Бұл қазақтың көрмеген несі қалды?!.
Бұл қазақтың көрмеген несі қалды?!.
Алдыменен ақылын – есін алды.
Дәстүріне дақ салып, салтын құртып,
Қажет жерде тілін де кесіп алды.
Бұл қазақтың сөзі жоқ есітпеген,
Жауларының кезі жоқ өшікпеген.
Қайда барса, қасынан қалдырмаған
Киіз үйін, қазанын, бесікпенен.
Қолын алмай найзадан – алдаспаннан,
Талай жері жаулаған жан баспаған.
Халқым менің жауынгер,
Туа сала
Арғымақтың жалына жармасқаннан!
Бодан болған жұмақтан тозақ артық,
Арқасына ай сайын азап артып.
Осыншалық жері бар жайсаң елге
Бәз біреулер қарады көз алартып.
Өткізсе де зәнталақ замандарды,
Дей алмаймын барар жол тәмамдалды.
Әне-міне, әупірім тірлігімде
Ән мен күйім,
Әйтеуір, аман қалды!
Сейілте алмай тұтасқан тұманымды,
Кетіре алмай көңілден күмәнімді.
Жұлып кете жаздады уақыт желі
Басымдағы бөркім мен тымағымды.
Жалпақ дала
Жаңғыртып байтақ елді,
Өз атымды айқайлап айтам енді!
Жол бойында жоғалтып алған едім,
Жақұттарым жарқырап қайта келді.
Өткен күнге қалайша бөгелмейін,
Өте қатты сөзімді шегендейін.
Жаутаң-жаутаң қарады қайран қазақ
«Жазығым жоқ еді ғой!» – дегендейін.
Елең болмай өлгені-қырылғаны,
Қайран қазақ торғайдай пырылдады.
Селдіреген сақалы қариялар,
Желбіреген сәбилер тұлымдары.
Қайран қазақ!
Кезің бар не көрмеген,
Жыртығыңды жамадың тебенменен.
Таңдап жүріп марқасқа, жайсаңдарды,
Қойдай тіліп, қозыдан көгендеген.
Доғарайын сөзімді бәрін айтпай,
Қашып шыққан қамыттан арық аттай.
Талай жылдар жүрегі соқпай қалып,
Төсегінен тірілген әруақтай.
Өтті өмір дырумен, дүрмекпенен,
Қайтпас енді бағыттап бір беттеген.
Кім болса да –
Кісіге құл боламын
Елімді елеп,
Халқымды құрметтеген!
Көзге шұқып кім енді мазақ қылар,
Азба, тозба, Адамзат!
Азаттық ал.
Құдай бары егерде рас болса,
Сол құдайдың өзі де қазақ шығар!