10.06.2022
172
Жүрген күндер керуендей ырғап көшіп...
Жүрген күндер керуендей ырғап көшіп,
Оқта-текте кетесің еске түсіп.
Талай қатын Қыпшақтан ұл тапқанмен,
Бола алмайды бірі де Иманжүсіп.
Бір теңізге бергісіз қара басым,
Ойлай берсем ағады көзден жасым.
Неше жылдай ұстасып нәшендікпен,
Ақмоланың ұлығы болды қасым.
Сескенбеуші ем мылтықтан атып тұрған,
Еске түседі жерлерім жатып-тұрған...
Еріксіз айдап келген бұл жерлерге,
Осы дәмнің бұйрығы тартып тұрған.
Болмаңыздар, жігіттер, құдай қасы,
Заманы жоқ батырлық жанның қасы.
Адам басы алланың добы деген,
Не көрмейді ат пенен адам басы.