Поэмалар ✍️
МАХАМБЕТТІҢ ОЙЫ
Тайып кетіп «тобадан»,
Қанға құмар
Неге Адам?!
Алас ұрған
Алпауыт,
Аласысы бардай-ақ,
Аз ғана топ-момынды
Алып жатыр жағадан!
Мың ішінде бір әңгі,
Еске салар бұл әлгі,
Сұсы бар да,
Сұры жоқ
Сумаңдаған жыланды.
Қарғаларды қаптатып,
Құртып жатыр қыранды.
Байқамаса болмас-ты,
Дауың емес баяғы,
Жауың емес сыралғы...
Ісі ылғи ұр да жық.
Құрғақ айқай-ұранды.
Халқыңа да қарамай,
Қалпына да қарамай.
Алдына да қарамай,
Артына да қарамай.
Сары алтындай сақтаған,
Сара жолдан қайтпаған
Салтына да қарамай,
Тасыр туған бір әңгі,
Таса жерден
Тас атып,
Таптап жатыр құранды,
Тітірентіп Тұранды –
Салып жатыр лаңды!
***
Аспан аспан болғалы,
Талай-талай Күн шығып,
Талай-талай Ай батты.
Жаралғалы қара Жер,
Қаншама рет гүл шығып,
Қаншама рет қар жапты.
Қанша қырғын,
Қиянат,
Қапа шегіп қалың ел,
Жапа шегіп қара жер –
Жазықсыздан-жазықсыз,
Қалып малсыз, азықсыз,
Қайран қазақ
Зар қақты.
Көкіректен қан ағып,
Көздің жасын парлатты.
Ер деген бір – кебенек,
Ел деген бір – ебелек.
Айуаннан кем көріп,
Алтын басты Еріңді,
Ат артына өңгеріп,
Көсеміңді кескілеп,
Шешеніңді тепкілеп,
Шеберіңді шеттетіп,
Шенеунікке шен беріп.
Айхай, дүние, өтті ғой,
Айтып-айтпай не керек?!
Айылын да жимайды,
Айыр тілді –
Албасты!
Атаңа нәлет,
Ата жау,
Қойнауына гүл толған
Даламызды шаңдатты.
Күмбездерін күн шалған
Қаламызды қандатты.
Зұлымдығын аңдатты.
Одыраңдап ойда орыс,
Қырға салды салмақты,
Батырларым, қайдасың
Баса көктеп,
Баяғы –
Қойдай қырған қалмақты!