10.06.2022
  120


Автор: Серік Тұрғынбеков

АҚКӨЛДЕН ҰШҚАН АҚҚУЛАР

Ақкөлден ұшқан аққулар,
Қай жаққа қанат қақтыңдар?!
Қай жақтан тағат таптыңдар,
Кезеніп мылтық жүрмесін
Құлқынын қуған сатқындар.
Айналып қайта қоныңдар,
Ақкөлден ұшқан аққулар.
Көлдерді тастап кетпеңдер,
Белдерге қарай беттеңдер.
Алысқа сапар шекпеңдер,
Оралып келер сендермен
Оранып нуға көктемдер.
Бір жасап қалсын мәз болып,
Сендерді көріп көк пен жер.
Бетінде көлдің жосыңдар,
Әуенге әуен қосыңдар.
Тебіренсін Торғай, Тосындар,
Аялап күтер сендерді
Кәдірдей менің досым бар.
Сендерді көріп сергитін,
Серілік көңіл-хошым бар.
Шектесіп ұшқан аққулар,
Көк төсін құшқан аққулар.
Кезеніп мылтық жүрмесін,
Кезігіп дұшпан, аққулар.
Күзде де кетпей бұл жақтан,
Қалыңдар қыстап, аққулар,
Ақкөлден ұшқан аққулар...





Пікір жазу