11.06.2022
  109


Автор: Қайырды Назырбаев

ӨМІР ЖАЙЛЫ

Тізгінді жиып ұстап аттан түспей,
Бәрін де ойға тоқып жүрмін іштей.
Еске алып өткенімді отырғанда,
Елу жас өте шықты өң мен түстей.
Ағына қарамай-ақ самайымның,
Қалдырды көңілімді талай інім.
Түбінде мені ұшпаққа жеткізер ме,
Сататын жақсылығын ағайыным.
Тірлікте таласарсың баққа кіммен,
Жақсының жақсылығын жат та білген.
Талай жерде сағымды сындырды ғой,
Ардақ тұтқан ағалар атқа мінген.
Бір күдік, бір үмітті серік қылып,
Барады уақыт сырын тез ұқтырып.
Қайтіп жақсы көрерсің жан досыңды,
Алдағалы тұрғанын сезіп тұрып.
Сәтін күтіп қапыда бөктеретін,
Жіберуге іштегі көк төбетін.
Жүргендер бар жымиып, өзге түгіл,
Сәлемін де басқаға көп көретін.
Басшылардың ісінде бояма көп,
Білмей, сезбей оны оны үнсіз қоя ма көп.
Жарамсақты жақтайды жаны қалмай,
Былығымды жұртқа айтып қоя ма деп.
Өсетұғын кезің де, келді ыңғайың,
Білетұғын жердің де елдің жайын.
Жігіттер-ау, жүрсің-ау жолың болмай,
Айтып-айтпай не керек, не қылайын.
Шындықты бетке айтсақ болмас айып,
Талайлар қалды бүгін қолын жайып.
Кешегі кеуде соққан белсенділер,
Ұпайын түгендеп ап тұрды тайып.
Тойдық қой тәттіге де, ащыға да,
Тойдық қой, әкімге де, хатшыға да.
Ішің қалай жылиды елдің емес,
Тек өз қамын ойлайтын басшыларға.
Сұм заман өмір, өлім жағаласқан,
Тұнжырап барған сайын барады аспан.
Тоқтаусыз тықылдайды уақыт-сағат,
Қызығын қысқа өмірдің ала қашқан.
Не көрдім, не тындырдым, осы жаста,
Көп күнім күйбеңменен өтті-ау босқа.
Жалындап жанар кезде жана алмадық,
Жеттік қой жетер жерге енді тоспа.
Ертерек елді босқа дүрліктіріп,
Еліріп, езу жимай жүрдік күліп.
Қайда ду, дырду болса елегізіп,
Бәрін де жұрттан бұрын тұрдық біліп.
Өнбейтін, жеткізбейтін үмітке еріп,
Көп жүрдім, кілт тоқтадым, жүріп келіп.
Көзім жеткен жайларға миым жетпей,
Отырам өзіме-өзім күдіктеніп.
Өмір – өзен өткелі терең екен,
Өткен сайын тереңдей береді екен.
Алыс жолдың азабын тартпас үшін,
Ерте бастан қам жасау керек екен.
Керек екен көз салу алдағыға,
Керек екен қол созу арманыңа.
Қайратыңның барында талпынбасаң,
Өзіңе обал, сын екен арға мына.
Жылай берсең таусылып бітер төзім,
Жаныңды ашытпасаң өзіңе-өзің.
Оқыста бастан бағың тайған күні,
Байқашы өтер екен кімге сөзің?
Жазсақ та, қаншама жыр, неше дастан,
Өтсе де қилы-қилы өмір бастан.
Кетерміз шаршағанша ойлай-ойлай,
Жұмбағын бұл дүниенің шеше алмастан.
Біле алмадым өзім де құным қанша,
Басым тасқа соғылып ұрылғанша.
Біле алмай-ақ кетерсің сен де, ағайын,
Менің жолым Бөртекке бұрылғанша.
Белгілі боп қалғанда барар жерім,
Сонда ғана білінер бағам менің.
Жер ананың қойнына тегін берсең,
Риза боп кетермін саған да елім.
Айналып о дүниенің елесіне,
Мен кеткенде келместің кемесіне.
Туған жерім, аяулы ұланыңды,
Тым болмаса ала жүр сен есіңе.
Баурайында анам да, әкем қалды,
Зираттары үй болып қатарланды.
Демім бітсе солардың жанына кеп,
Топырағында томпайып жатам мәңгі.





Пікір жазу