СЫПАЙЫҒА
Саржадай керілген қас, кірпік оқтай,
Ғашықтық ішке түсті қызыл шоқтай.
Құмарым ат басындай кеудемде алтын,
Тарқарма-ай, домаланып жатыр доптай.
Жақсыдан жақсы адамның қайтпас сағы,
Сақ қайтарар пенденің қызған шағы.
Еңбектіге қара жер ойылғандай,
Ренжітіп кетпеңіз сондай тағы.
Қалайша көңілімді қалдырасың,
Адамды көзқараспен нандырасың.
Қашан менің тарқайды іште дертім,
Кеудемде ғашық отын жандырасың.
Бүркіт боп биік таудан түлеп ұшсам,
Қу құйрық құсап түлкі шалдырасың.
Түн қатып боз атпенен барғанымда,
Оянбай, неге ұйқыңды қандырасың.
Иттің даусы шыққанда, жүгіре шықпай,
Түн бойы босағада талдырасың.
Мойныңа ақық меруерт алқа тағып,
Құлаққа алтын сырға салдырасың.
Қасқыр алған бүркіттей құмар тарқап,
Қолтықта екі көзің жаудырасын.
Ризамын қонақ қылған кешегіңе,
Жастықты кіргізбеймін есебіме.
Жабының ер салмаймын есегіне.
Дүниеде еш армансыз болар едім,
Сұлудың кіріп жүрсем өсегіне.
Құр өсекпен күнәһар болғанымша,
Қисайып ұйықтар ма едім төсегіне.