ЖЕТІМ БҰРЫШ
Бұл өзі қайдан шыққан «жетім бұрыш»,
Болғанмен бағытың дөп, бетің дұрыс.
Қазақтың өз жері емес,
Өз елі емес –
Келгендей басқа жақтан секілдіміз.
Азамат қайда барар
Астанасыз?
Бәрінен жан біткеннің жасқанасыз.
Кір жуып, кіндік кескен туған елде
Жүргенің қандай қиын баспанасыз?
Атым бар республика есімінде,
Жеттік қой аман-есен осы күнге.
Жалданып, әлдекімге жаутаң қағып,
Күн кештік бәз біреудің есігінде.
Атының жаманын-ай –«жетім бұрыш»,
Болғанмен жөнің түзу, ниетің дұрыс.
Жатар жер, ұйықтар төсек болмаған соң
Жат елде жапа шеккен секілдіміз.
Апыр-ай,
Бұл неғылған қатал заман,
Кіруге кісі үйіне бата алмаған.
Еш қазақ баяғыда жан адамнан
Төлетіп жамбаспұлын ақы алмаған.
Қайда да үйренгенбіз ізет қылып,
Ұятқа бетімізді «дыз» еттіріп.
Налымай тағдырыма қалай тұрам,
Есігін қойса біреу күзеттіріп.
Сенделтіп қойғанын-ай есіл жұртты,
Бұл қазақ кімнің, сірә, несін құртты?!
Әкеден жетім болып өсіп едім,
Үйден де көріп жүрмін жетімдікті.
Адамдар көңілінен сый үзбеген,
Қалайша бірін-бірі мүйіздеген.
Кезімде қызға барып, қызық көрер
Сандалып күйге түстім үй іздеген.
Үй үшін төздік талай азапқа да,
Үй үшін қалдық талай мазаққа да.
Жанында «жетім бұрыш» бүрсең қағып,
Тұратын тек бірыңғай қазақ қана!
Үй-жайсыз жаздың өзі секілді қыс,
Маңдайға әжім түсіп, кетілді тіс.
...Қай күні жер бетінен жоғаларсың,
Қазақты қапа қылған «жетім бұрыш»?!