Поэмалар ✍️
МАХАМБЕТТІҢ АТА-ТЕГІ
1
Аңыз бар ел ішінде баяғыдан,
Басталған Махамбеттің баянынан.
Тараған Құлмәліден қауым елді
Сырт елдің келген дейтін саяғынан.
Шын аты – Құлманияз,
Құлмәлінің,
Тарихтың жылдам өткен жылдарының.
Кісі жоқ көктен түскен, жерден шыққан,
Біледі жалғыз Құдай бір мәлімін.
Арқауы шежіренің бұзылмастан,
Бір ұрпақ бір ұрпақтың ізін басқан.
Қысқасы, Махамбеттің арғы атасы
Парсыдан келген дейтін –
Қызылбастан.
Жазмышын болашақтың жазым-себін
Болжалдап білген дейсің әзірше кім?!.
Болыпты Құлманияз
Жалғыз ұлы
Парсының бір патшасы –
Нәдіршенің.
Қарт Каспий,
Теңіз суы жерінен көп,
Жан-жақтан құйылады керуен көп.
Патшаның жалғыз ұлы кемеменен
Айдынға шығады екен серуендеп.
Қауыммен күтушілер – нөкерімен.
Қара ертпей жалғыз кеме – жеке жүрген.
Ішінде ызы-қиқу,
Қызық-думан,
Қаперсіз уақыттың өтерінен.
Кездейсоқ – қасірет те,
Қуаныш та,
Тап келіп
Төтен соққан бір ағысқа.
Күн бойы айдын кезген жалғыз кеме
Кетіпті көзден таса – тым алысқа.
Сәлден соң
Асау толқын бұратылып,
Бұрқанып –
Бір басылып,
Бір атылып,
Кемені қақпақыл ғып,
Қол добындай –
Ұстайды кейде уыста – тұра тұрып.
Күшейіп қара дауыл бағанадан,
Бір тынбай,
Жан алқымды сағалаған.
Аспаннан ағып түскен
Қара құстай
Су бетін қанатымен сабалаған.
Арпалыс –
Ала шапқын,
Бір ерегес,
Атылған ақ жол толқын – үдере көш.
Кемені бір батырып,
Бір шығарып,
Жеп-жеңіл –
Жаңғақ құрлы көрер емес.
Кей сәтте көз ілеспей екпініне,
Қылыштай жарқ-жұрқ етіп кетті мүлде.
Алдында бір көрешек күн болмаса,
Теңіздің кім шыдайды тепкініне.
Он күн бе,
Одан да көп –
Он бес күн бе?
Оқиға адам айтса сенбес мүлде.
Бір кеме
Жағалауға жығылыпты,
Жалғанда керек болмай енді ешкімге.
Көрген жан бұл сұмдықты түсіне алмай,
Маңына маңайлауға кісі бармай.
Кемені Парсы жақтан
Қарсы жаққа
Шығарған құдіреттің күші қандай?!
Көрген жан сенер емес өз көзіне,
Дауылдың бір сұмдығын сезгені ме?!
Кемені
Дал-дал болған көріп тұрып,
Дал болды қазақтардың өздері де.
Жиылып көрші ауылдар қапталдағы,
Қызығып көрмесіне дәт қалмады.
Үдере –
Үш күн бойы
У-шу болды
Каспийдің қазақ жайлап жатқан жағы.
Өткенді егжей-тегжей сұраған кім,
Тап келген бейнеті ме пірадардың?!
Беріштер бұзып алып жатқан кезде
Денесі табылыпты бір адамның.
Қараса,
Өлген емес,
Ол – тірі адам.
Қалжырап,
Қатып-семіп,
Қалтыраған.
Дембелшең – сала құлаш денесі бар,
Тек емес,
Жас та болса батыр адам.
Тап-таза,
Үлде-бүлде үсті-басы,
Азырақ өсіп кеткен сақал-шашы.
Белінде – күміс кісе белдігі бар,
Қолында – сағаты мен сақинасы.
Шамасы, жасы – жиырма,
Үйленбеген,
Кісіге ұқсамайды күй көрмеген.
Бет-аузын жалын шарпып,
Бырыстырып,
Саусағы шала-шарпы күйген неден?!
