10.06.2022
  91


Автор: Серік Тұрғынбеков

Білгенім де көп еді...

Білгенім де көп еді,
Сезінгенім,
Шыдап бақты бәріне төзімдерім.
Жон арқамнан жатқандай таспа тіліп,
Көрер таңды атқызып көз ілмедім.
Терең батып
Тірліктің тұманына,
Ананы да ойладым... мынаны да.
Таза көңілім алданып опық жедім
Тазысына заманның, құмайына.
Тағдыр бірден тартқан жоқ асыл бақыт.
Жанға жара –
Жат күнді жасырды уақыт.
Өз тарихым тұтасып тың жатқанда,
Басқаларды зерттедім, басым қатып.
Тілімді де бердім мен,
Дінімді де,
Қыр төсінде қаптаған гүлімді де.
Еңіреймін,
Боздаймын,
Аңыраймын –
Енді керек болғанда бүгін, міне!
Қызығам деп біреудің ілкі ісіне,
Қалдым ақыр мазақ пен күлкісіне.
Бәрі жалған дүниенің! –
Соны сезіп,
Басымды идім ақыры Жыр күшіне!





Пікір жазу