10.06.2022
  133


Автор: Серік Тұрғынбеков

«ПАРТИЗАН САЙЫНДАҒЫ» СОҢҒЫ САЙЫС

Айту қиын маған мұның жайын да,
Ей, оқушым, өзің біліп пайымда.
Он жеті адам атылғалы тұр, міне –
Торғайдағы «Партизандар сайында».
Он жеті адам большевиктің жағында,
Жүрген олар Амангелді сабында.
Әбдіғапар алас-күлес күй кешті
Хан болғанмен, отыра алмай тағында.
Осылайша заман түрі бұзылды,
Ел үміті екі жақтан үзілді.
Өз пайдасын тауып жүрген жандар көп,
Айдап салып Алаш пенен қызылды.
Түсіне алмай төтен келген тірлікті,
Елдің іші үріккен қойдай дүрлікті.
Мәселесін өз ойынша шештіріп,
Мәскеу жақтан басқарып тұр бір «мықты».
Туған елдің қажетіне жарар кім,
Қияметке басын байлап барар кім?!
«Шықты!» деген суыт хабар тарады
Қостанайдан қалың қолы Таранның.
Кезең емес күн көретін амалдап,
Не болса да тастау керек тамамдап.
Таран келсе тып-типыл ғып тастар деп,
Алаш жағы қауіп қылды алаңдап.
Күннен күнге Заман түрі сұстанды,
Кім болса да құрту керек дұшпанды.
Дәл сол күні сарбаздармен он жеті
Амангелді темір торға ұсталды.
Болжау қиын үкіметке кім ие,
Қорқаулар көп кіріп алған ініне.
Қостанайдан суыт шыққан қол бастап,
Таран келсе – қараң болар дүние!
Мұның бәрін Алаш жағы кеш білді,
Кеш білді де, осылайша сес қылды.
Таран келсе, Әлібиге ант берген
Амангелді аямайды ешкімді.
Әлібиің одан әрі шоқынды,
Қылп еткізбес құрып тастап сотыңды.
Содан кейін, қалың қазақ қор болып,
Жетектей бер, таяқ беріп соқырды...
Таран тура тартқан кезде Торғайға,
Қалың елге бір қасірет орнай ма?
Жаудың бетін қайтаратын кімің бар,
Кейкі батыр көрінбейді, ол қайда?!
Ырза болмай мына заман кейпіне,
Іздеп дауа жүректегі дертіне.
«Тас-талқан ғып тастасын, – деп, – Таранды»
Әбдіғапар хабар салды Кейкіге.
Кейкі батыр жан-жағына қаранды,
Аждаһадай аузын ашқан аранды.
Торғайдағы «Партизан сай» түбінде,
Азғантай топ күтіп жатты Таранды.
Үркердей топ сыйғандай боп қауызға,
Күтіп жатты кіреберіс ауызда.
Кейкі жатты күні-түні күтініп,
Жалғыз оқты жолдау үшін жауызға.
Күткен сағат келіп жатты ақыры,
Жетті Таран арыстандай ақырып.
Мұрттай ұшты ат-матымен,
Атқан соң –
Кейкідейін қазағымның батыры.
Мұрттай ұшты – мінген аты мертігіп,
Қыратындай келіп еді желпініп.
Атқан оғы мүлт кетпейтін мергенім,
Ата жауын «кәлласына» келтіріп.
Ата жауын «кәлласына» келтірді,
Риза боп ерлігіне ел тұрды.
Көргеннен соң мұрттай ұшқан Таранды,
Қалың әскер кейін қарай серпілді.
Қайран Кейкі арыстандай атылған,
Қалың жауға жалғыз шапқан батыл жан.
Дәл сол күні қамсыз еді қалың ел,
Қамаудағы Амангелді батырдан.
Амангелді бөлек жатыр түрмеде,
Не болғанын білген емес іргеде.
Көңілінде күдік қалды батырдың,
«Кейкі қайтып келмей қойды-ау, бұл неге?!»
Қайран Кейкі қалың жауды жасқаған,
Сенің жөнің бөлек екен басқадан.
Он жеті адам күтіп жатыр ажалын,
Төкеұлы Ер Хакімбек бастаған.
Ер Хакімбек азаттықты аңсаған,
Осы күнді күтіп еді қаншадан.
Қаһарланып кетуші еді қайран Ер,
Қалың жауды жарып етіп самсаған.
Айқай салып, ай туғандай оңынан,
Атын қосқан азаттықтың жолына.
Он алты адам-өзіменен он жеті,
Еріп еді Амангелді соңына.
Қиын еді алған беттен қайтуы,
Өсіп еді заманына сай туып.
Бұл жолды да Азаттық деп түсінді,
Ол да болса Әлібидің айтуы.
Енді бүгін кіріптар боп тұтқында,
Ашу-ыза тығылады жұтқынға.
Торға түссе торғайдай боп қалады-ау,
Не бір маңғаз, мыңқ етпейтін мықтың да.
Азаттықтың жолындағы жаңа өркен,
Сені талай әлдилеген кең өлкең.
Жаңа шыққан сот үкімін орындап,
«Он жеті адам атылады таңертең!»
Ат арытып, атой салған күн-түнде,
Туған жерді қиып кету мүмкін бе?!
Атар таңмен қоштасатын кезінде,
Ақын болып кетеді екен кім-кім де!
Ер Хакімбек қарындашын қолға алып,
Түні бойы ой үстінде толғанып.
Ақтық сөзін ақ қағазға түсірді,
Жазған хаты тиетіндей қолға анық.
«Ұлың жатыр ұлықтардың қолында,
Ауыр жаза, ақтық үкім мойында.
Он жеті адам атылуға бұйрылдық,
Жүргеннен соң большевиктің жолында.
Мен білмеймін большевик пе, Алаш па,
Тағдырымыз түсті бүгін таласқа.
Бақыттымын, мен өлсем де бәрібір,
Туған елге бостандықтың таңы атса.
Алдымыздан туар болса жарық күн,
Азаттығы сол болады халықтың.
Халқым көрер Бостандықтың шұғыласын,
Біз тұрармыз қақ төсінде Тарихтың...»
1919-дың мамыры,
Қиылғанда он жеті адам өмірі.
Бостандықтың боздақтары осылар,
Пешенесін солай жазған тәңірі.
Ұмыт болмас боздақтардың есімі,
Ашылғанда Ақиқаттың есігі.
Құрбан болған он жетінің ішінде,
Кетті бірге Нарынбайдың бес ұлы.
Амангелді атылғанда сол түні,
Торғай өзен қатты тулап толқыды.
Басылмады өксігіндей өмірдің,
Қара жердің тамырының солқылы.
Еткен ісі дүрліктірген ғасырды,
Кім туады енді мұндай асылды.
Басын біреу әкетіпті...
Денесін –
Туған Торғай топырағы жасырды.
Уа, оқушым!
Берілмеші уайымға!
Тағдырыңның салғанынан тайынба!
Он жеті адам – Амангелді сүйегі
Жерленіпті «Партизандар сайында».
Өткен күнге үрейленбе шошынып,
Уа, оқушым!
Зердең болса осыны ұқ.
...Азаттықтың қызыл қаны ағады.
Көктем сайын қар суына қосылып!
***
Өлімі Амангелді болып жұмбақ,
Хабарын айта алмады ешкім шындап.
Кейбіреу ынтасымен білмек болып,
Кейбіреу қашқалақтап жүре тыңдап.
Қастандық бола бермес бұдан асқан,
Баяғы ағайын ғой кіналасқан.
Біле алмай кімнің ісі екендігін
Көреді бірі – орыс, бірі – алаштан.
Торғайдың сеңдей толқып қалың елі,
Шығарып келе жатыр тағы нені?!
Біреулер қасақана: «Мұның бәрін
Бүлдірген Әбдіғапар жағы!» – деді.
Бұл қазақ мұндай кезде «мырза» тіпті,
Көрсетпей қалай бірін құр жатыпты?!
«Алашты» айыпты ғып қою үшін
Кіналап шыға келді Міржақыпты.
Әліби басын тағы ала қашып,
«Бұл іске жатпаймын, – деп, – араласып».
Дүрліккен елдің іші басылғанша,
Кетіпті Орынборға – қалаға асып.
Жауласып бірін-бірі кінәлі ғып,
Жан-жақтан Дуан жаққа шұбады жұрт.
Бүлінді қалың елдің тұтастығы
Ағайын арасына сына кіріп.
Сездіріп сезімінің нәрі аздығын,
Кешегі күйкентайлар қораз бүгін.
Біреулер екі жақтан «пайда» таппақ,
Қоздырып арғын-қыпшақ араздығын.
Ұстатып бір-бірінің жанын қыстап,
Бір сыр бар аржағында мәнін ұқсақ.
Әдейі кейбіреулер араласты,
Арасын ірітуге қалың қыпшақ.
Бірікпей бас қосса да, «сыиаз» болып.
Халықтың қиналғандай күйі аз болып.
Арасы Амангелді – Әбдіғапар
Бөлінді Бегімбет пен Нияз болып.
Жаққанмен бадырайтып аққа қара,
Түбінде бәрін шешер хақ-тағала!
Кінәсі Амангелді өлімінің
Ойысты Әбдіғапар жаққа қарай.
Қандай күш бұл заманды билеткендей,
Адамды бір-біріне илеткендей.
Өлімі Амангелді ойда жоқта
Кейкінің қабырғасын күйреткендей.
Өлімі жан досының жанға батып,
Аузына бір түйір дом алмай татып.
