10.06.2022
  134


Автор: Серік Тұрғынбеков

СӨЗІМ МЕНІҢ

Сары алтындай сақталған сөзім менің,
Тағдырыңды жиі ойлап көз ілмедім.
Сөз – бала ғой,
Баладан анасының
Қай уақытта көріп ең безінгенін?!
Сөз – бала ғой,
Баланы баптамасаң,
От пен судан – апаттан сақтамасаң.
Ол да жөнге жүреді – жуасиды,
Түзу жолға бейімдеп, қақпаласаң.
Өлең жазып жүргем жоқ осы бекер,
Өлең сөзсіз көңілдің хошы кетер.
Көңілімде күркіреп дауыл тұрса,
Сөзім менің – найзағай осып өтер.
Өлең жазсам боламын қолбасыдай,
Бір батырлық секілді жолдас ұдай.
Сөзім – сақа,
Сақаның алшысына
Ойларымды құямын қорғасындай.
Жыр жарықтық ұқсайды жыл құсына,
Жырсыз көңіл тарқамас бұлты, сірә...
Сөзім – соқа,
Саламын сол соқаны
Қабат-қабат ойлардың қыртысына!..





Пікір жазу