Жүрсең де құшақ жайып жарқылдап-ақ....
Жүрсең де құшақ жайып жарқылдап-ақ,
Тұнжырап қарсы алады салқын қабақ.
Тұрғанда тұман буып көкжиекті,
Қыран құс қайтіп еркін саңқылдамақ.
Қалса егер көңіл кірлеп кірбеңменен,
Тұсалып күйбеңі көп күндерменен.
Тұтылған көңіл күні ашылмайды,
Ішің – түтін, сыртың сау жүргенменен.
Бұрқылдап көкіректе ыза қайнап,
Тұра алмай тықыршисың тызағайлап.
Керілген көңіл жібі ширатылып,
Үзілер о да бір күн ұзамай-ақ.
Ойлама келген ажал алмайды деп,
Ойлама түнерген бұлт жаумайды деп.
Кім айтар, кімдер кепіл бола алады,
Қанаты шыдам құстың талмайды деп.
Ойлама жеткен деген осы екен деп,
Өткен өмір бәрі де бос екен деп.
Бақ, дәулет, аз күн қызық бәрі бекер,
Ойлама жанның бәрі дос екен деп.
Бірқалыпты бітпейтін өмір бар ма,
Біркелкі, бұзылмайтын көңіл бар ма?!
Жеті қат жер астына тығылсаң да,
Басқа түскен пәледе жеңіл бар ма?!
Өкінішпен басыңды тасқа ұрарсың,
Теңселерсің, құламай, шақ тұрарсың.
Бір тиындық құны жоқ боқ дүниені,
Кегің бардай қиратып, лақтырарсың.
Аласұрып, айқайлап, ақырында
Бәрін-дағы құдайға тапсырарсың.