10.06.2022
  131


Автор: Серік Тұрғынбеков

ФАТИМАНЫҢ СИПАТЫ

1
Ай нұрындай ажары,
Бұл ғаламның гөзалы.
Төңірегі думан-той,
Тарқамаған базары.
Ақыл-естен айрылар,
Түскен жанның назары,
Ғашықтықтан кісінің
Аз болмаған азабы.
Оған қоса көрсеткен –
Қорлығы мен мазағы,
Қасындағы хан түгіл,
Басын иген
Патша да,
Сол емес пе ғажабы!
2
Көзің тоймас көркіне,
Жетпей қоймас сертіне,
Шоқтай көзі бір түссе
Шыдатпаған еркіңе,
Күйіп-жанып өлгенің
Махаббаттың өртіне.
Жан-жараңнан жазылмай,
Дерт қосады дертіңе.
Айға ұмтылған, қор болып,
Арыстандай мертіге...
Содан кейін жаза алмас
Жалғыз Құдай болмаса,
Құшнаш та,
Емші де!
3
Өлең өзі – жыр өзі,
Шуақ өзі – нұр өзі.
Қайда салсаң –
Бесаспап,
Бес тіл білген бір өзі.
Татар тілі – сөз тілі,
Қазақ тілі – өз тілі.
Орысшаға ағып тұр,
Французға жағып тұр.
Қасындағы хан түгіл,
Петерборда патшаңыз
Одан хабар алып тұр.
Лебізін лезде,
Желге ұшырып жібермей
Айтқан сөзін қағып тұр.
Әр адымын бағып тұр.
Айтып-айтпай не керек,
Фатимадай ханымның
Бағы бүгін жанып тұр!
***
1826 жыл.
Көктем еді.
Даланың бүршік жарған көк терегі.
Алған соң
Ақ патшаның шақыруын
Бір дәурен бастан былай өткен еді.
Кеш еді.
Сол бір ғажап Мәскеудегі,
Шалқыған Фатиманың жас дәурені.
Жүзіне бір қараса дәті қалмай,
Жібітер қатып қалған тас кеудені.
Қалпың жоқ қарап қалсаң таңданбасқа,
Таңданып,
Тебіреніп,
Толғанбасқа.
Қасына жолап кетсең,
Жолың болып,
Бақыттай көрінеді қонған басқа.
Николай Біріншінің қабылдауы,
Мүмкін бе, ханның бұған бағынбауы.
Онсыз да Ақ патшаға
Жәңгір ханның
Бар еді бір аздаған шағым, дауы.
Патшаның кеудесінде жанып үміт,
Кәделеп,
Қаумалаған кәнігі жұрт.
Осы сәт тұрғандай-ақ,
Фатимамен –
Салтанат сарайының сәні кіріп.
Жанары Фатиманың шам жаққандай,
Жәңгір хан алған дерсің таңдап қандай?
Аққудың көгілдірі,
Аппақ құсты –
Ақ патша отыр қалай аңдап қалмай?!
Кербез бе?
Бәлкім, оны паң дерсің бе?
Тал бойы жарасып тұр жан-көркіне.
Көркі – күн,
Көңілі – күй,
Айналасы –
Әлде бір,
Әуелеген ән дерсің бе?
Ақ шәлі –
Ақша бұлттай басындағы,
Ақ жанат –
Иығына асынғаны.
Ақсұңқар –
Қолға қонған осы болса,
Жәңгір хан –
Қыран сынды қасындағы.
Періште –
Пейіш – нұрдан жаралғандай,
Тамыры –
Туған жерден нәр алғандай.
Толықсып,
Тоқсан түрлі түрге еніп,
Тоты құс –
Таң алдында таранғандай.
Осылай әсер етіп көзге ілгені,
Көміліп кеудесінде сөздің кені...
Қылп етіп, жан-жүрегі
Біріншінің,
Бірақ та,
Бүгін іште сездірмеді.
Әйтсе де тұра алмады төзіп кеуде,
Қаймықпай сұқты көзден – сезіктен де,
Шаһардың
Шат-шадыман
Ақсүйегі –
Даланың кербезіне кезіккенде.
Патша да жаралған ғой сүйек-еттен.
Жүрегін – пәк сезімге тиек еткен.
Ақсұңқар алдында тұр,
Аққу мойнын,
Ақырын,
Әдеп сақтап иеді еппен.
Патшада сол бір сәтте тағат қалмай,
Еріксіз ерке сылқым қол артқандай.
Ақсұңқар бауырына ене берді,
Ақ жүзі баурап алып,
Абат таңдай.
Қараса қалың шашы –
Қара ормандай.
Ақ шуақ –
Ақ жүзінен таралғандай.
Ішіне сол орманның
Бірте-бірте,
Еріксіз еніп кетіп, жоғалғандай.
Патша ғой...
Ете бермес сырын шығын.
Уақыт зырылдатып тұр ұршығын.
Ақсүйек –
Қанша асқақ көрінгенмен,
Бүйрегі бүлк еткендей Біріншінің.
Бір кезде күміс күлкі сыңғыр қағып.
Кеткендей көкірегі күмбір қағып.
Жасырып –
Жұлдыз жүзін,
Ай да ығысып,
Төбеден қарағандай күн де ұрланып.
Ол кезде –
Жәңгір ханның жайы қандай,
Қақ-сұқты,
Қараулықты ойына алмай,
Қарайды қиығымен олар жаққа,
Көркі де,
Көңілі де байығандай.
Әнеки, бара жатыр дөңгеленіп,
Сәт бар ма тәтті күйге тең келерлік.
Қара жер шыр айналар,
Адам түгіл,
Дүние беріп қойса пендеге ерік.
Қосылған қала менен қиырдайын,
Тағдырдың тап келтірген сыйын дайын.
Түсініп бірін-бірі,
Патша-Ханым
Билейді үйіріліп құйындайын.
Патшаға барын салып Фатима да,
Жол тауып алыстауға, жақындауға.
Соншама иілмей де,
Сүйінбей де,
Байлығын байқатады ақылға да.
Елпілдеп,
Ентелемей – құрақ ұшпай,
Сұқтанып,
Сұғын салып – сыр алыспай.
Сезеді жүрегімен,
Желкесінде –
Жәңгір хан тұрғандығын қыран құстай.
Билейді шабыттанып, шалқып – талмай.
Аспанда құс ұшады қалқып қандай?!
Даланың аруының
Жусан иісі –
Патшаның жан-жүрегін балқытқандай.
Әуен де барған сайын толастамай,
Патшадан ханымың да қалыс қалмай.
Көз алды –
Көгілдір тау,
Көгілдір көл...
Көкжиек –
Болашаққа жол ашқандай.
Музыка тынды бір сәт, талып барып,
Бір сезім алаулады жанып барып.
Арудың айтып қалған
Арман-мұңын
Биікке тастағандай алып барып.
Шашырап аң шуақтай – жандағы арай,
Би болды,
Дүйім халық таңғалардай.
Аққуды алақанға салғандайын
Патшаңыз пейіл бұрды ханға қарай.
Сол еді күткені де Фатиманың,
Ханның да басын иіп мақұлдауын,
Бәрін де көзбен көріп,
Жанмен сезіп,
Басылмай бойындағы лапыл-жалын.
Пәк жүрек,
Періштеге ұқсады да,
Ақсұңқар аз-ақ қалып ұшарына...
Кеудесі –
Шоқтай жайнап,
Оттай жанған
Жәңгірдің еніп кетті құшағына.





Пікір жазу