Поэмалар ✍️
ОМБЫДА ОҚЫП ЖҮРГЕНДЕ
Аяқтап,
Аз оқуын Ақмолада,
Аттанды жігіт Сәкен жат қалаға.
Омбыда оқитұғын күн туған соң,
Қуанбай –
Қу жаныңда дәт қала ма?!
О, Омбы!
Тағдыры ортақ Отаныммен,
Достасқан Достоевский – Шоқаныммен.
Өзіңе білім іздеп, сусап келдім,
Қанша жыл дәм-тұзыңды татамын мен.
Десе де, оқу деген – тәуір кәсіп,
Сәкеннің жас жүрегі ауылға асық.
Шаттығын ішке бүккен,
Шулы шаһар,
Ол бірден кете алмады бауыр басып.
Ол бірден бауыр басып кете алмады,
Жат елге –
Діні басқа, бөтен жаны.
Алмасып тұратыны бар емес пе,
Өмірдің кермек дәмі – шекер балы.
Тым-тырыс.
Тылсым дүние – естілмеген.
Сүйсініп,
Сөйлеспейді ешкімменен.
Қым-қуыт,
Қилы тағдыр,
Қиын күннің –
Түйінін оңайлықпен шештірмеген.
Ойында
Оқу менен өлең ғана,
Кең дүние,
Кереметтей кенен дала.
Ақылын аямайды,
Ағыл-тегіл,
Ақ басты профессорлар кемел-дана.
Сол ғана,
Селт етері,
Сенері де,
Сол ғана көңіл қойып, көнері де.
Қауызын жаңа жарған қызыл гүлдей,
Ашылып келе жатыр өнері де.
Жаңалап көйлегін де, костюмін де,
Сезгендей бірте-бірте өскенін де.
Қарайлап қатарына, тінте қарап,
Алаңдап іздейтіндей дос көңілге.
Өкінтіп,
Опындырып жыр жүректі,
Омбыда осылайша бір жыл өтті...
Сырласар досы болмай,
Хошы болмай,
Мұң басып,
Қам көңілді құр жүдетті.
Тағы да бір жаз өтіп,
Күз де келді.
Жүрекке ұялатып ізгі өлеңді,
Тілекке армандаған жеткізердей,
Қашанда көңіл табар іздегенді.
Сәт болды іздегенге сұрағандай,
Жамауын жыртық көңіл құрағандай.
Қою шаш,
Қалың қабақ,
Қыран тектес –
Екеуі қарап тұрсаң бір адамдай.
Тұрғандай бірін-бірі толықтырып,
Тағдырдың қойғанын-ай жолықтырып.
Қыран көз –
Бір-біріне бетпе-бет кеп,
Қарады бас-аяғын шолып тұрып.
Сонан соң,
– Мағжан.
– Сәкен.
Қол алысып,
Бір-бірін бауырына ала құшып...
Кешкісін,
Кәнігі бір ақындардай.
Табысып,
Тост көтерді шарап ішіп.
Жастықтың алау жағып денеде оты,
Көп күндер көз алдынан көлең етіп.
Екеуі кезек-кезек сөз сөйледі,
Екеуі кезек-кезек өлең оқып.
Еске алып,
Есіл бойын – Көкшетауды,
Еске алып Қызылжарды –
Ескі атауды...
Бурабай,
Қарқаралы,
Баянауыл,
Қаратау,
Алатауды – бақша-баулы.
Қазақтың қарасы мен ханы жайлы,
Еске алып –
Батыр Баян, Ағыбайды.
Аузының суы құрып,
Ақын Мағжан,
Айтады қайта-қайта Абылайды.
Айтады Абылайдың хан болғанын,
Айтады Нұрмағамбет паң болғанын.
Арқаны әнмен қырған,
Ақан-Біржан,
Атақты бірі – сері, сал болғанын.
Айтылып кейде әні, кейде өлеңі,
Қос сұңқар осылайша ой бөледі.
Сәкен де Көкшетаудың көркін айтып,
Тамсанып: «Біздің жақта...» – дей береді.
– Па, шіркін!
Біздің жақтың жазы қандай,
Күмістей сыңғыр қаққан сазы қандай?
Төс керіп Айнакөлдің айдынында,
Тербелген аққуы мен қазы қандай?
– Па, шіркін!
Біздің жақтың күзі қандай,
Егіннің орып алған ізі қандай?
