БҰЛАҚ
Көненің көрінеді өзі асылдай.
Көненің көрінеді сөзі асылдай.
Жасырын жылдар бойы жер астында,
Жатыпты бір бұлақтың көзі ашылмай.
Сала алмай сайран белде сайрап әнін,
Білмепті бұла бұлақ қайда ағарын!
Қайғырып қара жердің қазанында,
Қайғы-мұң бұрқ-сарқ етіп қайнағанын.
Кім көрген,
Кім кезіккен,
Кім байқаған!
Шіркін-ай, шығар ма екен гүл қайтадан.
Шіркін-ай, тұнар ма екен туған жерде,
Тас бұлақ басқа жаққа бұрмай табан.
Көз ашып, бағы жанса байғұс бұлақ,
Ойы бар – әппақ айдын айға ұқсамақ.
Жатыр ел ғұмыр бақи бұл өмірде
Бір тасып, шалқығанын байлық санап.
Бұлаққа кім білдірер сыңай бөтен,
Сұлулық жан біткенге ұнайды екен.
Тұншығып тіл қата алмай қайран тұма,
Жасырын жер астында жылайды екен.
Тас бұлақ, тастай берік, тас қараңғы,
Шалқытып сала алмайды асқақ әнді.
Жанары ашылмаған жазған ғаріп,
Зәру боп өтер ме екен досқа мәңгі.
Осы ғой – өмір өзі қатал деген,
Өзінше әркім дәмін татар деген.
...Бір күні сәті келіп, сәске түсте
Орманға бара жаттым атамменен.
Өмірді көрген сезіп, өткен ұғар,
Оның да өзіне тән мектебі бар.
Қыстырып беліндегі белдігіне,
Қасынан тастамайтын кетпені бар.
Дейді атам:
– Қасиетті осы кетпен,
Тамырын қара жердің осып өткен.
Жап жаптап, атыз аршып, әуіт қазып,
Сақтаған қалың елді қасіреттен.
Қиындық түспес дейсің басқа қай күн,
Ол барда селге айналар таспадай құм.
Сел қылған шөл даланы көні кепкен,
Сол үшін кетпенімді тастамаймын! –
Бұл сөзді айтқанда атам дала ұғысып,
Жүрегі тұрушы еді алып-ұшып.
Сол сәтте көтпен жүзі керемет бір,
Ойнайтын күн нұрымен шағылысып.
Сол атам кетпенімен және де мен
Орманға жеттік. Ғажап дала деген.
Қарайды айналаға қария көз,
Сабырмен, салиқалы санаменен.
Қашаннан қария көз жерге ғашық,
Сол кез ғой беріп жатқан елге нәсіп.
Бір сәтте жалт бұрылып, кілт тоқтады,
Кез еді түсе берген белден асып...
Келгендей дертті жанның халін сұрай,
Сол жерді тұрды барлап тамыршыдай.
Ішінен әдетінше күбірледі:
– Бергей, – деп, – сәтін салып, емін құдай.
Жанары ашылмапты-ау, жарықтық-ай,
Қиын ба, қылам десе ғаріп құдай!
Байғұстың бір сауабын алайыншы,
Кетпенмен бетін ашып, барып былай... –
Жанары ашылмаса бұл бір қайғы,
Жалынып байғұс бұлақ былдырлайды.
«Бағыңды адал ниет адам ашып,
Сағыңды жақсы кісі сындырмайды».
Кетпенді қалды шалың басып-басып,
Астынан шықты бұлақ асып-тасып.
Жүгірді жылғалардың бойыменен,
Шашуын қуаныштан шашып-шашып.
Шал тұрды масаттанып, жайраң қағып,
Күшіне қара жердің қайран қалып.
Беттеді бала бұлақ шөлге қарай,
Сарқырап көні кепкен сайларға ағып.
Бір байлық осы болар сарқылмаған,
Қарт атам еске алады сол күнді әман.
Жүйткіді жон үстінде жәннат бұлақ,
Кетпеннің ай жүзіндей жалтылдаған.
Қуанбас дәл сол күні ата мұндай,
Қарық қып қалың елді қапа қылмай.
Ақ бұлақ аққан сайын желкілдейді,
Кәдімгі қарияның сақалындай....
...Талай жыл. Артқа тастап айды, аптаны,
Құлындай күндер зулап, ойнақтады.
Сол жерден үйір-үйір жылқы шығып,
Сол жерден отар-отар қой қаптады.
Кетпеннің құдіреті байқалып бір,
Сол жерде жасыл егін жайқалып тұр.
Баяғы қарияның бір еңкейген
Еңбегін қалың елім қайтарып тұр.
Көп болды қарт атамның көз жұмғалы,
Шешіліп сондағы бір сөздің мәні,
«Байғұстың бұдан былай бағы жанар,
Тағдырдың мені бүйтіп кез қылғаны».
Болмасаң адамзатқа – досқа сенер,
Онда сен өміріңмен қоштаса бер.
...Тағдыры тас бұлақтың немен бітер,
Кез келіп атам көзін ашпаса егер?
Орынсыз өкпеменен өтті кей күн,
Өршуін жаным қалар от-дүлейдің.
Бір бұлақ көзі ашылмай жатқан болса,
Жақсы адам жолықса екен деп тілеймін.