ҚҰДАМ ШӘРІП ҚАЖЫҒА
Алтайға да апардым, бұғы, марал көрсеттім,
Көзбен көріп, таң қалдың, мың түрлісін ем шөптің.
Бұлауына пантының үш жыл бірдей шомылып,
«Маралдыда» жатып ап, жел-құзыңды емдеттің.
Асырып бел-белестен, аралаттым тауымды,
Қиын-қиын жолдарда, жүрегің де ауырды.
Қалың жыныс, қарағай, таусылмайтын таулар мен,
Көзбен көріп, таң қалдың, боранды да, жауынды.
Тас бетінде тарбиған «бес саусаққа» таң қалып,
Тұрдық талай жерлерде табиғатқа арбалып.
«Рахман қайнарын» алғаш көріп қайтқанда,
Есің шығып, «Ух» деп ең, тау жолынан жан қалып.
Таңғажайып жерлерге, көзің қанды, үйрендің,
Марал, киік дегенге, таңғалмайтын күйге ендің.
Құдалардың елінен, Ермек, Жәкең секілді,
Туыс тауып, дос тауып, танысып та үлгердің.
Сағынғанда Алтайға, жалғыз тартып кетесің,
Қара джип астыңда, бір-ақ күнде жетесің.
Денсаулықты түзейсің, барғаның жөн жыл сайын,
Қу медиен жазықта жата беріп не етесің?!
Біліп жүрсін ел-жұртың, қалай айтпай кетемін,
Әкең Әбжан марқұмның аманатын өтедің.
Мекке барып қажылық қарызыңды орындап,
Аман-есен оралдың Барлыбай нағашың екеуің.
Құда болып алған соң, «көшіп кел» деп қинадың,
Қыз-күйеудің барлығын, маңайыңа жинадың.
Александровкаға катедж сап, сонда тұрақ таппасаң,
Үйден-үйге ауысып, Астанаға сыймадың.
Құдам менің кәсіпті ерте бастан бастаған,
Бірте-бірте дамытып, аспаған да саспаған.
Бар білгенін үйретіп, балаларын оқытып,
Жүріп жатыр ақырын, ақша жасап ақшадан.
«Коминтерн», «Комсомол»,
«Қойгелді» мен «Волга-Дон»,
Құдаларға қыдырып, бардық талай – ол да жөн.
Торғай екеш торғай да, айналақтап шықпайды,
Бастан дәулет арылмай, болып тұрса қолда жем.
Нағашың бір өрісің, келіп-кетіп жүргенге,
Бір ғанибет емес пе, туыс деген білгенге.
Қабдрашит, Сұңғаттар бәйек болып жатады,
Жиендері жиі кеп, риза боп күлгенге.
Нұрлан құдаң тағы бар, текті десең болады,
Риза боп аттанар үйге түскен қонағы.
«Асқа барса-аты сай, тойға барса-тоны сай»-
Құда-жекжат шетінен, мақтаныш қой ол-дағы.
Әдейі барып бәріміз, Түркістанда болып ек,
Әулиелерді аралап, Арыстанбапқа қонып ек.
Соның бәлкім сауабы тиіп жатқан болар-ау,
Жүріп жатса ақырын, шаруаның жөні кеп.
Ел-жұртыңның алдында, мәртебе ғой ол-дағы,
Ағайынға әрдайым көңіліңнің толғаны.
Екеуімізге жетеді, Алтай-Арқа арасы,
Қалжыңдасып, сыйласып, жүре берсек болғаны.