КІМ ЖАУ?
Бұл өмірде көп қақтығыс,
Көп егес,
Атыс-шабыс,
Алыс-жұлыс,
Төбелес,
Достарым да толып жатыр,
Ал бірақ
Азын-аулақ жауларым да жоқ емес.
Дүние түгел тұнып тұрған сиқыр-ау,
Қажет емес
Құр түршілік,
Күйкі – дау.
Өмірімнің алып кеткен жартысын
Бір жау болса,
Осы маған ұйқы жау.
Көктем шуақ,
Көңіл деген сылқым-ау,
Қажет емес
Құр қылымсу,
Жылтырау.
Білдірмейтін уақытымның өткенін
Бір жау болса,
Осы маған күлкі жау.
Ерте пісіп,
Ерте толып,
Ерте ұнау.
Ол да сенің осал жерің –
Дертің-ау.
Алдап тұрып,
Арбап алар жаныңды
Бір жау болса,
Әйелдердің көркі жау.
Мүмкін бе екен,
Жақсы сөзге жылымау,
Ерте солма, кеудемдегі гүлім-ау.
Өсірмейтін,
Көшірмейтін ілгері
Бір жау болса,
Өсекшінің тілі жау.
Мүмкін бе екен
Шын талантты танымау.
Мұңаймашы, шырайланшы, жаным-ау.
Қалтарыста қағып алған қалтаңды
Бір жау болса,
Қарақшының қолы жау.
Жақсылықтың оты мәңгі лаулаған,
Қастандықтан қан көрмейін саулаған.
Бейбіт күнге
Бұғып жатып оқ атқан
Бүлікшілдің
Бәрі бірдей жау маған.