10.06.2022
  97


Автор: Серік Тұрғынбеков

МӘҢГІЛІКТІҢ АЙ-КҮНІ

Алты Алашқа азық болған ақылы,
Алтын басын пенделерге имеген.
Бұл Мұхтар ма?!.
Баяғының батыры –
Суға батпай,
Отқа салса күймеген.
Әр сөзінде әділет бар,
Шындық бар,
Елдің мұңы жас кеудені қарыған.
Білген жанға бұл Мұхтар ма?!.
Бұл Мұхтар –
Ұлттың ұлы уызына жарыған.
Кемеңгерге кең дүние тар болып,
Арман қуған алтын шуақ-араймен.
Ана тілі таңдайына нәр болып,
Алдыменен ауызданған Абаймен.
Кесіп өтіп,
Кедергіні жолыққан,
Тағдырының тауын, тасын, адырын.
Алдыменен
Елден бұрын ол ұққан
Ахаңдардың, Жахаңдардың қадірін.
Жан жүрегің жанып тұрған от болса,
Артқан жүкті орта жолда қалдырма!
Аты Мұхтар,
Заты құптар жоқ болса,
Ауыр іс қой аруақтың алдында.
Мұның жөнін кім бар дейсің байқаған,
Білмесе егер жалғыз құдай құдірет.
Мұхтар болу мүмкін емес,
Қайтадан
Өз анаңнан тусаң-дағы мың рет!
Бұл сөзімді түсінген жан ойласар,
Білсін өзі
Құптамай ма, құптар ма?
Депті Ғабең:
– «Аттың ізін тай басар»
Деген мақал жүрмейді, – деп, – Мұхтарға.
Қайран Мұхаң!
Ай мүйізді арқарым,
Кең Далада туып...
Биік Тауда өлген...
Қайғың сенің – аязындай Арқаның,
Қуанышың – тау бұлағы сау желген.
Айтарым сол:
Үлкенге де, кішіге,
Бұл тірлікте ғұмыр сүрсең тырбанып...
Мұхтар атын иемденген кісіге
Абыройын жүру керек бірге алып.
Басқалардан бөлек сенің үлесің,
Бәрібір ғой кім болса да иесі.
Ұғынғанға –
Мұхтар деген ұлы есім,
Ұлы есімнің бар болады киесі?
Мұхтар болып сүю керек қазақты,
Жан жолатпай – жау жолатпай іргеңе.
Мұхтар болып тарту керек азапты,
Мұхтар болып түсу керек түрмеге.
Сондай болар сіңген адам елге ісі,
Келер ұрпақ міндетім деп біл мұны.
Мұхтар деген – бақ-беделдің белгісі,
Мұхтар деген – мықтылықтың символы!
Көкжиегі – таусылмайтын дала-бел,
Өзге емес,
Сөзде ғана байлығы.
Мұхтар деген – қайыспайтын қара Жер,
Мұхтар деген – мәңгіліктің Ай-Күні!
Төзген талай
Аза-мұңға, күйікке,
(Бостан-босқа сілкінбейді тау өзі).
...Мұхтарлар көп,
Шыққандар көп биікке,
Бірақ бірі болған емес Әуезов!





Пікір жазу