12.06.2022
  135


Автор: Қайырды Назырбаев

АЛТАЙДЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ

О, Мәке, ардақты аға, асыл аға,
Сексенге келді бүгін жасың аға.
Қырқында қылшылдаған жігіттейсіз,
Елге сыйлы, қадірлі басың аға.
Ата жаумен айқасқан батыр аға,
Азулымен шайқасқан батыл аға.
Жерден ерте кетсең де елді ұмытпай,
Қаратайдың шығардың атын аға.
Бабамыздың бардық қой басына аға,
Ескерткіш қып орнаттық тасын аға.
Шартараптан жиылған ұрпақтарын,
Бастап бардың мазардың қасына аға.
Құпиясын сан ғасыр ақтармаған,
Сырын шертті таңбалы тастар маған.
Желеп-жебеп жүрсінші бәрімізді,
Ұлытаудың төрінде жатқан бабам.
Тегіңізді білгендер қызғанады,
Көреалмастар ішінен сызданады.
Ұлытаудың шыңына ұя салған,
Сіз Алтайдың ақберен мұзбалағы.
Кәріліктің ұрынбай құрығына,
Тәнті қылып, іс-қимыл қылығыңа.
Мәлік аға мағыналы өмір кешіп,
Жақсы шықтың сексеннің тұғырына.
Ақылдының қашанда бағы асады,
Басшылар әлі Сізбен санасады.
Жастарға өнеге боп, ақыл берген,
Қадірменді қарттығың жарасады.
Кейінгі ұрпақ ұмытпай танып жүрсін,
Азаматтар алдыңа барып жүрсін.
Елің-жұртың бағалап еңбегіңді,
Алақанға аялап алып жүрсін.
Халқыңа қызмет еткен қария қартым,
Тар жерде ақыл табар дария қартым.
Талабың мен талантың ерте ашылып,
Жайылды алты алашқа атақ-даңқың.
Алмас қылыш секілді жарқылдаған,
Асылдың ақыл кені сарқылмаған.
Кештеу біліп жатырмыз, кешір, аға,
Ақкөңіл жан екенсің аңқылдаған.
Сексеннің сеңгіріне шыққан аға,
Заманның беталысын ұққан аға.
Өмірдің ойы-қыры енді келді,
Басқайсың аяғыңды нықтап аға.
Ақиқат мойындаған барша ғалам,
Тегінде нәсіліне тартады адам.
Дәл Сіздей ақсақалдар сирек бүгін,
Халқының ақ алғысын арқалаған.
Атақ-абырой жетеді бір басыңда,
Өзгеден өрең биік тұлғасың да.
Ақыл мен парасатты бірдей ұстап,
Беделің биік шыңның тұр қасында.
Естуші ек атыңызды баяғыдан,
Жандар көп пана тапқан саяңыздан.
Сексенге Мәкең келді деген кезде,
Қарағанды тік тұрды аяғынан.
Құрметтеп інілерің, бауырларың,
Келіпті басшы, ұйым, қауымдарың.
Облыстың әкімі Камалитдин,
Көтеріпті жүгіңнің ауыр жағын.
Жырымыз – тойға арнаған шашуымыз,
Құт болсын сексен деген асуыңыз.
Данагөй, Абыз қартын аялаған,
Жастарың – қазынамыз, асылымыз.
Алды кең аға екенсіз үлкен жүрек,
Ақ болсын, адал болсын, айтар тілек.
Кезінде жасап кеткен ісіңізді,
Кейінгі ұрпақтарың айта жүред.
Зор екен беделіңіз, салмағыңыз,
Жып-жылы шуақ екен жан-жағыңыз.
Еліңнің есейгенін көзбен көріп,
Жүз жасап, орындалсын арманыңыз.





Пікір жазу