11.06.2022
134
ДОСТАРЫМА
О, достарым, болмасам да кемеңгер,
Ұмытпаңдар, ескеріңдер, елеңдер.
Тел өскен бір тентегіміз еді-ау деп,
Теңім келсе тектілерге теңеңдер.
Сыртымнан тек мінімді айтып тізбеңдер,
Үміт күтіп жүрген шығар бізден де ел.
Сәл көрінбей кетсем егер араңда,
Отырмаңдар, тағат таппай іздеңдер.
Ақ жарылған шыным осы наныңдар,
Жоғалтпаңдар, қайдан болсын табыңдар.
Бөлектеніп бара жатсам егерде,
Қалдырмаңдар, қастарыңа алыңдар.
Қиыс бассам түзу жолға салыңдар,
Жалған айтсам, тілімді отқа қарыңдар.
Ойларыңнан шықпай жүрсем егерде,
Аямаңдар, сын тезіне алыңдар.
Тең құрбыдай қалжың айтып күліңдер,
Алыс кетсем хал-жайымды біліңдер.
Күнім туса жұлдыз болып жанармын,
Иә, болмаса, адал дос боп қалармын,
Әйтеуір бір үміт үзбей жүріңдер.