Түспесін еңсең, бұйыға берме дос енді....
Түспесін еңсең, бұйыға берме дос енді,
Төкті деп біреу шіпілдеп тұрған кесемді.
Жігерің жасып, мұқалып жүрген шағың бұл,
Біреуден ұтсаң, кетіріп біреуге есеңді.
Аз емес жандар көңілі саған толы емес,
Сүрінуіңді күтіп жүргендердағы жоқ емес.
Тағатың бітіп, таусылсадағы тағатың,
Таусыла қоймас өмірдей ұзақ жол – егес.
Ағайын аз ғой мерейің өссе қуанар,
Тірлігін ойлап, бірлігін ойлап жұбанар.
Күндестік деген, күншілдік деген ит көп қой,
Шамасы келсе тескен тау асып қуалар.
Ағыңнан тасып, ақтарылып күле алмай,
Аяқты жазып, алшаңдай басып жүре алмай.
Дал боласың кейде кімге сырт беріп,
Кімге құшақ жаярыңды біле алмай.
Бірақ соның бәрі де қалар әлі,
Талант болса соқпағын табар әлі.
Ел танымай қоя ма өз ерлерін,
Бәрі өтеді, бәрі де жаңарады.
Жаның таза, арың пәк болсын тегі,
Әлі-ақ төрге шығарар халқың сені.
Ерге лайық ел көрер ісің болса,
Еш кетер деп еңіреудің болмас жөні.
Уақыт келер бағасын өзің берер,
Жақсыны да, жаманды көзің көрер.
Кезінде іші күйіп күндегендер,
Саған да топ ішінен сөзін берер.
Айтқан сөз, атылған оқ бәрі қалар,
Кез болар арызқойдың жағы талар.
Жатпайды алмас қылыш қын түбінде,
Жан досым, әлі-ақ сенің бағың жанар.
Бір өзің қалсаңдағы жапан түзде,
Жалғанда жақсылықтан күдер үзбе.
Заманның беті оңалып келе жатыр,
Болғай да бір шапағат сізге, бізге.