10.06.2022
  119


Автор: Серік Тұрғынбеков

Аспаннан да асқақ-ау

Аспаннан да асқақ-ау
Ақындардың арманы.
Қолдан қылыш тастамау –
Батырлардың арманы.
Туған жерге гүл өссе,
Ол да болса қуаныш.
Жарқын жайсаң жыл өтсе,
Ол да жанға жұбаныш.
Туған жерге әлдекім
Жиіркенішпен тас атса,
Қайғы шегіп қам көңіл,
Қара түнде қош айтса.
Жауыздықтың сондағы
Белгілі ғой өлері.
Батырлардың қолдағы
Қылышындай өлеңі.
Нағыз ерлер өледі,
Солар үшін налалы ел.
Қылыш кескен денені
Құшақтайды қара жер...





Пікір жазу