Сөйлеспей еш адаммен, тіл қатыспай,
Үйінде теріс қарап алды жатып.
Құлқы жоқ көңілінің қуанбаққа,
Жұбатып өзін-өзі уанбаққа.
Батырдың өліміне сенбегендей
Алаңдап жүрді біраз Дуан жаққа.
Айғақты, нақты хабар келмегесін,
Анықтап айта алады елге несін?!
Азғантай құландардың басын қосты,
Тірі жан тірлік қылар өлмегенсін.
Көктемде егін егіп, шығыр салып,
Қалың ел күрек, қайла, кетпен алып.
– Халқым-ай! – деді Кейкі, – құдай қосса,
Қалармыз қара күзде болып қарық!
Көрерміз не де болса шығымынан,
Әр істің бойға сіңген жұғымынан.
Тілейік келер күннің тыныштығын
Болғанмен кеше қырсық, бүгін лаң.
Уақыт көрсетеді бір есебін,
Сол жақсы – тыныштықты тілесе кім?
Жалғызым – Амангелді жоқ болған соң,
Қан төгіп, қайда барып күресемін.
Онан да жатқан жақсы көтті қысып,
Бұйырған дәм-тұзыңды татып, ішіп,
Бұл заман белсенді мен белдінікі,
Түбіне талайлардың жетті «пысық».
Солардан бойымызды салып аулақ,
Жатайық үйімізде еркін аунап.
Келер күз еңбегіміз еш кетпесе,
Мол егін белуардан шығар қаулап!
Мақұлдап батыр сөзін ер Қылышбай,
Түскендей одан әрі болды нықтай.
– Ағайын! Бірлік керек! Ел болмайды
Жүргендер бұдан былай жөнді ұғыспай.
Заманның барады үдеп жамандығы,
Бір тиын болып қалды адам құны.
Сақтауға қалың елдің тыныштығын,
Кейкінің бізге керек амандығы!
Сол үшін бірігейік басты қосып,
Керек қой кім-кімге де жөн мен жосық.
Данышпан Абай атам айтқандайын:
«Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып».
Дегенде ер Қылышбай, қалың құлан,
Бірігіп тастағандай болды ұран:
– Жолында Азаттықтың тер төгеміз,
Біз бармыз – аман болса Кейкі қыран!
Кешегі жауынгерлер қалың жасақ,
Қалғандай мәз-мейрам боп қайта жасап.
Қаншама діні қатты десең-дағы,
Кейкі де күй кешкендей іштей босап.
Шашқандай күн де нұрын алтын арай,
Айтылып болғаннан соң сөз бірталай.
Қолына күрек, қайла, кетпен ұстап,
Жөнелді қалың құлан қырға қарай.
***
Ол күнге жараспайды аяң тірлік,
Сол үшін біраз жайды баян қылдық.
Орнына Амангелді өлгеннен соң
Қойыпты Токаревты «военком» қып.
Токарев – бұл Торғайдың төл баласы,
Қазаққа қалыптасқан көзқарасы.
«Военком» орыс болсын деген кезде,
Шамасы, Әлібидің жолдамасы.
Атасы егін егіп, кәсіп көрген,
Қазақтар кең құшағын ашып берген.
Шамасы, бір ғасырдай болып қалар,
Торғайға Рязаннан көшіп келген.
Кім білсін, неге келген, не себептен,
Ол жағын ешкім болмас есеп еткен.
Токарев қазақтармен бірге жүрді,
Азаттық айқасында кешегі өткен.
Талқыңды бірге көріп, азабыңды,
Салтыңды, дәстүріңді – ғажабыңды.
Мақалдап, мәтелдеп бір сөйлегенде
Аттатпас анау-мынау қазағыңды.
Торғайға тұрақтаған көріп ырыс,
Күн көрген тату-тәтті болмай ұрыс.
Бұл жайды естігенде депті Кейкі:
– Өзі орыс болғанменен, жөні – дұрыс.
Есімі Токаревтің – Николай-ды,
Өтпей-ақ келгеніне бірталай күн,
Өзіне орынбасар қылмақ болып,
Кейкіге іздеу сапты «бұл қалай?» деп.
Кімді де шын іздесе тез-ақ табар,
Жамандық кімге жақпас, кімге жағар?!
Жер жыртып, егін егіп жатқан кезде
Жетіпті Кейкіге де бұл бір хабар.
Хабарды естіп Кейкі сәл ойланып,
Жүзіне хабаршының қарай қалып.
Қасында Қылышбай бар, екі-үш адам,
Шығыпты оңашалау маңайға алып.
– Білмеймін барсам ба әлде, бармасам ба,
Туған жер артық қайда шарласам да!
Орныңды басайын деп, оған барып,
Орыстың етегіне жармасам ба?
Қылышбай шын қиналды біліп мұны,
Болған соң ете жақын іліктігі.
Тағдыры Амангелді еске түсіп,
«Тағы да салмаса, – деп, – іріткіні».
– Қайтесіз, – деді, – батыр, соған барып,
Алды-артын бұл істің де бағамдалық!
Батырды жедел іздеп жатуынан
Қалғандай бір қауіпті тағы аңғарып.
Демейді бұл келісті батыр тегін,
– Рахмет, артқан екен ақыр сенім!
Айта бар, Мәкалайға, менен сәлем,
Қол тимей... егін егіп жатыр дегін.
Николай бұл хабарды місе тұтпай,
Қиналды жауабының мәнін ұқпай.
– Қайтпасам болмайды екен өзім барып,
Ол неге жатып алды үйден шықпай?!
Деді де, дайындалды жол қамына,
Бара алмай істің байып, талғамына.
– Кешегі жауды қырған батыр Кейкі,
Бұл күнде қорқақ болып қалғаны ма?!
– Жол алыс, біраз жерге барып қонсақ,
Бір атты жетегіне алып қосақ.
Күн туса әлдеқалай... дегендейін,
Соңына ертіп алды әскер – жасақ.
– Болжармыз болған жайды бара көріп, –
Бір үміт жалп еткендей жана беріп...
«Тоқанай», «Құмкешудің» үстіменен,
«Тастыға» жетті олар ара қонып.
«Тастыға» сәске түсте келді жетіп,
Қолдағы қызыл туды желбіретіп.
Қан көрген, қызыл көрген күні кеше,
Қалғандай мына жайға ел дір етіп.
«Жалдама» жағасында еңістегі,
Кейкі де елмен бірге егісте еді.
Токарев кідірместен тартты сонда,
Кейкімен толатындай кемістігі.
Кейкінің байқап бейбіт кезін анық,
Бусанып – бір тамшы жас көзіне алып.
Әскерін жар астында қалдырды да,
Кейкіге сәлем берді өзі барып.
Қалған кез күн еңкейіп болып бесін,
Бейне бір сұрағандай мұрсат, кешім.
Қолында қаруы жоқ, кемсең қағып,
Кейкіге қадам басты, ашып төсін.
Қарусыз Николайды көріп көзі,
Құшағын аша түсті Кейкі өзі.
Болған соң біраз үнсіз құшақтасып,
Сондағы Николайдың айтқан сөзі:
– Бойында жігері мен намыс бар жан,
Қалайша Ел ісінен қалыс қалған.
Амал не, арты қайыр болсын дейік,
Айрылдық Амангелді арыстаннан.
Мергенсің қалған Елге аты шығып,
Жатқаның жарамайды үйде бұғып.
Бар болса Амангелді бүйтер ме едім...
Деді де көздің жасын алды сығып.
Кейкі де сөз сөйледі көңілі толқып:
– Жалғанда жүргенім жоқ жаннан қорқып.
Халқыңның кәдесіне жарамасаң,
Онан да көзге түспей өлген артық.
Мен-дағы жүргенім жоқ жаным сақтап,
Отырмын көп нәрсені бойға шақтап.
Халықтың азын-аулақ басын құрап,
Жайым бар егін егіп, жатқан баптап.
Николай деді сонда:
– Сіз бір ерек,
Адамсыз, болып тұрсыз бізге керек.
Кешегі Амангелді кеткеннен соң,
Бәрінен тұлғаң дара, орның бөлек.
Басыңнан аз-ақ жылда өтті нелер,
Бақытын болашақтың теңдей бөлер.
Керексіз туған Торғай, жалпақ елге,
Мұндағы азғантай ел күнін көрер.
Бір болдық күн түскенде басымызға,
Бірге өстік, бірге ойнадық жасымызда.
Кешегі Амангелді орын басар,
Бір батыр болу керек қасымызда.
Кешегі Амангелді еркін еді,
Соңына біздейлерді ертіп еді.
Өзіңді күтіп отыр бүкіл Дуан,
Бұл менің сөзім емес, ел тілегі!
– Тамырым! – деді Кейкі, – сөзің жөн-ақ,
Келген соң бос қайтпассың етіп талап.
Барармыз содан кейін, жатып дем ал,
Екі-үш күн ауылымда болып қонақ.
Николай бұл уәжге қалды тоқтап,
Дәм-тұзын қазақтардың кетпей аттап.
Ішінен деп ойлады, бәрі жөн-ау,
Аттансам осы арадан «құдай сақтап!».
Құландар қызмет қып басын қосып,
Қой сойып, қол қусырып, асын тосып.
Әйтеуір мәре-сәре болып жатыр,
Кім білсін, не күтіп тұр, қандай жосық?!
Белгісіз түсірері қандай күйге,
Саясат секілді бір алтын ине,
Кім білсін, көшетінін қандай қолға,
Азамат бір күн түзде, бір күн үйде.
Әзірге Николайдың жүзі жайраң,
Сезілмей қауіп-қатер әлдеқайдан.
