Поэмалар ✍️
МАХАМБЕТ ЖӘНЕ ЖӘҢГІР ХАН
1
Армысың,
Асыл
Алдаспан!
Арнадым саған
Ал, дастан!..
Ғұмырың сенің ғадауат
Ғасырдан ғасыр жалғасқан.
Әлі де бар-ау жауларың,
Әлі де көп-ау дауларың,
Алыста жүріп аңдасқан.
Жаныңда жүріп жандасқан.
Кейбіреу іштен шалады,
Кінәрат жерді дәл басқан.
Қазақта қанша ұл туса да,
Опынып әлі келеміз –
Орының тіпті толмастан.
Кимылы қабыл ер қайда,
Қиналған жерде қолдасқан?!
Отқа бір түсіп,
Атойлап,
Отанын,
Елін қорғасқан?!
Жаулардың қолы қынулы,
Жұмырығы жұмулы –
Жағаға әлі жармасқан.
Тұлпар жоқ тегі өзіңдей,
Төрт аяғын тең басқан.
Патша да,
Хан да
Жоқ әлі –
Арыны күшті арбасқан.
Шіренеді шенеунік,
Кіреуке –
Көзін шел басқан.
Бұл күнде түйір пайда жоқ
Ағайын,
Достан,
Жолдастан.
Соларға куә қашаннан –
Орманым мынау шуласқан,
Тауларым анау қар басқан.
Тағы бір батыр туар ма,
Елім үшін егескен,
Халқым үшін қандасқан?!
Құбыладан соққан
Көк дауыл,
Көгілдір Туды желпиді,
Көңілім таза –
Таңғы аспан!
Махамбетті
Мандыта алман
Мадақтап.
Маған оны
Мүмкін емес
Мүсіндеу.
Анда-санда
Ойларымды сабақтап,
Бар қолымнан келгені –
Сөздің құнын түсірмеу.
Кейде тіпті
Батырмен де шендесіп,
Кейде тіпті
Ақынмен де шендесіп,
Иықтасып, белдесіп,
Тиіп-қашып, селбесіп,
Себін тауып,
Әйтеуір,
Алпауыттың алдында –
Аласармау,
Кішірмеу!
Махамбетті
Түсіре алман
Тұлғалап.
Түрін,
Түсін,
Табиғатын – болмысын.
Жүрегінің жігерін,
Құдіретті қол күшін.
Ақылы мен айласын,
Садағы мен найзасын.
Арын және намысын.
Арғымағын арынды,
Жан құмарын – дарынды,
Қос білегін қарымды,
Дос жүрегін жалынды,
Бәрін,
Бәрін сипаттап,
Айтып беру
Ақын үшін – сын нағыз.
Ал, әйтсе де,
Ақын болып,
Ақ қағазға жол салған соң,
Батыр болып,
Қорамсаққа қол салған соң,
Қайту қиын райдан,
Медет сұрап Құдайдан,
Болашаққа аттанып,
Сеңгір көкті бетке алып,
Міндетімді атқарып,
Тартып кеттім –
Нар тәуекел!
... Мені де бір тыңдаңыз.