Басқаша бір жерін де бүлдірмеген,
Көз көріп,
Құлақ естіп – дым білмеген.
Кірпігін әзер ашып,
Қимылдайды –
Әйтеуір,
Жаны шығып үлгірмеген.
Беріштер бір-бірімен қауымдасқан,
Бір ру –
Баяғыдан бауыр басқан.
Денені сұлық жатқан киізге орап,
Көтеріп бірі – аяқ, бірі – бастан.
Дайындап біреуінің киіз үйін,
Бірігіп кетсе беріш – іске түйін.
Ем жасап,
Екі ай бойы –
Ес кіргізіп,
Түзеді жолаушының халы-күйін.
Түрі бар,
Тұрпаты бар бір көрерлік.
Толысып – қалған дене жүлгеленіп.
Сезініп қамқор елге тап келгенін,
Сөйледі біраздан соң тілге келіп.
Қызылбас – айтты өзінің кім екенін,
Мұсылман,
Мұхаммедтің құлы екенін.
Парсыда атақ-даңқы дүрлеп тұрған,
Патшаның Нәдіршедей ұлы екенін.
Беріштер сөзге – мығым, іске – берік,
Кей кезде берері бар күшке де ерік.
Беріштің бұл ісінен үлгі алса екен
Жүргендер бір қазақты үшке бөліп.
«Олжаны» әкелген соң ауылына,
Болғаны қызығы да, сауығы да.
Беріштің бір кісісі – Жауғаш деген,
Бала ғып басыпты оны бауырына.
Құл емес,
Құлманияз ұл боп өсті.
Дүниеден беті қайтпай дүрлеп өсті.
Көрген жоқ парсы деп те,
Қарсы деп те –
Қазақтың баласымен бірлеп өсті.
Сақтаған ата-баба жол бұзылмай,
Адайдың қосты аруын хор қызындай.
Жауғаш та жаны қалмай бағып-күтті,
Құдайдан сұрап алған жалғызындай.
Осылай өте берді жылдар үдеп,
Беріштің болғанменен ұлдары көп,
Есімін ел ішінде еркелетіп,
Атанды Құлманияз
Құлмәлі боп.
Құлмәлі жігіт болды өте күшті,
Көрсе де қиналмайтын теперішті.
Еткен соң Алла нәсіп
Дүниеге
Келтірді Шыбынтай мен Өтемісті.
Ақыры Өтемістен он ұл тарап,
Он ұлы атқа мінді жауға жарап.
Аттанып қанды айқасқа кете барды –
Мойнына асынды да қару-жарақ.
Атты әскер бермеген соң билеп тыным
Жеткен соң зеңбірегін сүйреп мығым.
Қорғады алдыменен туған жерді –
Тайсойған,
Қызылқоға,
Бүйрек құмын.
Бірі жоқ омырайып үйде қалған,
Тентек те болған емес шүйде жарған.
Айшуақ хандық құрған
Сол бір тұста –
Өтеміс біразырақ би де болған.
Бәрі де –
Бөрі дерсің даладағы,
Құлдықты құртып тынып санадағы.
Би түгіл,
Ханыңа да қарайламай,
Елдіктің еркіндігі – қалағаны!
Махамбет –
Бәрінен де дара туған.
Жан еді ол
От-жалыннан жаратылған.
Халықтың қасіретін жанмен ұғып,
Қастандық атаулыға ара тұрған!
2
Арғымақ тектес Махамбет,
Арғы атасы – Беріш-ті,
Бәрінің басын қосқанда
Бір дүрлігер жер үсті,
Қыздары да – қылықты,
Жігіттері – келісті,
Бұдан артық таппассың
Ел ішінен кенішті.
Жорықтарда,
Майданда
Жеңілуді білмеген,
Мақсат тұтқан жеңісті.
Жүрген жері беріштің
Жетпегенді жеткізіп,
Өтпегенді өткізіп,
Толтырады кемісті.
Төр қылады тауларды,
Өр қылады еңісті.
Бұралаңды дұрыстап,
Түзетеді терісті.
Сипатына қарасаң –
Нағыз сұңқар ең ұшқыр.
Тұрпатына қарасаң –
Нағыз тұлпар желісті!