10.06.2022
  897


Автор: Иманжүсіп Құтпанұлы

ЕРЕЙМЕНТАУ

(ІІ нұсқасы)
Шідердің үш балағын атқа салдым,
Иманжүсіп атымды хатқа жаздым.
Ата-бабам дәулеті арқасында,
Жұдырықтай басымды отқа салдым.
Мен елімде жүргенде жұрттан астым,
Менменсінген талайдың көңілін бастым.
Жаныма ерген жігітке олжа салып,
Бір түнде сегіз қызды алып қаштым.
Менде дұшпан көп еді қамалаған,
Иттей болып барлығы абалаған.
Кіргенде Қараөткелдік базарына,
Қызық көріп қазақ, орыс жағалаған.
Мен қалайша жалғанда тұрақтайын,
Өрт тиіп лаулап жанған құрақтайын?
Аузы түкті кәпірдің талайларын,
Бақыртып бауыздаушы ем лақтайын.
Ішім өлген, дүние-ай, құр сыртым сау,
Маған десең, көз жасым, жаңбыр боп жау.
Бүркіт ұстап басыңа шығар ма едім,
Бір көрінші көзіме, Ерейментау.
Қатар-қатар салынған тастарың-ай,
Мұнарланып көрінген бастарың-ай.
Еске түссең, қайтейін, Ерейментау,
Тия алмадым көзімның жастарын-ай.


Жазылмастай жүрекке түсті жара,
Ісіне тәңірім қылған бар ма шара?
Бет алып Ерейменге шыққанымда,
Алдымда тұрушы едің, Ботақара.
Несібемді жазған екен менің түзден,
Қойыпты күдер үзіп ел-жұрт бізден.
Қайран ел, оқта-текте еске түссең,
Жасымды тия алмаймын екі көзден.
Барады ауылым көшіп Қараөткелден,
Қонбай ма көшкен ауыл әр өткелге,
Сағындым Тұрсынбай мен Дәулетханды,
Айдауда ағайынның зары өткенде.





Пікір жазу