10.06.2022
121
Айналаны ішіп-жесе момын жел...
Айналаны ішіп-жесе момын жел,
Момын желге қырқа біткен жоның бер!
Көктем келсе ағыл-тегіл дүние,
Еріп сала береді ғой көңілдер.
Алдан шықса гүл бәйшешек сызылып,
Қалар ма екен сезімім де бұзылып?!
Алты ай қыстың жіңішкерген аяғы
Бүгін-ертең кетер ме екен үзіліп?!
Ақ бас шыңдар арбағанға алданбай,
Ақ бұлақтар болса-дағы жар қандай,
Бұлқынады бұла шыңның бойында,
Жұлқынады жау жағадан алғандай.
Дөңбекшиді дөң үстінде тастар дәу,
Шұбар шыңнан қажет еді жас парлау.
Осыншалық олпы-солпы дүниеден
Мүмкін емес бір бұлқыныс басталмау.