10.06.2022
  102


Автор: Шашубай Қошқарбайұлы

СӨЙЛЕ, ШАШУБАЙ!

Ал гармоным, гармоным,
Бас барынша пәрменің,
Сөйле, сөйле, Шашубай,
Бүгін күнің дәл сенің.
Орыны бар әрненің.
Безеп тіл мен көмейім.
Ойнақтасып он саусақ,
Тілін басып перненің.
Ұмыт болған шағымда
Жетпіс беске келгенім.
Ал, жамиғат, құлақ сал
Шашубайдың сөзіне.
Жыр төгейін, күй шертіп,
Келдім, міне, кезіне.
Өткен күнді бір шолып,
Барды айтайын өзім де.
Мұндай ма едім, япыр-ау,
Сонау бір өткен кезімде.
Қара бұлт басып түнерген,
Қазақтың байтақ даласын.
Қайғы жұтқан қалың ел,
Жаза алмай жүрек жарасын,
Өнер менен білім жоқ
Оқыта алмай баласын.
Ызыңдаған зарлы үні
Кернеп елдің арасын.
Патша болыс, би мен бай,
Халықтың алып мазасын.
Жер шөлейт, ел мешеу боп,


Алған соң әлді бөлісіп
Өзеннің сулы саласын.
Аң жайлап, жылан орда сап,
Балқаш көлдің жағасын.
Жапан түз, сусыз шөл еді
Ел көрмеген қарасын.
Балықшылар тек қана
Жаяу тартып шанасын.
Қыс болса аулап ақбалық,
Қоңырат еді қу шоқы,
Жылан, шаян жайлаған
Тастарының арасын.
Ат оттарға шөбі жоқ,
Ұрттап ішер суы жоқ,
Қабысып, қатып жатқанда,
Кім көрген оның қарасын?
Ал, тыңдаңдар, сөйлейін,
Қайта туған жаңадан,
Қазақстан халқымды.
Одақтас елдің бірі боп,
Орда тіккен алтынды.
Күнде жиын, күнде той,
Қандай қызық, тамаша,
Салтанатты салтымды,
Партиялық жаңа заң,
Рахатта барша жан,
Нұрға бөлеп жерімді
Жасартты мендей қартыңды.
Елу жылда ел жаңа,
Елу емес тек қана
Жиырма жылдың ішінде
Естіді әлем даңқымды.
Партия бастап көшімді,
Көмектесіп туысқан


Жаңа қоныс, кең жайлау
Шарықтап көңілім шарқ ұрды,
Шалқыған байлық, ен дәулет
Бүгінгі қазақ жерінде.
Құжынаған түлік мал
Колхозды ауыл төрінде.
Гүл жайнаған салт-сана,
Құлпырған тегіс айнала –
Масаты кілем жерімде.
Алтын, күміс, қорғасын,
Көмір, мұнай, жез бен мыс
Жерімдегі кенімде.
Ел байлығы - қазынам
Таусылмайтын өмірге.
Завод пенен фабрик –
Кен қайнатқан қазаным,
Көбейді міне елімде.
Аэроплан, темір жол
Параходым, көлімде.
Осыларды айтқанда,
Шарықтайды гүл жайнап,
Кәрі көңілім менің де.
Көркіне көңілім қош болып,
Балқашты айтсам мақтанам,
Сәулетті, көркем қала орнап,
Хош иісті гүл жайнап,
Зәулім үйлер қалаған.
Мектеп, кино, театр,
Аурухана, қонақ үй,
Яслиінде жас балапан.
Аспан зәулім тұрбасын,
Алып пештің мұржасын
Завод жақтан көргенде,
Шалқимын да шаттанам,


Машинасын меңгерген
Сусындатып жем берген,
Тілін біліп, басқарып,
Кешегі қойшы - боп маман.
Бұрғы салып, дәрі атып,
Қоңырат тауын қопарып,
Алты қарыс ауызы
Экскаватор қаптаған.
Ана тұрған фабрика
Үйдей тасты уатып,
Тарыдай етіп ақтаған,
Шақырып гудок азанын,
Мыс қайнаған қазаным,
Сапырып сары қымыздай
Құйып жатыр қаншадан.
Маңайдағы егісім,
Қауын, қарбыз жемісім,
Өніп жатыр бақшадан.
Ой-қырым да далам да,
Гүлден өлке, қалам да,
Алтынды нұрға бөгіп тұр,
Әлемде нұрлы алтын күн,
Данышпан көсем партия
Жеріме нұрын төгіп тұр.
Бойға қайрат, күш-жігер,
Денеге қуат беріп тұр.
Айтқызбай біліп мұңымды,
Қиядан болжап қырымды,
Алыстан шолып көріп тұр.
Сондықтан да Шашубай
«Көп жаса, деп партиям!»
Батасын міне беріп тұр.





Пікір жазу