұңнан көл тұрып.
Жаныңдай сүйіп, жұбаныш еткен медеуің,
Бақытты күнді кеттім бе екен өлтіріп.
Тәттідей сүйіп, талықпай басқан таңдайға,
Сүйгенінен қалуды қалар жан қайда?
Ойлай жүр, жаным, көңіліңнен бір сәт шығармай,
Арманың болып алыстап кетсем шалғайға.
Қайғы мен мұңның көрерсің азын көбін де,
Айырылысу деген салады салмақ сезімге.
Арманым деп ән қылып айтып жүрер ең,
Алыстап кетіп, оралмай кетсем тегінде.
Құстардай ұшып жатады-ау өтіп күн деген,
Шақтарың болар өткеніңді ойлап тілдеген.
Кезінде көріп, білуді қажет етпеген,
Махаббат күшін білерсің ешбір білмеген.
Қайтеміз қазір көңілді бөліп ондайға,
Бәрін де тіпті кезінде көрсек болмай ма?
Отырар бір сәт өткенді еске түсіріп,
Жатыр екен екеумізді қосар жол қайда?
Өтеді-ау, күндер, өтеді-ау, енді байқалмай,
Жүрермін мен де, сен жаққа тездеп қайта алмай.
Ақ жүзің жасқа шыланып жүріп тоза ма,
Жүрегің толы сырыңды жанға айта алмай.
Сүйкімді ернің күзгі бір гүлдей солды ма?
Кішкентай денең құшағымды аңсап тоңды ма?
Екеуміз барып қайтатын сол бір қайыңның,
Сарғайып түгел жапырағы түсіп болды ма?
Жеңілдеу шықсаң қалтырап дене тоңғанын,
Сездің бе қазір күздің де келіп болғанын?
Керуен құрып, кетерде жылы жақтарға,
Тырналар көктен өтті ме айтып соңғы әнін?
Мен – солдатпын! Көрмеспін әзір тез келіп,
Адамдар сау ма, көңілдес болған көз көріп?
Уақыт тапсаң бәрін де жазшы қалдырмай,
Бұрынғыдан бара ма ауыл өзгеріп?
Кездерің болып, жоқ нәрсеге бұртаңдар,
Қайғырып қалам, хатыңа бір сәт қылсаң зар.
Сағындым сені, туған жер, ауыл-аймақты,
Қуатты ме екен, ескі көз, кәрі-құртаңдар?
Ескерткіш болсын, махаббат күшін байқатар,
Шытымды салдым, шетіне жазып, қайта сал.
Күте бер, күт тек, мені ойлап онша жабықпа,
Сұраған жанға «аман» деп сәлем айта сал.
... Өтеді күндер. Өзгерер өлке, бел жатқан,
Хаттар да тоқтар келетін сонау ел жақтан.
Бәріне көндім, мәңгілік жанып тұратын,
Сөнбесе екен, махаббат оты мен жаққан.





Пікір жазу