10.06.2022
  96


Автор: Серік Тұрғынбеков

Көп қудым қызық думанды...

Көп қудым қызық думанды,
Артымда айқай шу қалды...
Естінің сөзін ескермей,
Еледім өсек, сумаңды.
Тәлкекке түсіп тағдырым,
Танымай туыс-туғанды.
Ада боп ардан, ожданнан
Адамзат неге қуланды?!
Көзімнің алды буланды,
Жанарым жасқа суланды.
Өзімнің төлім тұрғанда
Көтердім көкке буданды...
Тұлпарлар қойды тулауды,
Қырандар қойды зулауды.
Екінші дауға кезіктім,
Бітірмей жатып бір дауды.
Әйел де тілді алмайды,
Бала да қойды тыңдауды.
Оларға әлім келмеді,
Орға жықсам да сұм жауды.
Тағдырым болмай тұрлаулы,
Қуырдақ қылдым қу жанды...
Сілікпем қанша шықса да,
Қоймай-ақ келем жырлауды!





Пікір жазу