Таудағы Алматының алмасынан,
Құмарың бір қанбайды үзіп алмай...
Еске алып туған жерді, өскен елді,
Еске алып Қарағанды, Өскеменді.
Еске алып айдай сұлу аруларды,
Арқада аққан бұлақ, ескен желді.
Екі дос –
Даласы мен Тауы сондай,
Жүр екен бір-бірімен қауыша алмай.
Талмастан таңға дейін әңгіме айтты,
Қызығын туған елдің тауыса алмай.
... Кезі еді – Дулатовтың дүрлеп тұрған,
Көңілді бірыңғайлап бірлеп тұрған.
Мамырдың майда желі жанды желпіп,
Бар маңай қызыл-жасыл гүлдеп тұрған.
«Міржақып – төмендердің аласасы»
Деген сөз бола алмайды арашашы.
Ертістің жағасында,
Ен тоғайда,
Өтетін тойдың не бір тамашасы.
– Міржақып үйленетін болыпты, – деп,
– Асылға қандай ару жолықты, – деп.
Гуледі Омбы елін әңгіме-сөз,
– Қай жерге,
Қай ауылға қоныпты, – деп.
Ауыл көп су бойында тізбектелген,
Табылар іздеп барсаң түз, бөктерден.
Осыдан үш жыл бұрын Омбы жаққа,
Міржақып Ахметті іздеп келген.
Заманға қарсы тұрып сор қайнатқан,
Іздеген шығады деп жол қай жақтан.
Екеуі туыс дейді,
Егіз қозы,
Тумысы, туған жері –
Торғай жақтан.
Көгеріп өмірінің көктемінде,
Бір жүрген өмір-асу, өткелінде.
Тоқыпты ғалам сырын,
Заман жырын,
Оқыпты – Ыбырайдың мектебінде.
Сөз тартсақ солай өмірбаянынан,
Тағдырдың құтылмаған таяғынан.
Ол кезде,
«Оян, қазақ!» елді оятып,
Туып тұр Міржақыптың айы оңынан.
Шығарып «Қазақ» газет Орынборда,
Ахаңмен бірге жүрсе қорынған ба?!
Омбыда оншақты күн қалың ойнап,
Деген кез:
– Уа, құдайым, жолымды оңда!
Бозбала болашаққа құштар күндей,
Ол кезде дос та бірдей,
Дұшпан бірдей.
Дәрігер Баймұраттың Омбыдағы,
Бойжеткен үш қызы бар – үш тал гүлдей.
Сарасы – ішіндегі естияры,
Секілді төлдің басы – көштің алды.
Ортаншы – Ғайнижамал,
Міржақыптың,
Ғашық боп соған ауған ес-қиялы.
Үйленіп, қандай жақсы қанаттанған,
Міржақып той жасауға талаптанған.
Кішісі – Гүлшаһра,
Көрген кісі,
Көркіне көзі тоймай қарап қалған.
Қыпша бел,
Қарақат көз,
Қалам қасты,
Ақ жүзі – жауған қардай ең алғашқы,
Жүрегі бозбаланың жарылардай,
Бір серпіп тастағанда қолаң шашты.
Жарасып ұзын бойы тұлғасына,
Беріпті бар сұлулық бір басына.
Назарың ажарына түскен кезде,
Мен кепіл босқа қарап тұрмасыңа?!
Қасында Міржақыптың Сәкен, Мағжан,
Бейне бір дәм татқандай шекер-балдан.
Махаббат машығы боп,
Ғашығы боп –
Күндіз-түн өлең-жырды төпеп жазған.
Үш тоты түлеп өскен бір ұяда,
Ығысқан Міржақыптан тым ұяла.
Қос ақын екі жақтан жұғысады,
Көз тігіп,
Гүлшаһра – Гүлияға.
Гүлия – ерке елік бұлаңдаған,
Бой жетіп бұл күндерде сылаңдаған.
Қосылып өлең жазған,
Қос жігіттің,
Қылығын
Қапелімде біле алмаған.
Ал, тіпті,
Білмек түгіл, мән бермеген.
Ұстайтын білегінен жан көрмеген.
Жүрегі алып-ұшып,
Жалын құшып,
Кеудеге күй ұялап,
Ән кернеген.
Алынбай махаббаттың тас қамалы,
Қос ақын құрығандай басқа амалы.
Кимелеп,
Киіп-жарып кетпек болса,
Тек қана Міржақыптан жасқанады.
