ИМАНЖҮСІПТІҢ ӘНІ
Мен жасымда, жігіттер, топтан астым,
Менменсіген талайдың көңілін бастым.
Қасыма ерген жігітке олжа салып,
Бір түнде сегіз қызды алып қаштым.
Абылай аспас Арқаның сары белі,
Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.
Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас,
Нияздың Аюлы мен Қаракөлі,
Бұғылы мен Тағылы бүркіт салған,
Ұйпалақтап бауырыңнан түлкіңді алғам.
Есіл, Нұра, Ереймен, Қара қойтас,
Көзімнен бұлбұл ұштың, дүние жалған.
Күйгенжарды аулым жанай қонды,
Әкем Құтпан кешегі қандай болды.
Қазы-қарта жемейтін қайран басым,
Түрменің қара наны балдай болды.
Қыран едім, қор болдым, торға түсіп,
Аспаныма шығармын бір күні ұшып.
Бар қатыны қыпшақтың ұл туса да,
Сонда да бола бермес Иманжүсіп.
Ішім жалын болғанда, құр денем сау,
Маған десең, көз жасым, жаңбыр боп жау.
Бүркіт ұстап басыңа бір шығайын,
Көзіме бір көрінші, Ерейментау.
Қатар-қатар қаланған тастарың-ай,
Мұнарланып көрінген бастарың-ай.
Сол бір жерлер есіме түскен кезде,
Көзімнен аға берді жастарым-ай.
Кісендеулі аяқ-қол, кетті тыным,
Тар қапаста өксумен өтті күнім.
Торға түскен торғайдай тыпыршиды,
Жаңғыртқан Сарыарқаны қайран үнім.
Жаламенен сорладым, мен не дермін,
Тарқамастан барады көңіл шерім.
Алтау ала болғанда ер құрбандық,
Осымен азғаның ба, қайран елім.