Құпиясын орап-шымқап түн жатыр...
Құпиясын орап-шымқап түн жатыр,
Кештің түйткіл күйбеңі де тынды ақыр.
Жас келіншек баласымен төргі үйде
Аунақшыса –
аунап барар кім батыр.
Қараңғы үйде ешбір қыбыр сезілмей,
Тіршіліктің тылсымынан безінбей.
Жалғыздыққа жазықты боп жар жатыр,
Жігіт жатыр –
көңілі ояу көз ілмей.
Телмірген түн.
Көнер ме екен таң бұған?
Кім бар екен осынау үш жанды ұғар?..
Бірін-бірі аңдып жатыр үш бейбақ,
Қайран дүние...
Адамды адам аңдыған.
Бала жатыр... етек жиған, ес біліп,
Ана екеудің көкірегін тесті үміт.
Аттай шапқан үш адамның жүрегі
Бір-біріне тұрғандайын естіліп,
Әйел жатыр... әлденеге күрсініп,
Әрең жатыр қос құлағын тыңшы қып.
Күйеуінен ерте айырып тағдыры,
Еркіндікке емексіткен тіршілік.
Жігіт жатыр... жолаушылап үйге кеп,
Дәл қазіргі жағдай бөлек, күй бөлек.
Тәттілікке тілеп жатыр сәттілік,
Сезім – арқан
алға қарай сүйрелеп.
Науа көңіл, нар тәуекел, нар тілек,
Алқындырар ауыр міндет артты көп.
Еріншектің епсіздігін көрсетіп,
Келіншектің көрпесінен тартты кеп.
Әйел сонда әлденеден қысылды,
Жамылғыны жігіт төмен ысырды.
Көрпе ішіне кіріп кетті ыстық дем,
Бәлкім, олар бірін-бірі түсінді.
Барып еді бөтен, бөгде ой келмей,
Жатты әйел жағаласып, бой бермей.
Жатты бала өз-өзінен буынып,
Бұдан басқа қызық көрмей, той көрмей.
Құпиясын орап-шымқап түн жатыр,
Тентек көңіл тепсінді де тынды ақыр.
Намысына найза байлап алысқан,
Әйелдер-ай...
Әйелдер ғой шын батыр...