КӨКШЕТАУЫМ
Көкшетауым!
Көкшетауым – көріктім.
Көпке дейін көрмей кетсем зеріктім.
Жүрегімді ашып көрсең сезер ең
Саған деген сағынышын Серіктің.
Көкшетауым!
Көкшетауым – асылым.
Хан-патшадан жаратылған нәсілің.
Көз алдымда Қыз Жібек боп, Баян боп,
Мені мәңгі құмар қылған ғашығым.
Көкшетауым!
Көкшетауым – аяулым.
Көңіліңе түспесінші қаяу-мұң.
Сүйген жүрек ешқашанда ұйықтамас,
Сені ойласам – түн ішінде ояумын.
Көкшетауым!
Көкшетауым – қымбаттым,
Талай-талай тым алыстан үн қаттың.
Ешқашанда таба алмаспын теңеуін
Саған біткен сұлулық пен сымбаттың.
Көкшетауым!
Көкшетауым – кербезім,
Көгімдегі – Шолпанымсың,
Жерде – өзім.
Арман бар ма?..
Арман бар ма
Адамда
Жігіттіктің сенде өткізген дер кезін.
Көкшетауым!
Көкшетауым – тәңірім,
Ақ тілектің айтар болсам анығын.
Сені жырлап,
Сені сүйген жүрекке
Ешкім енді жүргізе алмас әмірін!