Көкжиектен көрінген қазбауыр бұлт...
Көкжиектен көрінген қазбауыр бұлт,
Әкеле көрме әйтеуір жазға ауырлық.
Астында туған жердің аспанының
Өзіңді ерке желдің қозғауын күт.
Қаз-үйрек қалмасыншы ұшпай көлде,
Қысылып шығып едім қыстай мен де.
Басайын жаз жалғанды жалпағынан,
Әйтеуір қорғасынға ұқсай көрме.
Жаңбыр боп аспан-жерді жалғағайсың,
Жат жаққа ауа көшіп бармағайсың.
Үлпілдеп тұра берші аспанымда,
Әйтеуір, жұрт үрейін алмағайсың.
Антарлап аспан астын шиырлайсың,
Нұр болып туған жерге құйылғайсың.
Бұлттар-ай – дүниенің берекесі,
Сен менің маңдайыма бұйырғайсың.
Тәкаппарлық бар ма әлде туысыңда,
Кейде тауды ұстайсың уысыңда.
Жасырынып жатасың анда-санда
Менің құйттай кеудемнің қуысында.
Бұлттар, бұлттар!
Ақсыңдар, қарасыңдар,
Қай жерден қашан сая табасыңдар?!
Кейде тіпті қамшы боп от үйіріп,
Кейде тіпті тамшы боп ағасыңдар.
Қаншама қадіріңді мол ұқса да,
Қорқады-ау кейде сенен халық дана.
Аспанда оқ пенен оқ жолықпасын,
Бәрібір бұлт пенен бұлт жолықса да.
...Әне бір көзге іліккен қазбауыр бұлт,
Әкеле көрме әйтеуір жазға ауырлық.
Астында туған жердің аспанының
Өзіңді ерке желдің қозғауын күт.