ШЕЖІРЕ ТУРАЛЫ
Қазақтың қалың жұртын біліктеген,
Сөз айтса, шаршы топтан үрікпеген.
Жезтаңдай шежіре шал жоқ бүгінде,
«Үш жүзді» үш тарауға жіліктеген.
Мақалдап ағыл-тегіл борататын,
Аузына дүйім жұртты қарататын.
Ақылдың кені болған қайран шалдар,
Бұтақтап бар атаны тарататын.
Сабақтап бір-бірінен өрбітетін,
Жаныңды жақсы сөзбен сергітетін.
Арманда опат болған атаңды айтса,
Жүрекке өшпестей бір шер бітетін.
Жалықпай әңгімені қоздататын,
Ұрпақсыз өткенді айтып боздататын.
Жалғасып түннен таңға, таңнан-түнге,
Созылып ащы ішектей сөз жататын.
Біреуге бабаң батыр болған дейтін
Болып ед ел басына қорған дейтін.
Кешегі жаугершілік заманында,
Оққа ұшып сабағынан солған дейтін.
Біреуге атаң сенің мерген дейтін,
Көзге атып құралайды берген дейтін.
Қызғыштып қолға біткен аз-мұз малын,
Кренге қашып жүріп өлген дейтін.
Айтатын қай жерлерге қойылғанын,
Асына қанша малдың сойылғанын.
Жиылған қалың жұрттың азасынан,
Бүйірі қара жердің ойылғанын.
Сан ғасыр сахарада көшкендердің,
«Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің».
Өшпейтін белгісіндей шежірені,
Қайран жұрт, қайтіп қана ескермедің?
Өзіңе қанша айтса да оны бүгін,
Сезесің мұндай жырдың сонылығын.
Кезінде керексіз боп қалып еді,
Тірнектеп жинап жүрміз соны бүгін.
О күннен талай заман өткеннен соң,
Ескіріп, ұмытылып кеткеннен соң.
Ескі көз кәрілерден ұғып алдым,
Бұл жайды жырдай қылып шерткеннен соң.
Жадыма ап баба жүзін, баба сырын,
Сөзімнің қидым бұған бар асылын.
Есімін есімізден шығармасқа,
Кейбірін қалың қазақ баласының.
Жаныма тыным бермей қинағаным,
Осынау азын-аулақ жинағаным.
Күндерде бір керекке жараса егер,
Сол болар елі-жұртым сыйлағаның.
Кейінгі жас ұрпақтың көзі көрсін,
Оқып, танып бағасын өзі берсін.
Аз сөзбен жинап-теріп жазып кеттім,
Бұрынғы ата-баба шежіресін.