10.06.2022
  125


Автор: Серік Тұрғынбеков

АУЫЛҒА КЕЛГЕНДЕ

Екпіндеп кетіп қапты елден қашық,
Аққудай шөлге қонған көлден қашып.
Бұл Сәкен ауылына келе жатыр,
Бетбақты бір-ақ өтіп белден басып.
Өтсе де, сан құбылып, не түрленіп,
Бұл өмір бірте-бірте бетін беріп.
Көңілінде «Ақсақ киік» күй-әуені,
Өзі де ақсақ киік секілденіп...
Жеткенше ауылына асықты үміт,
Кеудеде бір сағыныш тасып-тұнып.
Мінеки, жеті ай бойы жасырын жүр,
Омбының түрмесінен қашып шығып.
Қаншама одан бері ай, күн өтті,
Ыдырап көңілдегі қайғы кетті.
Барғаны Баянауыл –
Байыз таппай,
Содан да ақын жүрек айнып өтті.
Ақынның көңілі пәс, ғаріп жаны,
Ат мінбей,
Жаяу жүріп арықтады.
Дұрыстап бір дем алып жатпақ еді,
Тыныстап қайда барса жарытпады.
Баяннан бермен қарай бет алғалы,
Ауылынан ұзап ақын кете алмады.
Жасырын жүрген жанның
Жөні бөлек –
Жеткісі келсе дағы,
Жете алмады.
Бәрібір табады ғой сүйсең жүрек,
Жағдайға күнбе-күнгі икемді боп.
Өзгертті –
Түрін,
Түсін,
Киімін де,
Есімі Сәкен емес,
Дүйсенбі боп.
Өтті ол –
Талай асу, талай белден,
Бұл күнге аман-есен қалай келген?!
Көздерден күдік алып қашқақтады,
Өзіне қайта-қайта қарай берген.
Өмірдің жолықса да дауылына,
Тірліктің бітпесе де дауы мына.
Сонда да сағынышы сейілмеді,
Аяулы анасына,
Ауылына.
Көрсетпей көпшілікке жүзін дәйім,
Гүрс етіп құлағандай ұзын қайың.
Дүңк етіп жайсыз хабар жетті дағы,
Жоғалып кетті сосын ізім-қайым.
Содан соң –
Хабар да жоқ, ошар да жоқ.
Алдантып алар да жоқ, қосар да жоқ.
Түзде ме,
Түрмеде ме,
Өлі-тірі –
Жат хабар,
Жаман хабар боса да жоқ.
Келсе де табылмайды іздегісі,
Қосылып қарлы қысқа күздегі ісі.
Алты ай жаз,
Аң аулаған Сейфолланың
Көп еді үйдегіден түздегісі.
Қаумалап қалың ойлар қамағанда,
Сарсылтқан салмақ салып санаға да.
Жөн сұрап,
Өткеннен де,
Кеткеннен де –
Әйтеуір, шырылдаған Ана ғана.
Алқынып алыста да, жуықта да,
Шарқ ұрып ыстықта да, суықта да.
Ананы,
Баланы да,
Екі жақтан,
Сақтаған
Сар сағыныш – үміт қана.
Көздегі,
Көңілдегі қырағылық,
Толассыз қиялында тұр ағылып.
«Үф» десе,
Үзіліп-ақ кетердейін,
Сөнбеді көңілдегі шырақ-үміт.
Түскендей,
Сабыр-сана сабылысқа,
Көнбейді көңіл шіркін бағынысқа.
Үлкейіп шырақ үміт,
Жана-жана,
Алаулы –
Айналғандай сағынышқа.
Ауылы Ақадырдың қабатында,
Айдын көл, салқын самал сабатында.
Шіркін-ай,
Одан асқан бақыт бар ма,
Сол сәттің,
Сағынышты сағатында.
Тәңірім, туған жерге жат қылмасын,
Құтты күн –
Қайтатұғын сәт туғасын,
Тізгінін тежеместен,
Тартты Сәкен,
Ауылға тура бұрып аттың басын.
Ешкімге сәлем айтып, хабарласпай,
Ешкімді елеңдетпей, алаңдатпай.
Кісіге қашып жүрген қаңқу сөз көп,
Қызыл сөз – қызыл отты жалаңдатпай.
Ешкім де шешіп болмас ақылменен,
