10.06.2022
  122


Автор: Серік Тұрғынбеков

ҚАЛАДАҒЫ ҚАРАҒАЙЛАР

Қаладағы қарағайлар,
Келесіңдер ғұмыр-бақи
Шаң жұтып,
Кездерің көп даланы ойлар,
Ашық арай таң күтіп.
Бүріседі бұтақтарың,
Салқын соқса әл бітіп.
Қаладағы қарағайлар,
Шын ұғам.
Тәңірідей тұрыстарың дәл бұлай.
Ағыл-тегіл машинаның шуынан
Келесіңдер қалғымай.
Көктемеде қайтқан құстың ұясынан
Алқымыңа, қарағайлар, біз өтуге
Жол жоқтай.
Тыныштықтың күзетінде
Сапта тұрған солдаттай.
Шуақты күн шығарғанда шырайын,
Бір сұлулық билеп алар аңдатпай.
Қарағайлар, қалың нулар,
Мұнардың
Тұратыны-ай тас төбеде тиеліп,
Мен қыздарға сыр айтуға құмармын,
Саған ғана сүйеніп.
Жүрсіңдер ме ғашықтардың түсіне
Жиі еніп?!
Өте алмаймын көңіл бөлмей,
Қаладағы қарағайлар.
Сені бойлап келеді керім жеңгей,
Нар ағайлар.
Сенің терең тамырыңдай
Тал бойыма тарады ойлар,
Қаладағы қарағайлар.





Пікір жазу