Міржақып Мағжанға ұстаз,
Сәкенге де,
Парызы шәкіртінің өтелген бе?
Аяғын аңдап басып,
Екі сабаз –
Біледі қауіп қайда,
Қатер неде?!
Біледі сыйластықты, жарастықты,
Базарға барып талай бал аштыртты...
Оңаша қалған сәтте,
Тұрмай текке,
Туады екеуара талас тіпті.
Кісі еді –
Баймұрат та дара туған.
Ем жасап,
Ел дертіне ара тұрған.
Омбыға оқу іздеп ол да келген,
Мекені Қостанай жақ – Қарасудан.
Тірлікте іздемей ме жаның пана,
Жас жүрек жөн тапса да, жаңылса да.
Бітіріп училище
Отау тігіп,
Үйленді Қаржас қызы Қанипаға.
Ата-ана бағып-қағып, еркелетті,
Үш елік – ерте есейіп, ерте жетті.
Көре алмай үшеуінің бойжеткенін,
Баймұрат,
Әттең, дүние,
Ерте кетті!
Ертістің жағасында,
Көктемдегі,
Ән-думан көкке шалқып кеткен бе еді?!
Қаржастың ауылында,
Пай-пай, шіркін!..
Мұндай той өтпеп еді көптен бері.
Қазақша ән айтылып,
Күй тартылып.
Көрген жоқ тойда толас-сый сарқылып.
Коньяк,
Шампан-шарап,
Ағыл-тегіл,
Қалған жоқ ішілмеген бір жартылық.
Бәрі де әдетімен, әдебімен,
Құр емес сый-сыбаға кәделіден.
Қыз баптап,
Қымыз құйған ыдыс-аяқ,
Байқалған ою-өрнек бедерінен.
Осы ғой ер жігіттің тәтті арманы,
Бойына балдай сіңіп татқан дәмі.
Салады ескі әуенге естен кетпес,
Қызынып,
Қымыз ішіп қарттар жағы.
Жанына асыл сезім ұяларда,
Қыз-жігіт,
Бірін-бірі қия алар ма?
Билейді кезек-кезек,
Сәкен, Мағжан,
Шақырып Гүлияны би алаңға.
Екеуі кезек-кезек иіледі,
Тағдырдың тартқандайын сыйы нені?!
Етегін көйлегінің жел көтеріп,
Құшақтап қыпша белден үйіреді.
Қос жігіт кезек-кезек ұрынғандай,
Шіркін-ай,
Шыдам бар ма шыбын жанға.
Қыз-жігіт,
Қызба көңіл болған сәтте,
Не жетсін бірін-бірі ұғынғанға.
Екеу ғой, бірақ, бұлар,
Біреу емес,
Қылығын қыз байқатса кім елемес.
Сыр бермей,
Гүлия да күлім қағып,
Тұтанып кете ме деп бір ерегес.
Ішінен ізгілікті ырымдамақ,
Кектесіп,
Кетпесін деп қырын қарап.
Шәкірті Міржақыптың бала кезден,
Мағжанды білуші еді бұрыннан-ақ.
Ал мынау,
Сұлу мұртты – Сәкен атты,
Арындап арғымақтай өте бапты.
Жүректің түкпірінен тіл қатады,
Оятып қайдағы бір махаббатты.
Ұстап ап саусағынан Гүлияны,
Еріксіз еліктіріп жымияды.
Ерке қыз көңіліне секем алды,
Жігіттің осы ма деп «зымияны».
Бір шабыт шалқытты ма дем берерлік,
Бір лебіз балқытты ма ем берерлік.
Бөлініп басқа жұрттан,
Бөлектеніп,
Бір жаққа бара жатыр дөңгеленіп.
Қымтады қараңғылық бар алапты,
Оттарын жарқыл-жұрқұл қала жақты.
Ертістің жағасында,
Ен тоғайдың,
Ішіне,
Екеуі еніп бара жатты...
Бір шабыт шалқытты ма дем берерлік,
Бір лебіз балқытты ма ем берерлік.
Бөлініп басқа жұрттан,
Бөлектеніп,
Бір жаққа бара жатыр дөңгеленіп.
Қымтады қараңғылық бар алапты,
Оттарын жарқыл-жұрқыл қала жақты.
Ертістің жағасында,
Ен тоғайдың
Ішіне
Екеуі еніп бара жатты...