Николай Кейкіменен бір-екі күн,
Құс атып, киік қуып, салды сайран.
Жатқан соң бір-екі күн аунап-қунап,
Кейкі айтты тұрған сөзді ішті қырнап.
– Әскері Николайдың «Ақтастыда»,
Жатыр деп біздің ауыл жүр ғой шулап.
Несіне әскер алдың маған сенсең,
Көнбеймін әскеріңе, саған көнсем!
Тамыр-ау, кім бар сені қуатұғын,
Алшаңдап ауылыма жалғыз келсең!
Николай:
– Батыр-еке, етпе қауіп,
Бұл сөзді айтып тұрсыз жөнін тауып.
Жол бойы – жалғыз-жарым жүру қиын,
Қарақшы, қашып-пысқан елден ауып.
Дегенге батыр – аңғал қалды сеніп,
Күдігін ішіндегі бірден жеңіп.
Табысып «тамырымен» тәңір қосып,
Дуанға ертең ерте кетпек еріп.
Кейкінің айтқан сөзі бір-ақ кесім,
Жасады ойда-жоқта шұғыл шешім.
«Шырағым, бұл қалай?» – деп қауіп қылған,
Қарттардың елең қылмай әңгімесін.
Бұл жайға қарсы болды Қылышбай да:
– Кейкі аға, осы сапар бермес пайда? –
Десе де, мерген сөзге дес бермеді,
Кейкі өзі келіскен соң тұрыс қайда!
Шығарып салды оларды ел таң ата,
Кемсеңдеп Бекіш ата берді бата,
Әскері соңнан еріп Николайдың,
Дуанға тартып кетті жылдамдата.
***
Қастықтан адам басы сау бола ма?
Бұл хабар тарап кетті тау, далаға.
Өтірік, өсек-аяң желдей ескен,
Өлімі Амангелді дау-далаба.
Торғайды арғын, қыпшақ мекендеген,
Кезі жоқ бірін-бірі бөтен деген.
«Батырды Амангелді қапылыста
Өлтірткен Әбдіғапар екен!» – деген.
Осы сөз айтқан ант пен серттей болып,
Тарады қауға тиген өрттей болып.
Қыпшақтың Бегімбет пен Ниязына
Жабысқан жазылмастай дерттей болып.
Шуласты қала болып, дала болып,
Арасы ағайынның ала болып.
Кешегі мақтау, мадақ орынына,
Әр сөзі ағайынның жала болып.
– Торғайдың ұйымдасып тектілері,
Тыншыды орындалып бек тілегі.
Алашпен сыбайласып Әбдіғапар,
Түбіне Амангелді жетті! – деді.
Жиылып Бегімбеттің жігіттері,
Бір жерге басын қосты біріккелі.
«Ханымыз» қанға жерік болған екен,
Салайық біз де барып бүлік!» – деді.
Батырдың мойынына қанын жүктеп,
Жайғасып қалай енді жанын күтпек.
Алмаққа батыр құнын, кек қайтарып,
Кетеміз дүние-мүлік, малын да үптеп.
Жері жоқ бізден қашып құтылатын,
Қалай да кезі келді ұтылатын.
Өзіміз қолдан қойып, хан сайладық,
Жөні бар басқа шығып «құтыратын».
«Құтыртып» болмас енді қойғанымыз,
Бетке ұстар сыпырылды қаймағымыз.
Келеді, Әбдіғапар, саған да өлім,
Іске асса орындалып ойдағымыз!
Осылай Бегімбеттер етті бітім,
Кісінің алатындай зәре-құтын.
Шығарды азаматын бір-бір үйден,
Қырық үй, яғни қырық түтін.
Асығыс қырық жігіт қонды атқа,
Тізіліп жауынгердей тұрды сапта.
Бетке алып «Көртоғайды» кетті аттанып,
Баяғы хан ордасын тіккен жаққа.
Басшысы – Көшімбек пен Бектепберген,
Жан ба олар күш-қайратын шектеп көрген?!
Олар да атышулы мерген еді –
Аң-құсты қанжығаға көп бөктерген.
Ойлай бер ердің бағы таймасын деп,
Іс қылма елдің соры қайнасын деп.
Аттанды қырық жігіт атқа қонып,
«Ауылы Әбдіғапар, қайдасың?!» – деп.
***
Басына жақсылардың бақ тұрмаған,
Бұл заман кімді дірдек қақтырмаған.
Кейкілер күн-түн қатып, тынбай жүріп,
Ақыры келіп жетті «Ақмырзаға».
Кімге – сор, мына заман кімге – бақыт,
Кім күтер несібесін үйде жатып.
Ат басын тірегенде «Ақмырзаға»
Қалған кез қас қарайып, күн де батып.
Қазақтың күтер болса әр ауылы,
Кейкінің бұл да болса даралығы.
Қалың ел мекен еткен «Ақмырзаның»,
Торғаймен он шақырым аралығы.
Кейкі айтты:
«Қалдық әбден қажып, шаршап,
Дуаның осы араға емес алшақ.
Қой сойып, қол қусырып күтпес бізді,
Дуанға жарамай ма ертең барсақ!»
Токарев тықыршыды мұны естіп,
Әйтсе де сездірмеді түсін сес қып.
Деді де қоя салды көңілсіздеу:
– Батырым, қалай айтсаң, солай шештік!
Бармайды ол әдейі ерегеске,
Болмайды батыр сөзін елемеске.
Көкейде тұрған сөзін айта алмады,
«Дуанға жетіп қонған жөн емес пе?!»
Отырған алқа-қотан қалың ауыл,
Кейкіге бірі – туыс, бірі – бауыр.
Баласы Наушабайдың Әбдіхалық,
Тұрмысы талайлардан болған тәуір.
Қыпшақтың жатады ол да бір байына,
Белгілі ұзын Торғай, Сыр бойында.
Кеуделеп кететіні және де бар,
Келмеген кісі болса ыңғайына.
Ісі – оңды, айтар сөзі анық еді,
Бақыты талай жерде жанып еді.
Заманы қақпақыл ғып қолда ойнатқан,
Кейкінің жағдайына қанық еді.
Еңселі Әбдіхалық ақбоз үйі,
Басқадан оқшауырақ, бөлек күйі.
Кейкі кеп аттың басын тірегенде,
Тартатын осал болмас оған сыйы.
Қалжырап ұзақ жолдан жетсе де әрең,
Жадырап кеткендейін болды әлем.
Үйіне Әбдіхалық Кейкі батыр,
Қол беріп кіріп келді беріп сәлем.
– Ассалаумағалайкүм!
– Уағалайкүм...
(Тектінің бірін-бірі табары айқын).
Әуелден Әбекеңнің Кейкі батыр
Ерлігін, жомарттығын бағалайтын.
Екеуі бір-біріне құшақ ашып,
Көрісті бет сүйісіп мауқын басып.
Қуанып, құрақ ұшып қалды Әбекең,
– Батырды кез қылды, – деп, – қандай нәсіп!
Кейкі де кең көсіліп айтты жайын,
Әбекең басын шұлғып айтқан сайын.
Сапарын әбден біліп алғаннан соң,
Дегендей ыңғай берді «қылма уайым!»
– Қонасың. Түні бойы қонағымсың,
Қиғаның артық болмас маған бір түн.
Дем алып, ас-су ішіп, ат шалдырып,
Сонан соң жүріп кетсең болар, мүмкін.
Тынықсын, қажыды ғой Мәкәлай да,
(Жетеді Әбекеңде ақыл-айла).
– Дуанға сәске түспей жетерсіңдер,
Құр-босқа асығыстық бермес пайда.
Кейкі айтты:
– Және де бар екі-үш солдат,
«Көтеріп» келе жатқан мені «қолдап».
Әбекең:
– Саспа, – деді, – олардың да
Береміз қонақасын бір үйде оңдап.
– Сапардың білсең осы мәні-жайын,
Мен емес сарнап салар сарыуайым. –
Көрсетіп Токаревты деді Кейкі:
– Қасымнан қалмас менің Мәкалайым!
Жағдайды түсіндірді батыр жайлап,
Не істеуге басын талай қатырды ойлап.
Тік тұрып тізесінен қалың ауыл,
Қой сойып қара қазан жатыр қайнап.
Дәм ішіп, түн ортасы ауған кезде,
Бой босап, тірілгенде ұйқы көзге.
Төсекке тығып басын Токарев те,
«Қорылға» бір таусылмас басты лезде.
Жатарда деді Әбекең пейіл қылып:
«Қайтайық үй сыртында сейіл құрып!»
Кейкі де келіскендей ишара ғып,
Құптады айтқан сөздің жөнін біліп.
Түн іші. Тас меңіреу ай қараңғы,
Әбекең сөз айтпаққа ойға қалды.
Батырға батыл айтып жеткізбек боп,
Кейкіге бірер сөзді сайлап алды.
Сол сөздің енді айтар жөні келді,
Көп жайды түптеп тергеп тебіренді.
– Батырды Амангелді аямаған,
Ұшпаққа жеткізе ме сені?! – деді.
Бұл істің тегін емес түрі тегі,
Алдыңда көрешектің тұр үлкені.
Орыстың қақпанына мықтап түссең,
Басыңды тас түрмеде шірітеді.
Немесе, тастайды атып жалғыз оқпен,
Бұл күнде сенің басың бірдей доппен.
Орыстың «пір» тұтары сен емессің,
Салбырап екі аяғы түскен көктен.
Орысқа бола қалдың нағып керек,
Болып тұр мынау ісің елден ерек.
