10.06.2022
  97


Автор: Серік Тұрғынбеков

Айтшы маған, әлде осы сайран ба өмір...

Айтшы маған, әлде осы сайран ба өмір,
Қайда барып қайтпайды қайран көңіл?!
Жүрегімді жұлмалап жүр осы күн,
Кейде артық, кейде кем жайлар небір.
Қызығына баттым ба бақта бидің,
Сол үшін суға түсіп, отқа күйдім.
Қызуына бөленіп қызба кездің,
Қырындадым қызына жатқан үйдің.
Жігіт деген, шынында, қызба халық,
Қызынады алдымен мұздап алып...
Ерініне еріксіз жармастым ба,
Көшедегі көрінген қызға барып?!
Бір-ақ құшу, бір сүю арманым ба
Әлдекіммен оңаша қалғанымда?!
Толықсыған тотыдай талайларды
Көңіліммен, көзіммен арбадым ба?!
Өйткен болсам, шынында, айыптымын,
Көңіл – теңіз, жүрегім қайық бүгін.
Рас болса осыным, жарым менің
Жығылмай ма алдыма жайып бұрым?
Жылап тұрып, көз жасын көлдетпей ме,
Өсек деген өрекпіп жел кетпей ме.
Ыза деген арадай ызың қағып,
Тар кеудені тұрмай ма кернеп кейде.
Ойлар... ойлар... ой деген кетер емес,
Кейде тіпті тудырар бекер егес.
Көңіліме сенбеймін...
Көңіл деген...
Көңіл деген қай жаққа жетелемес...





Пікір жазу