
Мен кеткен жылы жауды Алтайға қар қалың...
Мен кеткен жылы жауды Алтайға қар қалың,
Жаныма батты шыға алмай содан қалғаның.
Алтайдың сыры белгілі маған, білем ғой
Қалың тайга, қоршаған таулар жан-жағын.
Сен Алтайда, мен Арқада жатырмын,
Арамызда мың бес жүз-ақ шақырым.
Аңдитыным теледидар, ал онда:
«Өскеменде қар жауып тұр ақырын».
Арқада – аяз, Алтай жақта қар қалың,
Маған да қиын, өзің біл енді ар жағын.
Барайын десем, бәрі де азар-безер боп:
– Жөн болар, – дейді, – көктемде бірақ барғаның.
Қар жауып жатыр... Кім көрген бұрын мұндайды,
Шарасыздықтан ауырып жүрек сыздайды.
Ирандағы Мырзатай аға сияқты,
Әдет қылдым «Тотым-ауды» тыңдауды.
... Уақыт зырлап, жазым да жылжып келген-ді,
Серпіліп бір сәт, есімді жидым мен де енді.
Әлібек айтты: – Әй, аға, босқа жүдемей,
Алып кел барып, Алтайда қалған жеңгемді.
Ағайын-туыс шығарып салды жиылып,
Туған жер, таулар, қарады қимай қиылып.
Еңкейген шақта еріксіз кеттім Алтайдан,
Астана жаққа Арқаның дәмі бұйырып.