«Кейкіні атып тастайды екен!» – деген
Келіп тұр Дуан жақтан бізге дерек!
– Ах! – деді батыр сонда, –
Мен бе құрбан? –
Деді де үйге қарай жүрді жылдам.
– Өлтіріп өз қолымнан алайыншы
Кегімді Сардар үшін кеткен сұмнан.
Барды да бесатарды алды жұлып,
Николай қолтығына жатқан тығып.
Бір теуіп иығынан оятты да,
Бір тартып көз ілеспей кетті шығып.
Көк шұбар тұр белдеуде ерттеулі,
Далаға шыққанда оны көріп келді.
Тұлпардың жалын тартып бір-ақ ырғып,
Мінді де, қос тізгінге ерік берді.
***
Халқымның Әбдіғапар біліктісі,
Келмейді елдің ішін іріткісі.
Кешегі хан ордасы – «Көртоғайда»,
Қонақтап жатыр бүгін қырық кісі.
Бұл қазақ осындайда ырымшыл-ақ,
Мәнісін біле білсең мұның, шырақ.
Келіпті кек алмаққа – кеңес құрып,
Батырдың Амангелді құнын сұрап.
Сөйлесіп, бір-бірімен сыр алысып,
Сарқытын үлкендердің сұрап ішіп.
Халқымның қалпы да сол, салты да сол –
Күтетін жаудың өзін құрақ ұшып.
Қарасаң Үдербайдың ұлдарына,
Ешкімнің көнер емес ырбаңына.
Осы жол – жауласса да, дауласса да,
Шығады таразының бір жағына.
Осы жол – сыр ашысып, шешілмекке,
Айтылмақ соңғы шешім – кесім көпке.
Қалыпты қаны қатып, қасарысып,
Кешегі Бектепберген, Көшімбек те.
Дақпыртқа біздің қазақ бола ма ие,
Жақпаса бір-біріне қара күйе.
Нияздар қонақасы бермек болып,
Сойыпты сойыстыққа ала бие.
Әулие бір қария ара қонып,
Мән-жайға баға беріп, бара көріп.
– Апыр-ай, – депті сонда, – кетпесе деп, –
Арасы ағайынның ала болып.
Бұл жайды демейді ешкім жөн істепті,
Кезенсе екі жақта кеміс көп-ті.
Төлейсің батыр құнын қайтсең де... деп,
Кеуделеп Бегімбеттер келіспепті.
Қиналды Әбдіғапар таппай төзім,
Адал боп алғанменен ақтап өзін.
«Бұл жайды Әбдіғапар біледі деп»...
Серт етті Әлібидің айтқан сөзін.
Ағайын арасында бірлік құрып,
Өзінше Әбдіғапар тірлік қылып.
– Батырдың құны қанша?! – деп сұрады,
Ел ішін жатпайын деп дүрліктіріп.
– Қылмысын осы шығар мойындаған,
Белгілі болды бірден ойың маған! –
Деді де Бектепберген, кесіп-пішіп,
Батырды өлтірді деп пайымдаған.
– Болған соң Амангелді бақталасың,
Қалайша қашып енді ақталасың.
Көшімбек, – деді сосын, – анықтаймыз,
Дуанға барғаннан соң ақ-қарасын!
– Жаққан соң амал бар ма аққа қара,
Жайым жоқ босқа қорқып сақтанарға.
Сол менің сиынарым, сүйенерім,
Жалғыз-ақ жаратушы хақ тағала!
Іздейін мен өлмеспін, куә мына,
Сенімен азат күннің туарына.
Адал кім, кінәлі емес кім ақиқатын,
Барған соң айтып берем дуаныңа!
Осылай екі жағы сөз байласын,
Ертесін кетпек болды Торғайға асып.
Тұз-дәмі таусылғанша Ер сабазды,
Күтіп тұр келешекте қандай нәсіп.
Тағдырдың таңқалғандай бұл ісіне,
Алаңдап ертеңгі күн жүрісіне.
Ұйықтамай Әбдіғапар жатыр еді,
Бір жігіт кіріп келді түн ішінде.
– Бейсауат жүрген бұл кім түн ішінде,
Жасырын сыр жатқандай жүрісінде, –
Деді де Әбдіғапар, жөн сұрады, –
Айтсаңшы, қандай гәп бар бұл ісіңде!
Қарағым, келіп тұрған Қарғамысың,
Сен кімнің жыртып жүрсің ар-намысын?
Әуелден арылмайтын бір бейнетті
Құдайдың біздің басқа салғаны шын.
Бұлардың түсінбедім ісін мүлдем,
Көрсетіп дігерлейді күшін бірден.
Арандап елдің іші кетпесін деп,
Дуанға өзім барып түсіндірем.
Қарға айтты:
– Ал, Әбеке, қапы қалма,
Қапысыз сенемін деп осыларға.
Мен білсем, мыналардың түрі жаман,
Тұрғандай қатер күтіп осы жолда.
Отырмын бір хабарды ала келіп,
Қалмаңыз қамсыз жүріп далада өліп.
Дуанға апарғысы келмей отыр,
Құтылып кетеді деп пара беріп.
Бұлт шалып бүлініп тұр аспанымыз,
Сонда да сабыр сақтап саспадыңыз...
Жүйрік ат белдеуімде байлаулы тұр,
Әбеке, жөн болады, қашқаныңыз!
Бұл сөзге Әбдіғапар бүгілмеді,
Қашанда шындық еді жүгінгені.
– Ел дауы меніменен бітер болса,
Өлсем де арманым жоқ, бүгін, – деді.
– Әбеке! – деді Қарға, маңғазым-ай!
Бұл іске мен қажыдым, сен қажымай.
Адамсың жаны таза, ары таза,
Көретін сендей жанды бар ма, құдай?!
Жасырын түн ішінде келген бұғып,
Бұл Қарға талай жайды алды ұғып...
Көрем бе, енді қайтып дегендейін,
Бір сығып көздің жасын кетті шығып.
***
Тірліктің бір қалыпта тұрмағаны-ай,
Пейілдің адалдыққа бұрмағаны-ай.
Ертесін таң жұлдызы өшкен кезде,
Аттанды қырық жігіт қырға қарай.
Аттанды Дуан жаққа, «аттандатып»,
Жасыл жон-қырдың үстін ақ шаңдатып.
Қанды қол қарақшыдай қимылдары,
Хабарды бір жаманат шапшаңдатып.
Ортада Әбдіғапар хан кешегі,
Тамырлас бір-бірімен қандас еді.
Жайы жоқ қарайласар ағайынның,
Қарайып жүрген жалғыз жанға – есебі.
Бір тобы – тізгін тартып кейіндеді,
Бір бөлек жар жағалап сейілдеді.
Құтырып кейбіреуі былай шыға,
Кекетіп, мұқатпаққа бейімделді.
Қараптан босқа қарап келе жатып,
Шабады енді бірі құйындатып.
Бірінің аңшылыққа аңсары ауып,
Кейде құс, кейде тіпті киік атып.
Жайратып не болса да жолдағыны,
Орындап оңдалғандай ойдағыны.
Күлісіп, мәз-мейрам боп қарқылдайды,
«Қап, бәлем, түсірдік, – деп – қолға мұны!»
Бұл жайға Әбдіғапар болып алаң,
Тізгінді жеде қабыл қолына алған.
Жөн сөзін кімге айтам деп қапаланды,
Табылмай жол бойына жолығар жан.
Пиғылы қырқының да қырын келіп
Шошыды әрбірінің түрін көріп.
Қиналды Әбдіғапар маңдайдағы,
Әжімі онан сайын тілімденіп.
Көшімбек осы топтың көш басы еді,
Бұл жолы ой-пиғылы басқаша еді.
Әйтпесе, тимей жүрген жігіт емес,
Ағайын, туған-туыс, досқа себі.
Жанасып Көшімбекке Бектепберген,
Екеуі оңашалау шеттеп көрген.
Кіжінді: – Өзім атып өлтірем! – деп,
Келісіп, уағда байлап, жетпек жерден.
Көшімбек деді сонда: – Сәл, сәл сабыр!
Жасайық мына көпке етпей дабыл.
Бұлардың ішінде де бар секілді,
Көретін Қапарыңның сөзін қабыл.
Жаратқан солай қылып Жаппар ием,
Қайтейін жағылған соң аққа күйең.
Қазақпыз «қарға тамыр», амал бар ма,
Дегендей, бірі – құда, бірі – жиен.
Сондықтан Қапарыңды оңашалап,
Бөлектеп әкетейік елден жырақ.
Өтемін қанды кектің қайтарған соң,
Алса да мейлі, құнын кімнен сұрап!
Осы ойға бекіп, бұлар бекінді де,
Ілгері қалың топты кетірді де.
Үшеуі Әбдіғапар қалды бөлек,
Күн көзі таяған кез екіндіге...
Қам көңіл түсер емес сабасына,
Дақ түсті азаматтың бағасына.
Үшеуі бір «пәлені» ішке бүккен,
Тірелді «Зәуре» қопа жағасына.
Айдыны жарқыраған қалың қопа,
Сыңсиды шеккендей-ақ жаның жапа.
Бірлігі бір басына болмаған соң,
Бұл жалған пендесіне бермес опа.
Тып-тыныш табылмастай көлден ермек,
Тұр еді Әбдіғапар енді елеңдеп.
Бұрды да аттың басын оза беріп,
Көшімбек тұра қалды көлденеңдеп.
– Ханымыз Әбдіғапар ел сайлаған,
Түбіміз туыс еді енші алмаған.
