Қарағым, қара көзім, құмырсқа бел...
Қарағым, қара көзім, құмырсқа бел,
Сен маған сәскеде емес, ымыртта кел.
Жайланып жағасында қыдырайық
Жайлаудың төсіндегі жұмыртқа көл.
Кел маған маң манаурап, қас қарая,
Керім қыз сырласудан жасқана ма?!
Мас болып махаббаттың шәрбатына,
Екеуміз ұқсайық бір жас балаға.
Сен мені өртер болсаң, өрте біліп,
Еліттірсін естен тана ерке қылық.
Санашы түнгі аспанның жұлдыздарын,
Жамылып көк шалғынды көрпе қылып.
Келші сен, сырласайық асықпай бір,
Өмірге жаңа келген ғашықтай бұл.
Айналсын басымыздан бақыт құсы,
Құтылсын қасымыздан қашып қайғы.
Күмбірлеп көрейікші перне болып,
Тосайық кеудемізді желге беріп.
Сонан соң... айдың нұры шағылысқан
Екеуміз шомылайық көлге келіп.
Қарағым, қара көзім, кеш келе бер,
Кеш келсең, түспес дейсің еске нелер.
Апыр-ай, қайтер едім, айдын көлде
Шабақ боп қолдан сусып кетсең егер...