ЕРЕЙМЕНТАУ
(Толық нұсқасы)
Абылай аспас Арқаның сары белі,
Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.
Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас,
Нияздың Аюлы мен Қаракөлі.
Қысырақтың үйірі жирен ала,
Орыс, қазақ байлары жапты жала.
Туған елге бет алып шыққанымда,
Көрінуші ең алдымен Ботақара.
Бұғылы мен Тағылы бүркіт салғам,
Ұйпалақтап баурыңнан түлкіңді алғам.
Ақтау, Ортау, Сарысу, – жүрген жерім,
Көзімнен бұл-бұл ұшты дүние жалған.
Ақтау, Ортау, Қаратау, Көктің көлі,
Жаз болғанда жайлаушы ед көшіп елім.
Сағынғанда көзімнен бұл-бұл ұшты
Ақ туын ата-бабам тіккен жері.
Көлденеңдеп Сарысу, аққан Нұра,
Даланы тілгілеген қанша жыра.
Сарыарқаның сыңсыған ен даласы,
Шөбі шалғын, бал татыр суы сыра.
Мен елімде жүргенде жұрттан астым,
Менменсіген талайдың көңілін бастым.
Жаныма ерген жігітке олжа салып,
Бір түнде сегіз қызды алып қаштым.
Шідерімді шыңғыртып атқа салдым,
Иманжүсіп атымды хатқа жаздым.
Ата-баба дәулеті арқасында
Басымды жұдырықтай отқа салдым.
Әкем Құтпан болғанда, ағам – Шоңай,
Кісі емеспіз біз шыққан жерден оңай.
Атшабарын болыстың сабаушы едім,
Аяғын байлап тастап қойдан оңай.
Сусыз жерге ауылым қона алмайды,
Кері кеткен тірлігің оңалмайды.
Жүз қатыны қазақтың ұл тапса да,
Бәрібір Иманжүсіп бола алмайды!
Екі жағы дарияның қалың шұбар,
Көкмойынға үкілеп тақтым тұмар.
Бір түстеніп аттанған ауылымның
Қыздары болушы еді маған құмар.
Дұшпаным көп сыртымнан қамалаған,
Соңымнан иттей шулап абалаған.
Қараөткелдің кіргенде көшесіне,
Маржалары көрем деп қамалаған.
Мен қалайша жалғанда тұрақтайын,
Өрт тиіп лаулап жанған құрақтайын?
Аузы түкті кәпірдің талайларын,
Бақыртып бауыздаушы ем лақтайын.
Қыпшақтың баласымын Иманжүсіп,
Абақта жатқан жерім жалғыз тесік.
Мұндар естек қапыда қолға түссе,
Алар ем ойланбастан басын кесіп.
Күнім қайда баяғы таңдай атқан
Қараөткелдің көшесін дабырлатқан.
Бидайықтай ілуші ем аққу, қазды,
Жарқанат болғаным ба бұғып жатқан?
Асыл тұқым алдырдым Қызылжардан,
Өңшең жүйрік шалқұйрық, қызыл нардан.
Таң мезгіл болғанда тас буынып,
Болыстардың аулына ойран салғам.
Нем бар еді иесіз шөлге барып,
Нем бар еді иесіз көлге барып?
Айдауменен барамын, амалым жоқ,
Ақсауыт пен ақбоз ат үйде қалып.
Зая кетті лұшпанға қылған ерлік,
Жасап едім жасымда көп есерлік.
«Мың асқанға – бір тосқан» деген сөз бар,
Соның бәрін ақыры көзбен көрдім.
Жабылып тұр ұлықтан жала маған,
Көре алмаған көш дұшпан табалаған.
Ақмешіттің барғанда базарына,
Орыс, қазақ көрем деп қамалаған.
Өзімді-өзім мен талай шамаладым,
Жанашырлық жақыннан таба алмадым.
Мұндарлардың қорлығын көргеннен соң,
Алды-артыма абайлап қарамадым.
Ішім өлген, дүние-ай, құр сыртым сау,
Маған десең, төбемнен жаңбыр боп жау.
Бүркіт ұстап басыңа шығар ма едім,
Көзіме бір көрінші, Ерейментау!
Сарысуды ауылым жанай қонған,
Әкем – Құтпан, ағайым – Шоңай болған.
Қазы-қарта әкелсе жемеуші едім,
Түрменің қара наны балдай болған.
Іші жаман түрменің темірлеген,
Шіркін көңіл қайғымен семірмеген.
Қарасам жан-жағымның бәрі солай,
Терезеден кім қалды телмірмеген.
Болған екен несібем менің түзден,
Күдер үзіп жүр ме екен ел-жұрт бізден.
Оқта-текте қайран жұрт еске түссе,
Шымырлап жас шығады екі көзден.
Жығылуы батырдың боқтан да оңай,
Қорыққанға қос көрінер жалғыз қурай.
Бейнеттінің таңынан тартса қасқыр,
Оны да сақтайтұғын жаппар құжай.
Жоқтың күні немесе бар қасында,
Жарбаңдайды жапалақ жар басында.
Жалбарынып сұраймын, сақта, құдай,
Қас қылған қаныпезерден жолдасына.
Ботақара, жолымда қаласың да,
Ерейментау, Баянның арасында.
Тоғыз жасар Дәулетхан жетім қалды,
Тірі жүрген қасқырдың баласындай.
Қатар-қатар салынған тастарың-ай,
Мұнарланып көрінген бастарың-ай.
Еске түссең, қайтейін, Ерейментау,
Көзімнен ақты парлап жастарым-ай.
Жас күнімнен ел кезіп көрдім көпті,
Жел сөзге әуел бастан аузым епті.
Сығалап абақтының тор көзінен,
Айтайын өздеріңе біраз кепті.
Тумай жатып өш болды маған болыс,
Аударылды сол үшін талай қоныс.
Сатырлатып сабаушы ем шеттерінен,
Мынау ояз демеуші ем, мынау болыс!
Қош, аман бол, Сарыарқа, өскен жерім,
Кір жуып, кіндігімді кескен жерім.
Тартысып ертелі-кеш ұлықтармен,
Шұбырып маңдайымнан аққан терім.
Жігіт едім елімде гүл жайнаған,
Ерегіскен дұшпанды жай қоймаған.
Бағың таяр басыңнан күн туғанда,
Төбеңе дұшпан шығып от ойнатқан.