Мерт болып қапияда қайран батыр,
Айрылып ағасынан мен сорлаған!
Талатып ауылымды жендетіңе,
Кез келді бөлінетін енді екіге.
Батырдың қанын жүктеп мойыныңа,
Қарайсың енді қалай ел бетіне?..
Кешегі абыройың, қайда атағың,
Ұлы едің текті тайпа сайлы атаның.
Бүгінгі қанішерді, кешегі – хан
Тап қазір өз қолыммен жайратамын!
Сонда айтты Әбдіғапар:
– Қазағым-ай!
Тағдырдың бізге тартқан азабын-ай!
Әркімнің айдап салған айтағымен,
Мен саған болып тұрмын жазалыдай.
Мен өлсем, қош болып тұр қайран халқым,
Болғанмен артым – тұман, алдым – жарқын.
Қызылға құзғын болған Амангелді,
Алашқа бұзған жоқ па берген антын?
Баласы кәпір болса мұсылманның,
Сұмдығын сонда көрдік қысылғанның.
Өлтірсең ел атынан мен өлейін,
Тап келіп Заманаға «ұшынғанның».
Жалынып, жағдайым жоқ ақталатын,
Халықпыз көп жіберген жатқа хақын.
Сен мені өлтіргенмен, күні ертең
Сенің де байланады оққа басың!
Осылай, қайран жұртым, болып ғапыл,
Орнаттың өз басыңа заманақыр.
Жауабын бұл ісіңнің берер саған,
Жер басып тірі жүрсе Кейкі батыр!.. –
Сонан соң шешінді де тыр жалаңаш,
Бас қойып, мөлдір суға ұрды құлаш.
Қалшиып қатып қапты ана екеуі,
Төңірек одан бетер тұр жым-жылас.
Көрінді қан басқандай құба белді,
(Айтамыз қандай уәж бұған енді).
Қамысқа жасырынып киінді де,
Жай басып жағалауға шыға берді.
Бұл істің көзі жетіп оңбасына,
Беттеді бетегелі дөң басына.
Жығылды бетін беріп құбылаға,
Мәңгілік қалайын деп енді осында!
Құшақтап туған жерін – топырағын,
Қоштасып қимағандай атырабын.
Күбірлеп «кәлимасын» қайырды іштен,
«Бар болса алыңдар, – деп, – ақыларың!»
Ақ өлім бола бермес бұдан артық,
Ішінен демін алып, күшін сарқып.
– Ендеше өлген жерің дәл осы! – деп,
Қаруын Бектепберген қалды тартып.
Тып-тыныш іштен тынған бағанағы,
Шуылдап қамыс-қоға жағадағы.
Көл бетін ұмар-жұмар толқын ұрып,
Аққу-қаз қанаттарын сабалады...
***
Кейкі қашып келеді –
Кейкі қашып...
Қарсы келген қия бел – қайқыны асып,
Қарс түйіп қабағын
Қарша жауған –
Жан адаммен жатпайды жөн сұрасып.
Кейкі қашып келеді –
Даланы асып,
Даладағы тау-таспен араласып.
Білер емес,
Келмейді білгісі де
Өзі келе жатқанын неге қашып?!
Кейкі қашып келеді –
Құландайын.
Тарқата алмай көңілде күмәнді ойын.
Қарш-қарш шайнап тұлпары ауыздығын,
Қарсы келген жауларын қырардайын.
Кейкі қашып келеді –
Арыстандай.
Арыстанмен күші бар алысқандай.
Балағынан көтеріп, қолтығынан
Желдің өзі жармасып жарысқандай.
Кейкі қашып келеді –
Жолбарыстай.
Жолбарыстай жүрегі – ар-намыстай.
Томағасын сыпырып,
Тоят таппас –
Көкті шарлап бір қыран қолдан ұшпай.
Кейкі қашып келеді –
Киіктейін.
Көкірегінде көп шер бар – күйіктейін.
Өлермендей,
Кеудесін өрге салып,
Дегендейін – ұшайын, биіктейін.
Кейкі қашып келеді –
Қайда қашып?!.
Қайда қашып – бір қырғын майдан асып.
Қолтығынан дүлей күш бір көтеріп,
Алқымынан асау жел аймаласып.
Кейкі қашып келеді –
Қашпасына,
Қашпасына бір сырды ашпасына
Қояр емес,
Қу жанын қуырдақ қып,
«Өңкей қиқым, би болған бас-басына!»
Кейкі қашып келеді –
Қашып келіп,
Өлтірмесе құдайы нәсіп беріп.
Ұлар құстай тығылды Ұлытауға –
Өзен-көлді, тау-тасты асып келіп!
***
Ұлытау – ұлылықтың ұясындай,
Үшкір шың – қыран ұшар қиясындай.
Табиғат өзі дархан, өзі жомарт,
Қазаққа бере салған сый осындай.
Ауасын жұтар болсаң – құмар қанып,
Тұрады тау бөктері мұнарланып.
Шаңқ етіп ұшса қыран шың басынан,
Астында қалар түлкі жұмарланып...
Жақпар тас жантаяды күн түсірмей,
Зорайып тау тұлғасы бір кішірмей.
Әр жерде жылт-жылт етіп жылға жатыр,
Жоғалған батырлардың сүңгісіндей.
Сарыарқа самал барма самалындай,
Желпісе тауысқандай амалыңды-ай.
Қол жатыр жаңа барған жолаушыға
Жаутаңдап жас сұлудың жанарындай.
Бір жұтсаң жата қалып көл суынан,
Боласың дәм татқандай бал-шырыннан.
Батасың бір ғажайып рахатқа,
Арылып тіршіліктің мол шуынан.
Кейкіге таныс бұл маң бала жастан,
Тау асып, шыңдарында сан адасқан.
Қойнауы – алып аңғар, қалың орман –
Қарағай, қайың, талы араласқан.
Ұлытау қай кезде де жан құштары,
Айтады көрген жанның алғыс бәрі.
Қойнаудың құшағына еніп кетсе,
Жоғалтып ұстатпайды аң-құстары,
Қашаннан аң аулауға таңсық әркім,
Жолы жоқ – табиғатқа қарсылардың.
Аяндап ауылына қайтады екен,
Амалы таусылған соң аңшылардың.
Аңшы емес, біздің Кейкі қашқын да емес,
Жүрген бір бас сауғалап, босқын да емес.
Жалаң бас, жалаң аяқ жүрген жерлер –
Көлбеңдеп көз алдына жас күнгі елес.
Кетпейді көз алдында тұрып алып,
Бұл жердің бала жастан сыры қанық.
Аунады атамекен, туған жерге,
Аман-сау жеткеніне тірі қалып.
Мынау су бала жастан татқан нәрі,
Биік шың, қалың орман қапталдағы.
Кейкіні баласындай бауырға алып,
Жасырды Ұлытаудың жақпарлары.
Қызықтап Ұлытаудың ғажап көркін,
Ер Кейкі аралады емін-еркін.
Әйтсе де есіне алып, шыдар емес,
Ел-халқын сақтау үшін берген сертін.
Көп жүріп, кейде жатып, демалады,
Бәрібір көңілінде мол алаңы.
Байыздап Ұлытаудың ұларындай,
Бір тастың қуысына паналады.
Құс атып, анда-санда киік атып,
Бұйырған жата берсе дәмін татып.
«Дозақтан» бірде бетер көрінбейді,
Кейкіге өмір сүру босқа жатып.
Кейкінің таусылғандай бек шыдамы,
«Тарс» етіп бесатардан оқ шығады...
Сол кезде жануарда тағат қалмай,
Жер тарпып, кісінейді көк шұбары.
Көк шұбар бұл Кейкінің жан-жолдасы,
Ақылды ат та болса – нағыз досы.
Ат – серік, жауынгерге – қару серік,
Әйтпесе, не бітірер жалғыз басы!..
***
Ер Кейкі бүгін тағы ерте тұрып,
Тау ішін кезді атпен бірер жүріп.
Жас күні, жігіт күні сағындырып,
Жөнелді Маятасқа бетті бұрып.
Шұбардың қамшы салып сауырына,
Түзеді аттың басын ауылына.
Аты да, өзі де әбден көндіккендей,
Желіне, бұл даланың дауылына.
Қуанып әлденеге есі қашып,
Алыстан туған ауыл есік ашып.
Ағытып жейдесінің түймелерін,
Дем алды рахаттанып, төсін ашып.
Келеді сағынғандай саяжайын,
Маятас мұнартып тұр маядайын.
Кім білсін батыр дей ме, пақыр дей ме,
Алдынан қарсы алады қай ағайын?
Тағдырдың кімдер қарсы жазғанына,
Тәңірдің пендесінде аз ба күнә?!
Дос та емес, туыс та емес,
Асыл жары –
Келеді аңсары ауып Ақжанына.
Жүрмейді жалғыз-жарым жасында кім,
Қорықпайсың кім болса да қасындағың.
Қасынан қалдырмауға серт бергендей,
Өлсе де, тірілсе де асыл жарын.
Белгісіз ауылына жетер күні,
Айтты ғой деуге болмас бекер мұны.
Барады барған сайын алаңдатып
Ақжанның аяғы ауыр екендігі.
Ері сай елдің берген бағасына,
Қалмасын қас-дұшпанның табасына.
Бір түнеп Маятасқа, содан кейін,
Құламақ Сарторғайдың сағасына.
Ауылы Сарторғайды жайлап отыр,
Әр үйі бір-бір бие байлап отыр.
Төрт болып екі көзі Ақжан ару,
Батырын күтіп соры қайнап отыр.
