ІЛИЯС
Өлең-жыры жалын оттай лаулаған,
Сөз дегенде ағын судай саулаған.
Әттең, әттең Ілиястың тағдыры
Өзі жазған Құлагерден аумаған.
Ел-жұртым деп өртенгенде өзегі,
Зар-мұңына жаның қалай төзеді!
Суландырған бүкіл қазақ даласын
Жетісудың сегізінші өзені.
Қосақ ара тон ішінде бір кетпей,
Мінезімен бұра тартқан бір беткей.
Өле-өлгенше тұла бойда ұстады
Өлең-жырдың көк жейдесін кірлетпей.
Бар болған соң Бейімбеті, Сәкені,
Сезілмеген қорқынышы – қатері.
Бір-ақ күнде құлайды деп кім білген
Өлең-жырдың үш бөлмелі пәтері.
Ақындарды көрген соң ба, кейін көп,
Осы жұртта жыр сыйлайтын пейіл жоқ.
«Құлагерін» оқығанда Ілияс,
«Мен өлеңді қойдым!» – депті Бейімбет.
Біткенінше бойындағы әл-қуат,
Жолда қалып барлық тұлпар, барлық ат.
Өлең-жырдың үзіп кетіп кермесін,
Ағып бір-ақ өте шыққан Арғымақ!