10.06.2022
  236


Автор: Серік Тұрғынбеков

...Өр ақын өрекпиді...

...Өр ақын өрекпиді,
Долданады,
Долданып, қалам ұшын қолға алады.
Тізімнен тінтіп жүріп тауып алды
Әкесі қолқалаған сол баланы.
Сол бала,
Ауыр-ауыр ой арқалап,
Білді ме бар екенін қояр талап.
Сол күні,
Сол сағатта келді жетіп,
Шақыртып жатқаннан соң военкомат.
Адам ол
Ақ-қараны айыратын,
Кісі емес, жаңсақ іске бой ұратын.
Сол сәтте
Қыран құстай саңқылдады
Қаскелең военкомы – Тайыр ақын.
– Жалтару
Жеткізбейді мақсатқа онша,
Адамға ғұмыр деген қас қаққанша!
Соғысқа сені сүйреп не қылайын,
Қолың шолақ,
Аяғың ақсақ болса?
Денің сау,
Бар он екі мүшең аман,
Жігіт пе хас батырға ұсамаған.
Ақымақ болады адам жүре-бара,
Ақылсыз туған емес кісі анадан.
Бұл сөзді мен емеспін –
Абай айтқан.
Ессіздер естісін деп талай айтқан.
«Отқа түс Отан үшін жан пида», – деп,
Өзіңнің Жамбыл атаң қалай айтқан?!
Қалайша қашам дейсің енді ауырдан,
Қорғанып жатқан шақта ел дауылдан.
Кім кепіл қақтығыста жүргеніңде,
Сен Мәлік болмасыңа,
Сен Бауыржан?!
Сондықтан қане, інім,
Атыңа мін,
Тақпаймын сенің зәузат, затыңа мін.
Аман-сау қан майданға алып барғын,
Аялап айтқан саған ақын әнін.
– Ағажан, ойың биік,
Тұлғаң әсем,
Әкемнің мәпелеген бір баласы ем.
Қалыппын еркелікпен сөзіне еріп,
Әйтпесе, жігіт атын былғамас ем!
Ер жігіт еліменен жоталы екен,
Тағдырдың әркім дәмін татады екен.
Өз әкем – әке емес,
Мына маған
Ендігі қалған жерде Отан – әкем.
Ер жігіт емес тіпті тайынатын,
...Жеңістің келе жатқан айы жақын.
Қасқая қарап қалды
Қас қыранға
Қаскелең военкомы – Тайыр ақын.





Пікір жазу