Асығыс жеделдетіп сол ауылға,
Келеді аңғар сайдың алабында.
Қолында «қосауызы» алатындай,
Қылт еткен қара болса қарауылға.
Сабылып сардаланың сағымдары,
Алдынан ақ бұлақтай ағындады.
Көрінді қалың қолдай сапта тұрған,
Алыстан Маятастың адырлары.
Боларсың түсіндіріп мұны немен,
Аңдыған қалың әскер түніменен.
Кейкіні осы араға келер-ау деп,
Ұстауға қам жасаған шыныменен.
Жеткендей Маятасқа кешке таман,
Кейкіге күдік кірді көңілі алаң.
Манағы адыр ғой деп аңдағаны,
Қалың қол болып шықты қоршауға алған.
Кейкіге жер қалмады шегінетін,
Жақындап қалды жаудың шебіне тым.
Айқайлап қиқу салар кезі келді,
Шұбарға қамшы басып, тебінетін.
Шынымен, бұл сұмдықтың сыры бар ма,
Болмайды бостан-босқа ұрынарға.
Міндеті қалың әскер, қайткен күнде,
Түсіру «қанішерді» тірі қолға.
Сондықтан жатпайды олар оқ шығындап,
Тау-тасты тасаланып, көп бұғынбақ.
Кейкіні ұстап алмай қайтпайды олар,
Жүрсе де айдалада айлап, жылдап.
Екі-үш күн күткен еді осы жолда,
Шуласпай, дуылдаспай, шыдап зорға.
Байғұсты ажал айдап айдалада,
Түскендей өзі келіп құрған торға.
Осылай аңдушылар қалған ойлап,
Кейкіні әкетпек боп тірі байлап.
Қапысыз қолға бәлем, түстің бе деп,
Қалың қол шыға келді андағайлап.
Болғандай шатыр-шұтыр ойда жоқта,
Дегенше, «сал арқанды, ойбай, тоқта!»
Жалма-жан бесатардан оқ жаудырып,
Ақырып кірді жалғыз қалың топқа.
Қалың топ қалт-құлт етіп қалды іркіліп,
Ер Кейкі жалғыз өзі жауды бүріп.
Бетпе-бет келгендерін ілестірмей,
Шоқпармен құлатады бір-ақ ұрып.
Әскерлер шама келмей мұны ұстауға,
Айналды бас сауғалап жылыстауға.
Үстінде адамы жоқ ер-тоқыммен,
Шұбар ат бұрды басын Ұлытауға.
Шұбар ат жалғыз шауып кетті ұзап,
Әскерлер қалды аңырып құрған тұзақ.
Бірі айтты: «Аты кетті, өзі қалды,
Бір сілтеп қалғанымда түскен құлап».
– Әне! – деп тұра ұмтылды енді бірі,
Соңынан бес-алтауы өре тұрды.
– Құр жатқан тас екен деп, – қайтты әлгілер,
Ыза боп іштерінен құрып дымы.
Сонан соң өздерінен өзі безіп,
Тау-тасты тіміскілеп кетті кезіп.
Қайтадан біраз жүріп қосты басын,
Бұл маңда жоқ екенін әбден сезіп.
Қалың топ қала берді болып ғапыл,
Таусылып таба алмады айла, ақыл.
Оралып шұбар аттың алқымына,
Шығындап бірге кеткен Кейкі батыр.
Туған жер құмыңды да, тасыңды да,
Жүреді елің-жұртың қосып жырға.
Ұлытау сілеміне кетті сіңіп,
Айласын Кейкі сөйтіп асырды да.
***
Осылай бара жатыр күндер өтіп,
Ауылды төңіректеп, іргелетіп.
Жасырын жар астында,
Жалғыз өзі,
Үйіне жетті Кейкі түнделетіп.
Ақжан да жатыр еді елегізіп,
Жас жүрек дүрсіл қағып, дене қызып.
Кейкіні қиялымен құшып-сүйіп,
Бейне бір түс көргендей нелер қызық.
Ешкімге бұл жүрісін білгізбестен,
Ай ауып, мезгіл еді жұлдыз көшкен.
Шәуілдеп әншейінде жатпайтұғын,
Ауылдың бір итін де үргізбестен.
Жып етіп кіріп келді қара қосқа,
Серт бардай алды-артына қарамасқа.
Аңсары – бар арманы Ақжан еді,
Ой да жоқ, уайым да жоқ одан басқа.
– Қорықпа, Ақжантайым, мына мен! – деп,
Еңкейіп төне берді емпелеңдеп.
Ақжанды құшағына баса түсті,
Басылмай бір құштарлық алған меңдеп.
Жайланып бір құмары басылғандай,
Жайы бар ашылғандай, шашылғандай.
Бір ауық мауқын басып, тоят тауып,
Батыр да махаббатқа бас ұрғандай.
Кеудеде қылаң беріп асыл үміт,
Кетердей жігерінен тас үгіліп...
Үн-түнсіз енді екеуі жатты ұзақ,
Астында бір көрпенің жасырынып.
Батса да талай күндер құса-мұңға,
Ұлан бел, ұлы дала ұшанында.
Болғандай бәрі де ұмыт,
Жатқаннан соң
Батырдың Ақжан ару құшағында.
Айналып кең сарайға үйі мүлде,
Шешкендей тағдырының түйінін де.
О, ғажап!
Бір тіршілік бүлкілдейді,
Білінбей Ақжан ару бүйірінде.
Батырдың мұны біліп – іші жылып,
Көңілдің хошы кіріп – сұсы құрып.
Жарқ етті көз алдына жарқын үміт,
Бір тұман кеудесінен ысырылып.
Көңілі ел көшкендей кеңіп кетіп,
Қалғандай бір мақсатқа сеніп, бекіп.
Сезген жоқ рахатты қазіргідей,
Жүргенмен анда-санда келіп кетіп.
Қайғысы қызығынан асып түсіп,
Бұйырған жол-жөнекей нәсіпті ішіп.
Бір ойға бекінгендей Кейкі батыр:
«Не пайда күн көргеннен қашып-пысып?
Құр жүрген қажеті не жалғыз бастың,
Күн кешіп арасында тау мен тастың».
Аяғы Ақжанымның ауырласа,
Деуші еді айдалада қалдырмаспын.
Тұрғандай енді соған көзі жетіп,
Қайтеді қиял қуып, сөз үдетіп.
Жүргеннен жаны, сірә, жай табар ма,
Ауылда Ақжан қалып, өзі кетіп.
Бір сезім көңілдегі асықтырып,
Жасады шұғыл шешім атып тұрып.
Жарына «Кәне, жылдам жинал!» деді,
Есігін қараша үйдің ашып тұрып.
Сол еді Ақжанның да тілегені,
Соңына Ақжан ермей кім ереді?!
Киімін қолға түскен қапқа салып,
Ілесіп үйден шығып жүре берді.
Екеуі үйден солай шыға берді,
Жатпады дүрліктіріп бірақ елді.
Тек қана туған-туыс арасынан
Кейкінің іздегені Шұбар еді.
Түрлері ұқсас мүлде мүсіндері,
Бет-әлпет, мінез-құлқы, пішіндері.
Бұл Шұбар әрі пысық, әрі епті,
Кейкінің інілері ішіндегі.
Кезі жоқ кететұғын бұра тартып,
Кейкінің жалғыз ауыз сөзі – тәртіп.
Содан ба, Кейкі батыр бұл інісін
Жүретін басқасынан көріп артық.
Шұбарға түнде Ақжан берген хабар,
Таң ата жар астынан ағаң табар.
Қос атты ерттеулі жетекке алып,
Сол жерге інісі де жетіп барар.
Қасына ертіп алып қалаулысын,
Көрсетіп бойда жалын – алау күшін.
Үшеуі таң сәріде тартып кетті,
Бетке алып Жыланшықтың «Жалаулысын».
«Жалаулы» қалың қыстау, ескі қорым,
Мәңгілік ата-баба жатқан орын.
Алты өзен айналасы – су тасыса,
Төтелеп таба алмайды ешкім жолын.
Жағасы қалың ағаш, қыстақ, қорған,
Адасар құстың да өзі ұшпақ болған.
Көрінбей көзден таса көп ауылдан,
Бір қыстап осы арада шықпақ болған.
Көңілдің сейілмеген бұлты көпті,
Бір күдік ой пердесін жұлқып өтті.
Кім білсін, жеткізе ме, жеткізбей ме,
Құп көріп бір құдайым, бұл тілекті.
***
Қыс бойы ел көзінен болып аулақ,
Барары асып кетсе Ұлытау жақ.
Бұл қыстан аман-есен шыққалы тұр,
Қорек қып қоян атып, балық аулап.
Осылай елден алыс еркін жырақ,
Бойынан Жыланшықтың тапты тұрақ.
Екі рет Қарсақпайға барып қайтты,
Қоржынын қорғасынға толтырып ап.
Өткен қыс үшеуіне болды жайлы,
Күн кешті қауіп-қатер көрмей қайғы.
Ақжан да бесатарды белге байлап,
Боп алды атыспаққа тым ыңғайлы.
Жатқан жоқ улап-шулап, ұрандап та,
Келмеді ешкім батып бұлар жаққа.
Кейкіні кейде Шұбар кіжіндіріп,
Жүреді кетіп қалып тым аулаққа.
Батады түлкі қуып рахатқа,
Екі-үш күн, кейде тіпті бірер апта.
Әйтеуір биылғы қыс риза шығар,
Шұбар мен Кейкі мінген шұбар атқа.
