12.06.2022
  175


Автор: Қайырды Назырбаев

ЖЫЛЫ СӨЗ

Халқымыздың сөзі де сөз, жыры сөз,
Сөз көп бізде: жақсы, жаман, ұлы сөз.
Соның бәрі керек шығар білгенге,
Ал адамға ең қажеті жылы сөз.
Жылы сөзге жұбанады баламыз,
Жылы сөзге қуанады данамыз.
Анда-санда бір жылы сөз естісек,
Жымың қағып, бір жасап-ақ қаламыз.
Жылы сөздің құдіретін білеміз,
Оны естісек, мұңаймаймыз, күлеміз.
Шыны керек, бір үлкеніс тындырсақ,
Бір жылы сөз күтуменен жүреміз.
Осыған кім ділгір болса ес қалмай,
Соны айтуға жетейікші кеш қалмай.
Қаншама жан өтіп жатыр өмірден,
Тірлігінде бір жылы сөз есіте алмай.
Қанша уақыт басымыз дал, қаңғырып,
Қанша уақыт басылмады жаңғырық.
Қайран сөздің қадірін де түсірдік,
Жөнді-жөнсіз бір адамға жаудырып.
Жақсыға да, жаманға да жер жетер,
Адам сәби бәрін көріп ержетер.
Өміріңде бір жолыққан адамға,
Бір жылы сөз айта салсаң нең кетер?
Мұңға батса таусылмайтын теңіздей,
Адам, шіркін, алаңдайды соны іздей.
Сондай сәтте демеу болсаң не етеді,
Бір жылы сөз айтпай кетті дегізбей.
Халқымыздың сөзі де сөз, жыры сөз,
Сөз көп бізде: жақсы, жаман, ұлы сөз.
Соның бәрі керек шығар тегінде,
Ал адамға ең керегі жылы сөз.





Пікір жазу