10.06.2022
  171


Автор: Серік Тұрғынбеков

СУ ТУРАЛЫ ЖЫР

Қиналды қарт хал үстінде жатқанда,
Әлсіз ғана кірпіктерін қаққанда,
Отырды жұрт жан-жағынан қоршап ап,
Күні-түні ұйқы көрмей ақ таңға.
Түні бойы тамшы суды талмаған,
Сол тамшы су аз тірлікті жалғаған.
Кешкі нұрдай көкжиекке көмілген,
Бозғылт тартып бара жатты жан бабам.
Жанталасып жатқаннан соң жан ізгі,
Тамшы суды тағы да бір тамызды.
Талшық қылып талмап-талмап жұтты ол,
Сол тамшыны кірпіктерден және үзді.
Үміт барда үзілмейді бір арман,
Өмір өзі от пен судан құралған.
Көз жасындай тамшы суды соңғы рет
Бір-ақ жұтып, шықпақ болды-ау құмардан.





Пікір жазу