10.06.2022
  98


Автор: Серік Тұрғынбеков

ЖӘҢГІРДІҢ ҚАТЫНДАРЫ

1
Сөз бастайын, ал, тыңда,
Ата-баба салтында.
Алған дейді төрт қатын –
Шариғаттың шартында.
Ақыл-қайрат мол берген,
Ақиқатты жөн көрген.
Біздің Жәңгір ханымыз
Жүрген екен сол жолмен.
Пенде болса жалғанда,
Қарап босқа қалған ба?
Қалыңдықты таңдапты
Қарадан да, ханнан да.
Күйіп-жанып, жалындар,
Құшағына қабылдар.
Ақылына көркі сай
Аз болмаған арулар.
Кім бар жолын шектеген,
Жеке дара кетпеген.
Неше қатын алса да,
Фатимаға жетпеген.
2
Алғаны ең алғашқы Жүзім еді.
Ол да бір өткен дәурен – қызық еді.
Керме қас,
Пісте мұрын,
Қарақат көз,
Тістері маржандайын тізіледі.
Білеміз Мүсіреп би – Құшекенің
Кіші Арғын –
Қараманның ізі екенін,
Бас Сардар –
Әбілхайыр ханымызға,
Атақты Бөкенбайдың қызы екенін.
Он үшке заманында толған дейді,
Көркіне ақылы сай болған дейді.
Бөкенбай жасандырып – жасаулатып,
Жүзімді ұзатыпты қолдан дейді.
Жүзімнің жаны – жайсаң,
Жүзі – жарқын.
Бұзбаған әке жолын, ата салтын.
Жаңылмай,
Жас болса да
Жөнін тауып –
Бағамдап сөйлейді екен алдын-артын.
Келсе де түнде мейлі, таңда мейлі.
Жас ару аузын ашып үндемейді.
Жүзімді үзілдіріп үйінде ұстап,
Жәңгір хан жиі шыққан аңға дейді.
3
Ақыры қолы жетіп Фатимаға,
Бай екен ажарға да, ақылға да.
Өзінше екінші етіп алмақ болып,
Бұл іске кірісіпті батылдана.
Бақытқа ашылмайды бекер есік,
Көңілің өбектесе кетер өсіп...
Жәңгір хан жәрмеңкеде жолығысып,
Алыпты іле-шала некелесіп.
Фатима жасап істің нық-түйінін,
Бірден-ақ қамын ойлап құт-күйінің.
Әкесі – Мұхамеджан Құсайынов,
Қызы екен Орынбордың мүфтиінің.
Көрініп басқалардан дара ғашық,
Екпіні күннен-күнге барады асып.
Білегін бір сыбанып, татар қызы
Билікке кетті бірден араласып.
Молшылық Құдай беріп жатқан нәсіп,
Жәңгірге туа бітті жаққан кәсіп.
Фатима келе сала,
Ханыңыздың
Қасынан қалмай қойды қапталдасып.
Талайлар таңғалып жүр «ғажап!» десіп,
Талайлар алданып жүр азап кешіп.
Кетеді Фатимаңыз
Хан сыртынан –
Көп жайды өзі-ақ пішіп,
Өзі-ақ шешіп.
Артында жыр қалдырып,
Ән қалдырып...
Сұңқардай қия-шыңда самғап жүріп.
Алайда,
Фатиманың сұлулығы
Тәнті етті –
Талайларды таңғалдырып.
Өлеңнің өрнек жатыр айшығында,
Құр босқа ұшырамас бай шығынға.
Фатима әзір солай жүре тұрсын,
Келейік үшінші әйел –
Айсұлуға.
4
Дерек аз
Үшіншіден бізге жеткен.
Құр сөзді қуып қайтем тізбелеткен.
Қызы екен Орта жүздің бір байының,
Соғымы қыста сойған күзге жеткен.
Шын күліп,
Шын қуанып,
Шын еркелеп,
Өтпелі өмір деген бірер күн деп...
Жалт етіп, сөніп қалған от-жалындай,
Айсұлу кетіп қалған тым ертерек.
Кім білген,
Жар қадірін кім білмеген?!
Күн қайда көңіл шоғын күнде үрлеген.
Бұл күнде ізі де жоқ, түзі де жоқ,
Байғұстан бала қалып үлгермеген.
5
Зылиха!
Жәңгір ханның төртіншісі,
Көңілдің көкке өрлеген еркін құсы.
Бағзыдан текті тұқым – түбі қожа,
Ішінде Есауылдың серпіндісі.
Әкесі Қарауылқожа – ел данасы,
Атақты Бабажанның бел баласы.
Жәңгірге қайын жұрт боп,
Бөлек шығып,
Өзгеден асып тұрған мейманасы.
Әзірден байқалып тұр даралығы,
Жәбірлеп жарлы менен жаралыны.
Барады күннен-күнге
Үдеп,
Өсіп
Қан құмар,
Қарауылқожа қаралығы!
Бір-бірлеп,
Билік құрып әр ауылда,
Қалдырды қалың елді талауында.
Елдегі телі-тентек,
Қашқын-пысқын,
Бәрі де –
Қарауылқожа қарауында!
Тонатып мекен-жайды,
Үй -мүлікті.
Өртетіп,
Көп ауылды күйдіріпті.
Ақыры
Хан Жәңгірге қарсы шығып,
Салды әне
Қарауылқожа қиғылықты!
Жолатпай біліктіні, білімдіні,
Құтқармай құлын мүше – тұлымдыны,
Ісіне Жәңгір ханның жауап берген
Бұл-дағы Зылиханың зұлымдығы.
Деген сөз көп ішіне кетті кеулеп,
Қосылып бір-біріне қырсық-нәубет.
Ұрда жық уақытты
Ұрандаған –
Өлеңі Махамбеттің тұр бебеулеп!





Пікір жазу