Ақжан да қоян қуып, қасқыр атып,
Қояды бесатарын тартып-тартып.
Батырға қақтығыста серік болса,
Ол үшін бақыт бар ма бұдан артық.
Осылай ақпан өтіп, сәуір келді,
Үшеудің хал-жағдайы тәуірленді.
Қар еріп, қайтқан кезде тасыған су,
Сонан соң бет түземек ауылға енді.
Күн өтсе тыпа-тыныш, болмай у-шу,
Қаймығып, Кейкіде жоқ қорқып, үрку.
Тілегі Жыланшықты басып өтсе,
Тезірек Ұлытаудан тасыған су.
Тасыса бұл алқапқа су мұншама,
Тосқауыл болар еді-ау қуғыншыға.
Жаз шыға Қарақұмға сіңіп кетіп,
Әр қарай кетпек болған құлап Сырға.
Осы ойға батыр Кейкі болып бекем,
Әзірше Жыланшықты еткен мекен.
«Жалаулы» бұлар тұрып жатқан қыстау,
Туралап таба алмайды кісі бөтен.
***
Туған Ай болғанменен тура сәуір,
Болмай тұр жылдың басы биыл тәуір.
Көктемнің кешігетін сыңайы бар,
Алмасып бірде боран, бірде дауыл.
Тарылтып ел тынысын, діңкелетіп,
Осылай бара жатыр күндер өтіп.
Кейкілер мекен еткен «Жалаулыға»,
Бір атты жетті жедел түнделетіп.
Сақтанып, өзін-өзі ұстап зорға,
Кейкі де бесатарын алды қолға.
Аяғын әзер басып жетті әлгі адам,
Шаршаған, қалжыраған жүріп жолда.
Жата ма осындайда Кейкі бұғып,
Қаруды саусақтары қатты сығып.
– Беймезгіл неғып жүрген кейуанасың?
Кел, сөйлес, жігіт болсаң былай шығып!
Дегенше, әлгі кісің «Кейкі!» деді,
– Қайтесің қажап мендей бейкүнәні?
Мен – Сарбас, баяғыдан бала досың,
Шықпаған мен бір байғұс шыбын жаны.
Екі-үш күн боран болып, жылқым ығып,
Соны іздеп кетіп едім елден шығып.
Қан кешкен тізесінен қайран Кейкі,
Жатырсың жар астында мұнда нағып?!
Кемсеңдеп, жеңіменен көзін сүртіп,
Дауысын жіңішкертіп, кейде іркіп.
Әп-сәтте кейуана күйге түсті
Бесатар кете ме деп ажал бүркіп.
Батырдың көңілі босап, жақын келіп,
Екеуі амандасты құшақ керіп.
Сонан соң сұхбаттасып жүре берді,
Ұғысып, бір-біріне қатты сеніп.
«Осы жұрт келеді, – деп, – қайдан-дағы»,
Таңертең Ақжан ару шай қамдады.
Көз көріп, көңіл сеніп қалғанменен
Батырдың дұрыс болар ойланбағы!
Ақжанды бір белгісіз үрей билеп,
Ет асып, нанын салды қамыр илеп.
– Жат жұрттан жасырынып жүргенменен,
Түсті ғой кім де болса бізді үй деп!
Сыр ашып, біраз жайды баяндамай,
Бір тықыр бұларға да таянғандай.
Ас-суын жедел ішіп болғаннан соң,
Қонақ та кете барды аялдамай.
Кеткен соң Ақжан ару болып алаң,
Бұл істің болмасын деп арты жаман.
Қыңқылдап «кетейікке» баса берді,
Бұл жерде тұрған кезде есен-аман.
Кейкі айтты:
– Алса-дағы басым кесіп,
Қаламын қылған жерде құдай десіп.
Су тасып екі-үш күнде кетер болса,
Келе алмас көк теңізді ешкім кешіп.
Кеудемнен шыққанынша шыбын жаным.
Өліспей беріспесім хаққа мәлім!
Шұбар да жетті, міне, шұғыл жүріп,
Қандатып қанжығаға атқан аңын.
Сұрады келе сала, «келген кім?!» деп,
Жайы бар оның-дағы байқап білмек.
Кейкі айтты:
– Жай бір жүрген жылқышы ғой,
Жоғалған малын іздеп, күн деп, түн деп.
Шұбардың мұны естіп қашып сұсы,
Бұрқанып, буырқанып бойда күші.
Сарбасты бармас қылып қайтамын деп,
Ұмтылды, басты бірақ Кейкі мысы.
Кейкі айтты:
– Оқты босқа шығындама,
Кеткені оның бізден бүгін ғана.
Дуанға арып-ашып жеткенінше,
Су тасып, құтылармыз қуғыннан да!
Шұбарды Кейкі сөзі қойды матап,
Мінезі қарсы келсе мүлде шатақ.
Сонан соң үшеуі де үнсіз қалып,
Бей-жай боп жатты біраз жайбарақат.
***
Дуанға жетті хабар жеделдетіп,
Жолдағы ауыл-елді елеңдетіп.
Әйелі, інісімен Кейкі батыр
Жатыр деп «Жалаулыны» мекен етіп.
Ұрандап «бол да болға», «тез де тезге!»
Бұл хабар Орынборға жетті лезде.
Отряд жазалаушы жетпек болды –
Қар еріп, су тасымай тұрған кезде.
Асығыс жасақталып Қостанайдан,
Торғайдың даласына салды майдан.
Сарбасты алға салып, ертіп алды,
Әйтпесе біледі олар жолды қайдан.
Отряд жазалаушы – жүз қаралы,
Кетпеген сұстарынан ызғары өлі.
Өлтіріп басын кесіп әкелмекші,
Даланың қолға түссе мұзбалағы.
Сонымен, «Жалаулыға» тартты суыт,
Оңынан іздегеннің айы туып.
Біле алмай қайда екенін қанішерлер,
Жүретін іштерінен ыза буып.
Көбісі жолай алмай ұшқан оққа,
Кеудесін қас-дұшпанның қысқан жоқ па?!
Құтылып ойда жоқта кетті талай,
Түскенде жалғыз басы қалың топқа.
Не болмақ енді қазір сөйткен батыр,
Ерлігі бір өзінің мыңға татыр.
«Жалаулы» – ата-баба жайлауында
Алаңсыз кең көсіліп бейқам жатыр.
Қиянат жан адамға жасамайды,
Қалқалап ағайынды тасалайды.
Қазанда біресе – ет, біресе – сүт,
Ақжанның қолы бір сәт босамайды.
Бұл өмір – бір күн шаттық, бір күн қайғы,
Себепсіз көңіл – перде жыртылмайды.
Шоғына сексеуілдің шыдай алмай,
Ет толы қара қазан бұрқылдайды.
Тағы бір дала жақты шолып алып,
Сенгендей тыныштыққа көңілі анық.
Сонан соң үйге кіріп шерлі жүрек,
Шертеді домбырасын қолына алып.
Күйшідей кәдуілгі болмаса да,
Тартқаны көңіліне толмаса да.
Салып ап өзі ұнатқан бір әуенге,
Қоятын шер тарқатып анда-санда.
«Дүние қарап тұрсаң шолақ екен,
Адамдар бір-біріне қонақ екен!» –
Дейтін де дегбірсіз бір күй кешетін,
«Бұл өмір осындай да болады екен!»
Соны айтып қалушы еді ойға батып,
Демейтін қайда рахат, қайда бақыт.
Сонан соң сырт айналып кетуші еді,
Білдіртпей көздің жасын тайғанатып.
Бүгін де көңілінің күйі келмей,
Қабағы қайта-қайта түйілердей.
Қос қолын иығымен қоса қомдап,
Қырандай әлденеге шүйілердей.
– Жүргенше бүйтіп бұғып қалтарыста,
Онан да өлген жақсы арпалыста! –
Деді де, осы ойына бекігендей,
Киініп, жылдам басып шықты тысқа.
Ауылдың азын-аулақ малын қарап,
Жетті Ақжан жан жүрегін жалын қамап.
– Батыр-ау, байқайсың ба, арғы беттен
Анталап келе жатыр қалың қара...
Жақсыға жорымайды бұл қараны,
Байқатып тұр ғой соны күн қабағы.
Дайындап мен тұрайын оқ-дәріні,
Батырым, қаруыңды қамда, кәні!
Дегенде, батыр айтты:
– Қайда Шұбар?!
– Кешеден көрінбейді, аңда шығар.
Жау аңдап, қарауылдап жүрмеген соң,
Бойдақтың бізге қандай пайдасы бар?! –
Деді Ақжан қайнысына ызаланып,
Ақ жүзі бір бозарып, бір қызарып.
Кейкінің қыстау үйге кіргені сол,
Әйелін екіқабат ертіп алып.
Әйелін аяғанмен аяғы ауыр,
Бұл істің болар емес түрі тәуір...
Сол сәтте тасыр-тұсыр жауды бұршақ,
Соққандай үй сыртынан қара дауыл!
***
Басталды қырғын – қан майдан,
Арпалыс, айқас – қақтығыс.
Оп-оңай шықсын жан қайдан,
Ең соңғы шайқас – ақтық іс.
Қыстаудың кіріп ішіне,
Тесіктен құйттай сығалап.
Сенгенмен батыр күшіне,
Қалың топ сырттан тұр орап.
Атылған оқтар жаңбырдай,
Бұл істі батыр күтпеген.
Қояр ма естен тандырмай,
Жеріне жетпей діттеген.
Жауына қаны қарайып,
Ентелеп келген есікке.
Тар үйде жатып талайын
Түсірді атып тесіктен.