Кеңесіп, келіссең де мақұлменен.
Ауамен, желмен жетіп жатты хабар,
«Ауылға Сәкен келе жатыр», – деген.
Аттарын біреу ерттеп, біреу жайдақ,
Ызғытып біреу шауып, біреу жәйлап.
Қалың ел
Қауымдасып,
Қарсы алдынан –
Сәкеннің шыға келді андағайлап.
Жүректің жазылмастай жарасына,
Ем болар –
Елім деген дәрі осы да.
Сәкен де
Құстай ұшып кіріп кетті,
Күмп беріп,
Халық толқын арасына!
Білмейді сүйерін де, құшарын да,
Білмейді қанат қағып, ұшарын да.
Қараса,
Есін жиған бір сәтінде,
Тұр екен Анасының құшағында!
Жамалдың зары:
Еңку-еңку ел асып,
Асу-асу бел асып,
Арманыңа жол ашып,
Аман-есен жеттің бе,
Айналайын құлыным!
Достарыңмен жарасып,
Дұшпаныңмен таласып,
Жан-жағыңа қарасып,
Аман-есен жеттің бе,
Айналайын құлыным!
Өзің анда, біз мұнда,
Еріп дырду-ызғынға.
Қызыл деген құзғынға
Жем болмашы,
Құлыным!
Батыл, батыл бас алға,
Қолың беріп нашарға,
Қатарыңнан қашанда
Кем болмашы,
Құлыным!
Әділеттен аспасаң,
Қиянатқа баспасаң,
Бай мен кедей ешқашан
Тең болмайды,
Құлыным!
Ағайынның арасын
Дау санама, құлыным.
Мұсылманның баласын
Жау санама, құлыным.
Бір сөзімде жалған жоқ,
Көкірегімде арман көп,
Айтып бәрін
Анашың –
Тауыса ала ма, құлыным.
Тауыса ала ма,
Құлыным!...
Анасы осылайша зар қаққанда,
Еңіреп көзден жасын парлатқанда.
Ананың еміренген үнін естіп,
Жиылды ел –
Бер жақтан да, әр жақтан да.
Есімі
Анасының Жамал еді,
Құшағы – жұпар иіс, самал еді.
Төрт болып екі көзі төңірекке,
Сәкеннің келер күнін санап еді.
Сәт сайын сағынышы үдеп еді,
Қан жұтып,
Қамыққаннан жүдеп еді.
Күні-түн
Баласының амандығын,
Құдайдан бір көрсем деп тілеп еді.
Тілегін алла бүгін нәсіп етіп,
Бөктерін Сарыарқаның басып өтіп.
Белгісіз қуанғаны, уанғаны,
Еңіреп жылай берді есі кетіп.
Анасы сұлу еді асқан керім,
Қиғаш қас,
Қарақат көз,
Қызыл ерін.
Аңырап біразырақ, мауқын басып,
Ағытып көкіректе қайғы-шерін.
Ауылына жеткен кезде,
Ала таңда,
Сәкен де ұқсап кетті балапанға.
Жамалды демеп,
Жебеп жиылған жұрт,
Көтеріп алып кетті алақанға.
Сәкеннің шыдай алмай жан-жүрегі,
Қамығып,
Қарауытып қалды реңі.
Тұр екен анадайда
Жерді тарпып,
Күрсініп, кісінеді Қанкүреңі.
Таниды Қанкүреңі қабағынан,
Иіскеп құшақтады сағағынан.
Әдепкі әуеніне салды Сәкен,
Айтатын күрең жайлы баяғыдан:
– Күрең ат, күрсінесің, зорықтың ба?
Тыныштықтан күдер үзіп торықтың ба?
Мендей-ақ тыным таппай елден безіп,
Сен дағы сергелдеңге жолықтың ба?
Күрең ат, жабырқайсың, қамықтың ба?
Сағынып Сарыарқаны тарықтың ба?
Тыныштықтан безіп жүрген бір адам мен,
Жолдас боп арып-ашып талықтың ба?
Күрең ат, жабырқама, арқаң босар!
Үйірден бөлген тағдыр қайта қосар!
Жарқырап алдыңнан ай, маңдайыңнан,
Қуаныш, бақытты күн бізді тосар!..





Пікір жазу