О басында батыр туған ел едік...
О басында батыр туған ел едік,
Қар асаған, мұз мүжіген, жел еміп!
Көшіп жүрген құм-теңіздің үстінде
Талай ғасыр түйелерді кеме ғып...
Өткен заман заңын айтсақ көп нүкте...
Айтамыз деп талай азап шектік те!
Қарыс қадам қорамыздан шыға алмай,
Қорқа-қорқа қоян болып кеттік пе?!
Біреулерді мақтаудан да қорықтық,
Біреулерді даттаудан да қорықтық.
Қоғам үшін көз жасымен жазылған
Қолжазбаны сақтаудан да қорықтық.
Жақсы адамға жанасудан қорықтық,
Жаңалықпен санасудан қорықтық.
Әділ пікір қылаң етсе кеудеңде,
Айтып соны таласудан қорықтық.
Лауазымы басым болса бас ұрдық,
Көре тұра жаманаттан қашырдық.
«Төре» қылып төбемізге шығарып,
Тектен-текке төгілдік те шашылдық.
Қалтарыстан,
Көлеңкеден қорықтық,
Бүгін емес,
Дәл ертеңнен қорықтық.
Дәстүрімді –
Жақсы ырымды жасауға
Кең жайлауда,
Ен өлкеде қорықтық.
Тілегенге түбінде біз жетерміз,
Босқа уақыт өткізбеппіз бекер біз.
...Қорқа-қорқа
Қордаланып ой-пікір,
Ақырында
Батыр болып кетерміз!