ӘЙЕЛ-АНА ТУРАЛЫ ТОЛҒАУЛАР
Келе жатқан келешекке нық басып,
Жер бетінде Ерлерменен жұптасып.
Өміріме өлмес Рух әкелген –
Ей, Әйелдер!
Тіршіліктің тұтқасы!
Әйел – Ана,
Әйел – Дана,
Әйел – бақ.
Қарсы келсе бас иемін аялдап.
Қасиетін аз уақыттың ішінде
Айтып беру мүмкін емес баяндап.
Өтіп бірге талай асу, белдерден,
Сәби – Әлем, ақ бесікке тербелген.
Ол кешегі жаугершілік Заманда
Атқа мініп атой салған Ерлермен.
Жаратылған ақ махаббат жар үшін,
Ұрпақтары ардақтаған әр ісін
Адамзаттың ардағына айналған,
Әйел – арым,
Әйел – нәрім,
Намысым!
Әйел десем – иігендей жер төсі,
Ақ жаулықты Алатаудың өркеші
Дидарына Күннің нұрын сыйғызған,
Әйел – бүкіл Адамзаттың еркесі.
Әйел десе – қара тасқа тіл біткен,
Әйелдердің жүрегіндей гүл біткен.
Бұл дүниеде
Егер әйел болмаса –
Ешбір үміт етпес едім тірліктен.
Тарихтың арғысы мен бергісі,
Әуелден-ақ, халық сыйы, ел күші.
Әуелден-ақ сұлулықтың символы,
Әуелден-ақ Әсемдіктің белгісі.
Тіршілікте терең жайған тамырын,
Аямаған Ай мен Күннің жарығын.
Ақиқатқа шөліркесем, шөлдесем,
Әйел – менің жарылқаушы, тәңірім.
Ой түсіріп,
Сәуле беріп санаға,
Айналдың сен сая – мекен, панаға.
Тіршілікті уысында ұстаған
Әйел – мәңгі Жаратылыс!
Жер – Ана!