Поэмалар ✍️
БАЙМАҒАМБЕТТІҢ БАЙЛАМЫ
Бір айла ойлап тапты Баймағамбет,
Бойында ашу-ыза, қайнаған кек.
Түбінде бір сұмдықтың болары анық,
Зұлымдық кімге қашып пайда бермек?!
Білгенге бұл сұмдықтың сұры жаман,
Байекең Махамбетті қырына алған.
Жәңгірге жаман хабар айтқалы тұр,
Бұрында естілмеген тірі жаннан.
Құм іші.
«Жасқұстағы» тамаша бақ.
Бұл жердің аспаны – нұр,
Даласы – абат.
Сейілдеп аз ғана топ жүрген жерден
Жәңгірді алып шықты оңашалап.
Байекең хан алдында байпаң қағып,
Сыйқырдай сан құбылып –
Сайқалданып.
Сан толғап,
Сайлап алып айтар сөзін,
Бекініп келді ақыры қайта айналып.
Көңілге секем салмай,
Сенім кіріп,
Жүйелеп әңгіме айтса жөнін біліп.
Мақсаты – жіберсе тек
Махамбетті
Жәңгірден біржолата жеріндіріп.
Қоймақшы кіжіндіріп,
Кектендіріп,
Ішіне жүрген жай бұл көптен бүгін.
Жатпай-ақ
Оң шығарып, ұрандамай,
Сыртынан сойқан салған –
Неткен бүлік?!
– Мықты бол, – деді, – Жәңгір! –
Жалпаң қағып,
Содан соң сәл кідірді,
Сәл толғанып.
– Айтайын Махамбеттің масқарасын,
Қайтейін, бұл сөзіме нансаң нағып?!
Кісіге кім сенеді заты бөтен,
Қу «кірме» қай кезде де жатық екен.
Ашығын айтар болсам ащы сөздің,
Махамбет Фатимамен «жақын» екен.
Бұл бір жай,
Бүгін емес, біраздан-ды,
Сұмдықтан бізге талай сірә, із қалды.
Айтарым:
Басын алып,
Басындырмай
Біржола құрту керек
Бұл азғанды!
Содырдың қорқушы едім саяғынан,
Бұл бәле келіп қалған қаяғынан.
Естуші ем,
Әсте сенбей жүруші едім,
Білсем де
Бұл сұмдықты баяғыдан.
Жалғанның атар таңын,
Батар күнін
Зар қылып,
Көрсет ісін қаһарлының!
«Татар бар деген жерде – қатер бар» деп,
Фатима танытты ақыр татарлығын.
Бір болып қуанышың, шаттығың да,
Алаңсыз думандатып жаттың құмда.
Кім артық өз жарыңнан,
Өз жаныңнан –
Мәселе, Фатиманың жаттығында.
Жегіздің жемес асын, татпас дәмін,
Онсыз бір болатындай атпас таңың.
Ақыры –
Тайраңдатып қойдың мүлде,
Алдына алып барып Ақ патшаның.
Білесің Ақ патшамен билегенін,
Ұмытып түздегі – Елін,
Үйдегі – Ерін.
Білесің, бәрін...
Бірақ,
Білмейсің Сен –
Сыбырлап құлағына не дегенін!
– Не депті? – деді Жәңгір, тым сұрланып, –
Жайылып кеткен жұртқа бұл сыр нағып?!.
– Бер депті сарай салып, өзіме арнап,
Менің кім екенімді білсін халық!
Осылай қалдырам деп есімімді,
Шығартып алған дейді шешіміңді.
Салынған Фатиманың арқасында
«Ставка» хан сарайың осы күнгі!
Деп ел-жұрт айтады әлі аңыз қылып,
Термелеп,
Тілінен бал тамыздырып.
Махамбет өлеңіне қосқан дейді,
Қоятын кек қайнатып, қан қыздырып.
Төріңде телі-тентек тайраңдаған,
Төре боп туғаныңа қайран қалам?!
Аң аулап,
Айдалада жүргеніңде,
Махамбет сарайыңда сайрандаған.
Махамбет Фатимаға ғашық екен,
Екеуі бір-біріне ашына екен! –
Кемсеңдеп Баймағамбет көзін сүртті, –
Ендігі көрмегенім осы ма екен!
Жәңгір хан әлденені сезінді ме,
Жоқ әлде,
Бұл дүниеден безінді ме?!
– Бар! – деді, – Баймағамбет, –
Бұдан былай!
Көрмейін,
Естімейін сөзіңді де!
***
Көк аспанның жиегі
Түріп тастап іргесін.
Қара қошқыл,
Қып-қызыл,
Қанға бөгіп тұр бесін...
Айтыңдаршы?!
Апыр-ай,
Сұм дүние – жалғанда
Сұмдық болып жүрмесін.
Тебіреніп
Қара Жер,
Тұлан тұтып
Аспан тұр,
Бір бәлені білгесін!