Тағыдай жүрген түз асып,
Аспанды сауып, бүлт емген.
Батырдың ашу-ызасы,
Айбалта сынды сілтенген.
Қорықпайды батыр өлем деп,
Қараңғы қыстау қалқаны.
Жарына жалғыз елеңдеп,
Сол ғана – етек тартары.
Әйтпесе атқа бір ырғып,
Атойлап шапса қалыңға.
Кезеніп тұрған жау жым-жырт,
Көрсетіп бір-ақ шаңын да.
Шығандап, шырқап кетпей ме,
Бетке алып алыс ел шетін.
Жападан-жалғыз беткейде,
Қарасын бір-ақ көрсетіп.
Бұл жолы бірақ жөн басқа,
Атысып өлу – арманы.
Айналды бұл іс оңбасқа,
Не болмақ сонда жан-жары.
Батырды осы ой мазалап,
Жегідей жанын жегенде.
Тып-типыл бәрін тазалап,
Түк емес кету мергенге.
Әттең-ай!
Әттең қасында
Аяулы жары – Ақжаны.
Мінеки, ару – асылға
Оқ тиіп кете жаздады!
Батыр да қатты тістеніп,
Тоғытты оқты нөсердей.
Бойына қуат-күш келіп,
Төңкеріп бәрін кетердей.
Жарыла жаздап намыстан,
Бұлқынып, тулап, ысқырып.
Торға бір түскен арыстан,
Тар үйді сілкіп, тықсырып.
Толассыз әбден жаудырып,
Бірінен кейін бір оқты.
Есінен әбден тандырып
Жауларын жайпап құлатты.
Аянып қалмай олар да,
Айнала қоршап қыстауды.
Кейкіні әзір қалай да
Тірілей қолға ұстауды.
Міндеттеп бірі-біріне,
Артынан бермек жазасын.
Түскенше қолға тірідей,
Талайы тапты қазасын.
Ертеңнен кешке күн батқан,
Шын батыр серттен тая ма?
Жалғыздың оғы мыңға атқан,
Таусылмай сірә, қоя ма?
Таусылды оғы батырдың,
Таусылды бірге тағаты.
Бітетін демнің ақырғы,
Жақындап қалды сағаты.
Құтылмай мерген оғынан,
Құзғыны, мейлі қарғасы.
Жүз шақты жендет тобынан
Қалыпты он бес, жиырмасы.
Адым – тар, әттең, қол – қысқа,
Кім едің, Кейкі, тіріңде?
Қаша бір жүріп соғыссаң,
Қалдырмас едің бірін де.
Сенеді батыр күшіне,
Өзіне таныс мекені.
Қоп-қою түннің ішіне
Қойып бір кетсе нетеді!
Мойынға құрық салдырып,
Түскелі тұр-ау қыспаққа.
Ақжанды жалғыз қалдырып,
Жетпекші қандай ұшпаққа.
Білген соң әбден қашпасын,
Күн жатты күтіп, түн жатты.
Амалы бітіп,
Хас батыр
Жендетке сыртта тіл қатты.
– Жетеді әлі әл-мұршам,
Қалмайын бірақ сорыңа.
Әйелді аман қалдырсаң,
Өзім-ақ түсем қолыңа!
Беріле салар мен бе екен,
Ағызып әлі жоса қан.
Ал, егер, оған көнбесең,
Өлетін жерің осы ара!
Сол сәтте жендет сөз ұғып,
Келісіп тілге келгені:
– Әйелдің қанша жазығы,
Керегі, Кейкі, сен! – деді.
Ішінен жендет қуанған,
Алған соң жауап «жарамды»,
– Бізбенен барып Дуанға,
Ашасың ақ пен қараңды.
Әліптің артын ақырын
Байқасаң қалар шешіліп.
Берілсең өзің,
Батырым,
Қоямыз біз де кешіріп!
Қасарып тағдыр қарысқан,
Салады солай қыспақты.
...Арқырап тұрған Арыстан,
Жауызға жалын ұстатты!
***
Біткендей уақыттың бір өлеңі,
Азуын айға Батыр білеп еді...
Тап келіп аяқ асты табылғандай,
Жауыздың көктен күтіп тілегені.
Желге ұшып тал біткеннің жапырағы,
Торғайдың діріл қақты атырабы.
Болды да аспан асты астан-кестен,
Қара бұлт қақ айрылып қақырады.
Сол сәтте ай тұтылып, күн күркіреп,
Жер құшып жоғалғандай мың бір тілек.
Шұбар ат кісендеулі қыр астында,
Иесін іздеп әбден шыңғырсын кеп...
Амалсыз қолға түскен Кейкі батыр,
Тап келді тағдырына заманақыр.
Ақыры жалғыз өзі түсті торға,
Жан қалмай жан-жағында іске татыр.
Осы еді жауызға да ең керегі,
Дүние көз алдында дөңгеледі.
Баз кешіп бұл тірліктен бара жатып,
Сондағы мынау еді соңғы өлеңі:
– Атқа салдым сталды,
Көтердің, Алла, дұшпанды.
Сәрсенбі күні сәскеде
Кейкідей сабаз ұсталды!
Атқа салдым терлікті,
Дұшпанға қылдым ерлікті.
Мен кеткен соң, халқым-ай,
Көрерсің жаудан қорлықты!
Тістеуменен өттім тілімді,
Бермедім жауға елімді,
Мұсылманнан жау шығып,
Сындырдың, Алла, белімді!..
Тағдырдың амал бар ма жарлығына,
Не етерсің дүниенің тарлығына.
Жауыздар өз дегенін істеп бақты,
Кейкінің құлақ аспай зар-мұңына.
Осы ғой үміт оты өшті деген,
Сұмдықты көрді көзі естімеген.
Шұбарды алдына әкеп тастай салды,
Ұстап ап, қол-аяғын кескілеген.
Тірліктен біржолата суындырып,
Тұқыртып алмақ болып туын жығып.
Әйелін шаштан сүйреп алып келіп,
Өлтірді көз алдында буындырып.
Жауыздар аяп қалар күшін нағып,
Жендет тұр әрбірінің ісін бағып.
«Түбінде түбімізге жетеді!» – деп,
Баласын лақтырды ішін жарып.
Уақыт кімге артады бұл кінәні,
Байлауда тұрып батыр бұлқынады.
Кендірді білектегі бырт-бырт үзіп,
Жендетке ыза буып ұмтылады.
Сол сәтте қалың жауыз қоршап алып,
Қаумалап хас батырды ортаға алып.
Алдымен қылғындырып басын кесті,
Сонан соң қол-аяғы паршаланып...
Болмас-ты жауыздықтың басқа түрі,
(Денесі шүйкедей боп асқақ, ірі).
Құрбаны болды осылай жауыздықтың,
Ең соңғы қазағымның хас батыры.
Төгіліп қайта-қайта ғасыр қаны,
Бұл сұмдық әлі күнге басылмады.
Басы жоқ...
«Жалаулыда» жатыр Кейкі,
Қасында Ақжан ару – асыл жары!
СӨЗ СОҢЫ
Бір өмір өтті-кетті – жан-жағы жар,
Тарихқа өшпестейін таңба қылар.
Түбіне жетті ақыры
хас батырдың,
Қашаннан қызыл құзғын қанға құмар.
Қайтесің бермеген соң ғасыр несіп,
Аһ ұрып қалдық: «Қайран асыл!» десіп.
Аңсаған Азаттықты қайран Ердің
Әкетті Петерборға басын кесіп!
Дәлелдеп дәл осы күн жауыздығын,
Алмады алпауыттар ауыздығын...
Сол кездің бұлтартпайтын деректері –
Ұрпаққа болып отыр аңыз бүгін.
Дұшпанға қоймайын деп басындырып,
Соғысты жалғыз өзі қашып жүріп...
Қор болды тар кеудеде қайран намыс,
Қиналса жіберетін тасыңды үгіп!
Баяғы «бандиттігі», «қашқындығы»,
Сол аңыз – бүгінгінің нақ шындығы.
Басынып кетті ақыры Басқыншылар,
Бір тиын болмаған соң Бастың құны.
Қазақтың батыр ұлын – бейкүнәсін,
Халықтын жанарында кейпі қалсын.
Қосатын денесіне күн бар ма екен,
Ардақтап алып келіп Кейкі басын?!
Келеді дәл осындай ой басыңа,
Ант беріп – алған серттен таймасыңа.
Қоймайық Қасиетті Батыр басын
Қор қылып Эрмитаждың қоймасына.
Сұм заман кімді есінен тандырмаған,
Құмарын еркіндіктің қандырмаған.
Жанынан қайран Кейкі қай кезде де
Қайраулы қара балта қалдырмаған.
Осылай қырып жойса жұрт мұрасын,
Ұрпаққа қалай бәрін ұқтырасың!
Қайраулы қара балта...
Қайтып келіп –
Ақыры Ер Кейкінің құртты басын.
Айырмай болған істің ақ-қарасын,
Алдырды қайран батыр жатқа басын.
Салтыма, дәстүріме дақ түсірмей,
Халқыма қыдыр дарып, бақ қарасын!
Демеймін жыр жолында ғапыл қалдым,
Ұйқысыз талай таңды атырғанмын.
Жатқанмен тәні – жерде,
Жаны – елде,
Рухы өлмейді екен Батырлардың.
Кей кезде қылау түсіп халімізге,
Төтеннен таяқ тисе тәнімізге...
Басынып, баса көктеп кетпес үшін –
Кейкідей батыр керек әлі бізге!





Пікір жазу