10.06.2022
114
Не десең де мақұлмын...
Не десең де мақұлмын,
Айналайын ақылдым.
Сен жоқ жерде – пақырмын,
Сен бар жерде – батырмын.
Шақпақ тастай жарқылдап,
Шабытымды шақырдым.
Әруағы арқамның,
Ардақтысы ақынның.
Асылы да нәсілі
Астымдағы атымның.
Махаббаттың жібімен
Саған ғана шатылдым.
Қуанғаныңда күлімдеп,
Қиналғаныңда «аһ» ұрдым.
Шырайлансаң шаттанып,
Мұңайғанда қапылдым.
Аспандағы Ай болсаң
Айығам деп дертімнен
Саған қарай атылдым.
Айтып-айтпай не керек:
Ақырына келгенде
Аяғыңа жығылып,
Мәрт боп келген басыммен
Мерт боп енді жатырмын!